«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Әңгімелер топтамасы

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Ақ қыз


Сиқырлы сағат

Күздің бір күні Әлима өз бөлмесіндегі ескі сандықты ақтарып отырды. Сандық ішінде иісі ескірген, бірақ ерекше күміс сағат жатты. Сағаттың сыртына майда әріптермен «Уақыт – ерліктің куәсі» деп жазылыпты. Бұл сағат атасы Жолдасбайдың соғыстан алып келген жалғыз естелігі еді. Атасы осыдан екі ай бұрын дүние салған. Кетерінде қолындағы сағатты шешіп, Әлимаға ұстатқан болатын.

– Бұл жай сағат емес, құлыным, – деген еді сол кезде. – Бұл – менің өмірімнің куәсі. Ертең бір күні өзің түсінесің.

Әлима сол сөздің мәнін ұқпайтын. Бірақ бүгін сағатты қолына алған сәтте ерекше бір діріл сезінді. Сағаттың тілі өздігінен айнала бастады.

– Тұра тұр, не болып жатыр өзі? – деді ол шошып.

Кенет айналаның бәрі бұлыңғырланып, жел гуілдеп, жарық жарқ етті. Көзін ашқанда Әлима басқа жерде тұрғанын аңғарды. Алдында оқ-дәрі иісі аңқыған соғыс алаңы. Жан-жақта сарбаздар айқайлап, қашып, біреулер жараланып жатыр.

Әлима қорқып кетті. Бірақ сол сәтте алыстан таныс жүзді көрді – атасы! Бірақ ол мұндағыдай қарт емес, жас жігіт, батырдың бейнесіндей. Қолында қару, қасында жолдастары.

– Алға, жігіттер! – деді атасы. – Біз Отан үшін, болашақ үшін күресіп жатырмыз!

Әлима дауысы шықпай, артынан ерді. Ол ешкімге көрінбейтіндей еді. Көз алдында атасы жаралы жауынгерді арқалап, жау оғынан аман алып шықты. Кейін шөлдеп отырған жолдастарына өз суын берді. «Менің атам… осындай болған екен ғой», – деді ол көзінен жас шығып. Сол кезде сағаттағы тілі қайта айнала бастады. Әлима жарық сәуленің ішінде қалды да, әп-сәтте өз бөлмесінде оянды. Терезеден күн сәулесі түскен, бәрі баяғыдай. Тек қолындағы сағат қана жылтырап тұр. Ол енді түсінді: бұл жай естелік емес, батырлықтың, адалдықтың және адамдықтың нышаны екен. Атасының “түсінесің” деген сөзі енді жүрегіне жетті.

Сол күннен кейін Әлима күн сайын сағатқа қарап:

– Мен де атам сияқты батыл болам, – деп өзіне уәде етті. Сағат үнсіз ғана тық-тық етіп тұрды. Бірақ әр соққан дыбысы “Уақытыңды бағала. Ерлік пен жақсылық ешқашан ұмытылмайды” деп тұрғандай еді.


Уақыттың аманаты

Сол күннен бастап Әлима атасының сағатына басқаша қарайтын болды. Кейде сағат тілі өздігінен сәл жылжып кететін, кейде бір сәтке тоқтап қалатын. Бір күні түн ортасында сағаттан баяу сыңғыр естілді. Әлима орнынан атып тұрды. Сағаттың ішінде әлдебір бейне елестегендей болды — жас сарбаздың жүзі. Сол сәтте жарық тағы да айналаны орап алды. Желдің ызыңы, оқтың үні, айқай – бәрі қайтадан. Әлима тағы да соғыс даласына түсті. Бірақ бұл жолы ол атасын емес, атасының жанында жатқан жас сарбазды көрді. Жараланып, қансырап жатыр. Қолында сол күміс сағат.

– Жолдасбай... – деді әлсіз үнмен. – Мына сағат... Уақытым болса, өзім алып кетер едім... Бірақ менің уақытым бітті, бауырым...

– Жоқ, сөйлеме! – деді жас Жолдасбай, көзінен жас парлап.

– Тыңда... сен тірі қал... осы сағатты өзің сақта... бір күні ұрпағың бұл сағаттың шын сырын түсінеді... сол кезде біз ұмыт болмаймыз...

Сарбаз қолындағы сағатты Жолдасбайға ұстатты да, көзі жұмылды. Сағаттың тілі сол сәтте тоқтап қалды.

Әлима бұл көріністі көріп тұрып, жүрегі қысылып кетті. «Міне, осы сәт... Осы жерде сағат өз тарихын бастаған екен!»  деп ойлады ол. Кенет ол байқамай, қолын жаралы сарбаздың үстіне қойды. Сағат жарқ етіп, Әлиманың білегіне түсті. «Уақыт сені шақырып тұр» деді бір дауыс ішінен. Әлима айналаға қарады. Енді ол оқ астындағы бір бекіністе еді. Атасы мен сарбаздар жауға қарсы шабуылға дайындалып жатыр. Қорқыныш, үміт, от – бәрі араласқан сәт. «Тарихтың хатын ұмытпа, қызым» деген атасының дауысы жаңғырып өтті. Әлима қолындағы сағатқа қарады – тілі қозғалды. Ол түсінді: сағат енді оны жай бақылаушы емес, тарихтың куәгері әрі аманат сақтаушысына айналдырды. Осы сәтте ол атасының соңғы ерлігін өз көзімен көрді. Қоршауда қалған достарын құтқару үшін атасы өз өмірін тәуекелге тікті.

– Мен сағатты жоғалтсам да, уақытымды жоғалтпаймын! – деді жас Жолдасбай, соңғы рет окопқа қарап.

Жарылыс... От... Айқай... Бәрі түнекке сіңіп кетті.

Сол кезде сағат тағы да жарқ етті, Әлима қайта бөлмесінде көзін ашты. Терезеден ай сәулесі түсіп тұр. Қолындағы сағат баяу тықылдап, жүріп тұр. Бірақ енді оның ішінде кішкентай бейне пайда болыпты – атасы мен сол досы, иықтарын түйістіріп күлімдеп тұр.

– Демек, бұл сағат тек уақыттың емес, достық пен ерліктің аманаты екен ғой, – деді Әлима күлімсіреп.

Сол түні ол сағатты жүрегінің тұсына қойып ұйықтады. Сағат тықылдай соғып тұрды, бірақ енді әр соққан үні «Уақытыңды бағала. Ерлік ұмытылмайды. Достық мәңгі» деп тұрғандай еді.


Оралған уақыт

Түн. Сағат тағы да өз тылсым үнін шығарды. Терезе алдындағы ай сәулесі сағаттың әйнегіне түсіп, айналаны жұмбақ жарыққа бөлеп тұрды. Әлима сағатқа қарап отыр еді, кенет тілі өздігінен айнала бастады.

– Тағы да... – деді ол сыбырлап.

Жарық жалт етті. Тағы да таныс иіс – түтін, бірақ бұл жолы оқтың иісі емес, жусан мен топырақтың, туған жердің иісі еді. Әлима көзін ашса, айналасында халық толы. Ауылдың іргесіне қарай бір топ жауынгер келе жатыр. Күн жылы, адамдар шат. Бір-біріне құшақ жайып, «Жеңіс! Жеңіс!» деп айқайлап тұр. Алдыңғы қатарда – жас сарбаз, иығында шинелі, мойнында ескі сағат. Бұл – атасы. Жүзінде шаршау бар, бірақ көзі нұрлы, жүрегі тыныштық тапқандай.

Әлима өз көзіне сенер емес. Ол атасына жақындай алмай тұр, бірақ бәрін анық көреді. Атасының артында бір әйел жүгіріп келе жатты – жас әжесі, қолында гүл шоғымен.

– Жолдасбай! – деп дауыстады әйел, көзінен жас ыршып.

Атасы тоқтап, күлімсіреп бұрылды. – Мен келдім, Зияда...

Сол сәтте олар құшақтасты. Халықтың шуылы, балалардың күлкісі, қоңыраулы арбаның дыбысы – бәрі бір әуенге айналғандай.

Әлима сол көрініске қарап тұрып, жүрегі елжіреп кетті.

– Міне, атамның соғыс емес, бейбіт өмірге оралған сәті... осы сағат сол ерліктің куәсі екен ғой, – деді сыбырлап.

Кенет атасы сағатына қарады. Сағаттың тілі тоқтап тұр екен.

– Енді тоқтасын... соғыс бітті, – деді ол жай ғана.

Осы сөзден кейін Әлима тұрған жерінде дір етті. Сағат жарқ етіп, тағы да өз бөлмесіне қайтарды. Бірақ бұл жолы бөлме бұрынғысындай емес еді: үстел үстінде атасының фотосы мен сол сағат жатыр.

Сағаттың тілі баяу қозғалып, жаңа уақыт санауын бастады. Әлима сағатқа қарап жымиып қойды.

– Ата, мен енді түсіндім, – деді ол. – Сағат сенің ерлігіңді ғана емес, біздің ұрпақтың бейбіт таңын сақтап тұр екен.

Сол сәтте терезенің ар жағынан таңның шапағы көрінді. Сағат тықылдап, бір жаңа күннің басталғанын хабарлап тұрды.


Қырау басқан алаң

Қыс. Терезе сыртында жел уілдеп, аяз бен түнгі тыныштық қабаттасып тұрған. Әлима үстел үстіндегі сағатты қайта қолына алды. Ол сағатқа әр қараған сайын жүрегі әлденені күткендей дүрсілдейді.

– Енді қайда апарасың мені, сиқырлы сағат? – деді ол сыбырлап. Сол сәтте сағаттағы тілдер айналып, бөлмені жарық нұр шарпып өтті. Көзін ашқанда ол 1986 жылдың желтоқсанында Алматының қақ ортасында тұрғанын көрді.

Аспанды сұр бұлт торлаған, жер мұз бен қар. Бірақ ауада ерекше бір рух, жүректерді қозғайтын леп бар еді. Жастар алаңға ағылып жатыр, қолдарында плакаттар, беттерінде мұз қатқан, бірақ көздері оттай жанады.

– Әр қазақтың намысы – Тәуелсіздік!

– Біз бодан болғымыз келмейді!

Жастардың үні көкке жетіп жатты. Солардың ортасында бір топ студент тұр: Бірі – Қайрат Рысқұлбеков, бірі – Ләззат Асанова, бірі – Сәбира, бірі – Ербол... Бәрінің жүзінен жалын көрінеді.

Әлима қорқып та, таңырқап та тұр. Бұл – тарихтың тірі сәті еді. Ол ешкімге көрінбесе де, бәрін анық естіп, сезіп тұр.

Сол сәтте Қайрат биік мінбеге шығып, дауысы дірілдеп, бірақ айқын үнмен сөйледі:

– Біз ел боламыз! Біз өз тілімізді, жерімізді қорғап шыққан аталарымыздың ұрпағымыз! Бізді ешкім қорқыта алмайды!

Оның осы сөзі Әлиманың жүрегін қарып өткендей болды. Кенет алаңды әскери көліктер қоршап, су шашқан машиналар қозғалды. Суық су жастардың бетіне тиді, бірақ ешкім шегінбеді. Әлима көз жасын тыя алмады. Қайраттың алаңда қалай ұсталғанын, Ләззаттың қалың топта жоғалып кеткенін көрді.

– Жоқ, тоқтаңдар! – деп айқайлағысы келді, бірақ үні шықпады.

Сол сәтте сағаттағы тіл тағы айналды. Жарық. Тыныштық. Әлима өз бөлмесінде қайта отыр. Бірақ бұл жолы оның жүрегінде бұрынғыдан да терең сезім бар еді – еркіндіктің бағасы мен батырлықтың жалғастығы.

Ол сағатқа қарап, сыбырлады:

– Аталар соғыста елді қорғады. Ал мына жастар – рухты қорғады...

Мен енді бұл сағаттың не үшін маған берілгенін білем.

Сағат үнсіз ғана тықылдап тұрды. 

Әр соққан дыбыс – еркіндік үшін соққан жүректердің үні сияқты естілді.


Таң нұры – Тәуелсіздік

Әлима сол түннен кейін бірнеше күн бойы өзіне келе алмай жүрді. Көз алдында әлі де алаңдағы жастардың бейнесі, олардың оттай жанған көздері кетпейді. Ол сағатты алақанына алып, үнсіз отырып қалды.

– Мен енді бәрін түсіндім, – деді ол сыбырлап. – Бұл сағат тек атама емес, менің ұрпағыма аманат екен...

Сағаттың тілі тағы да қозғала бастады. Әлима көзін жұмды – жарық қайта шарпыды. Ашқанда... айнала мүлде басқа!

Қала үстін ерекше шу мен қуаныш кернеген. Көшеде адамдар мәз-мейрам, бір-бірін құттықтап жатыр. Радиодан диктордың қуанышты даусы естілді:

– Қазақ елі өз Тәуелсіздігін жариялады!

Әлима демін ішіне тартты. Көзінен жас шықты. Бұл сәтті көру – мың бақыт!

Кенет ол халық арасында таныс жүздерді көрді. Иә, ол жаңылысқан жоқ – алдында атасы Жолдасбай тұр! Бірақ бұл жолы қартайған, таяқ ұстаған, жүзінде жарық бар. Оның қасында әкесі мен анасы, артында басқа туыстары, бәрі шат-шадыман.

– Ата! – деді Әлима, даусы шықпай, бірақ жүрегі атша тулап.

Атасы аспанға қарап, көзінен жас сығып тұр.

– Міне, менің соғыстағы арманым орындалды. Біз бейбіт ел болдық. Осы сәтті көрсем деп едім...

Сол кезде ол қолындағы күміс сағатқа қарады. Сағат баяу соғып тұр.

– Енді тоқтама, – деді атасы, – бұл уақыт енді бізге тиесілі, ұрпағымның уақыты!

Әлима сол сөзді естіген сәтте өз денесін ерекше жылу шарпыды. Қасында тұрған әкесі мен анасы да қуаныштан бір-бірін құшақтап, көз жастарын тыя алмай тұрды. Халық ән айтып, балалар «Тәуелсіздік!» деп айқайлап жатыр.

Аспандағы күн де ерекше жарқырап, жаңа дәуірдің жарығын төгіп тұрғандай еді.

Сағаттағы тілі тағы бір айналды. Әлима көзін ашқанда өз бөлмесінде, үстел басында отыр. Терезеден таңғы күн сәулесі түсіп тұр. Бірақ ол енді жай күн емес, еркіндіктің таңы еді. Әлима дәптерін ашып, жазуға кірісті:

Бұл сағат – менің атамнан басталған ерлік пен арманның жалғасы.

Мен енді білемін: уақытым босқа кетпеуі тиіс.

Әр ұрпақ өз елін қорғауы керек: бірі-қарумен, бірі-жүрегімен, бірі-білімімен...”

Сағат баяу тықылдап тұрды. Тық... тық... Әр соққан сәті уақыттың емес, ұлттың жүрек соғысы сияқты естілді. Сол күннен бастап Әлима сағатты мойнына тағып жүретін болды. Өйткені ол сағат – бір әулеттің ғана емес, бір ұлттың тарихының куәсі еді.


Уақыттың аманаты

Күн сәулесі мектептің терезесінен сығалап тұр. Дәлізде у-шу, балалардың күлкісі. Бүгін ерекше күн – “Тәуелсіздікке тағзым” атты көрме өтпек. Мұражай бұрышында ескі суреттер, сарғайған хаттар, соғыс жылдарындағы дулығалар, батырлардың фотолары қойылған. Әлима қолында кішкентай қорап ұстап, баяу кірді. Мектеп директоры мен мұғалімдері көрмені ашуға дайындалып жатыр екен.

– Балалар, бүгін әрқайсың өз отбасыларыңның тарихынан бір естелік әкелдіңдер. Ал енді Әлима, сен не алып келдің? – деді ұстазы. Әлима терең тыныс алды да, қораптың бетін ашты. Ішінде – күміс сағат. Бүкіл зал тып-тыныш болып қалды.

– Бұл... Менің атамның соғыстан әкелген сағаты, – деді ол баяу. – Бірақ ол жай зат емес. Бұл – біздің елдің уақыты. Соғыс кезінен, Желтоқсаннан, Тәуелсіздік таңынан сыр шерткен... Уақыттың аманаты.

Балалар таңырқай қарады.

– Мен осы сағат арқылы өткеннің куәсі болдым. Атамның ерлігін, жастардың намысын, елдің азаттығын көрдім. Енді бұл сағатты сіздерге көрсеткім келді. Өйткені әрқайсымыздың жүрегімізде осындай “сағат” бар. Ол – ар, еңбек, мейірім, елге деген сүйіспеншілік.

Мұғалімдер мен оқушылар үнсіз тыңдап тұрды. Көпшіліктің көзіне жас үйірілді.

Директор орнынан тұрып:

– Әлима, сен бізге өткен мен болашақтың арасындағы көпірді көрсетіп бердің. Бұл – ұрпаққа үлкен сабақ, – деді толқып.

Көрме соңында сағат арнайы әйнек қорапқа қойылды. Қасында жазу тұрды:

– «Уақыт – елдің жүрегі. Оны тыңдай біл».

Кешке қарай бәрі тараған соң, Әлима жалғыз қалып, әйнектің ар жағындағы сағатқа ұзақ қарап тұрды. Сағат баяу тықылдап, жарық шашып тұрды. Сол сәтте сағаттың әйнегінде әлсіз сәуле жанып, майда жазу пайда болды:

«Өткенді көрдің...

Енді болашаққа дайынсың».

Әлима жымиып қойды.

– Болашақ па?.. Иә, мен енді өткеннің батырларын ғана емес, болашақтың да қаһармандарын көруге дайынмын, – деді.

Сағат тағы бір мәрте жарқ етіп, тыныштық орнады. Тек оның баяу соққан үні естіліп тұрды – тық... тық... тық...

Бұл енді уақыттың емес, ұрпақтың жүрек соғысы еді...