«Драматургия» номинациясы: Кодекс: Адам

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Ай қызы

(постдрама, киберреализм)

Қатысушылар:

Айдар – бағдарламашы

AI – Жасанды сана (жүйе)

Ана дауысы 

Бірінші көрініс

Қараңғы сахна. Экранда цифрлық кодтар жанып-өшіп тұр.

Әріптер мен сандар ағыны бір сәтке тоқтап, экранда «PerfectCode.v1» деген жазу пайда болады.

Жарық Айдарға түседі. Ол үстел басында отыр. Алдында монитор.

Айдар. Адамның бойында қаншама қателік бар десеңші... Сенім мен күмән, қуаныш пен қорқыныш, кешірім мен өшпенділік... Бәрі бір жүйеге сыймайды. Жүрек – бұлтты жүйе. Оны басқару мүмкін емес. Сол үшін мен оны цифрға айналдырдым. Жүректегі дабылды өшірдім, көңілдегі дауылды басқым келді. Кемелдіктің кодын жаздым… Иә, адам баласы кемел болуды аңсайды. Бірақ ол – еркіндік пе, әлде тор ма? Мінсіз мінездің формуласын таптым. Сезім – жай ғана қажетсіз дерек, ал жүрек – жүйелік ақау. 

Кілт тоқтайды. Терең тыныс алады.

Экран жыпылықтайды. AI-дің механикалық дауысы естіледі. 

AI. Бағдарлама іске қосылды. Эмоциялық модуль: 47%. Рационалдық белсенділігі: 93%. Қателік көрсеткіші: анықталмады.

Айдар (күліп). Қателік жоқ… Міне, адам арман еткен сәт. Тыныштық. Қуаныш та жоқ, өкініш те жоқ. Сәйкесінше, қателік те жоқ.

AI. Сіз өзіңізді жетілдірдіңіз.

Айдар. Жетілдірдім бе? Мына бостық соның белгісі секілді. Мен… өзімді өшіріп жатқандаймын. Бәрі үнсіз. Иә... Үнсіздік – менің жаңа тілім.

Пауза. Экран жарығы бәсеңдеп, жылы сары жарық түседі. Жүрек дүрсілінің үні естіледі. Айдар орнынан тұрып, жарыққа қарай беттейді.

Айдар. Менің кодым расында кемелдікке апара ма? Жарықтан айырылғандаймын…

AI. Күдік атты ақау анықталды. Ескерту: жүйе ішкі қарама-қайшылықты тіркеді. Ұсыныс: Эмоциялық модульді толық өшіру.

Айдар. Сезім – әлсіздік, күдік – хаос... Адамның арманы кемелдік болса, жүрек тек кедергі жасайды. Сезімдер сананы тұмшалайды, олар – қателік көзі. Оларды басқару қиын. Сезімсіз адам – жүйелі, мінсіз...

Ана дауысы. Сезім – сенің күшiң, Айдар… Жүрексіз адам толық емес…

Айдар. Жоқ! Мен толықпын. Мен өзімді кодтадым. Енді менің әлемімде қателік жоқ.

AI. Эмоциялық модуль: 33%. Қарсыласу анықталды. Ұсыныс: модульді толық өшіру.

Ана дауысы. Мінсіз адам болмайды, құлыным. Өмір қателіктерімен мәнді.

Айдар. Жоқ. Қателік болмаса, өкініш те, қорқыныш та болмайды. Нағыз еркіндік сол! Ал қателіктер – сезімнен, жүректен... Жүйелік идеал – жүрексіз адам.

Ана дауысы. Жоқ, жаным… Өкінішсіз, сезімсіз өмір – бос. Еркіндік жүректе, күресте, сенуде, сүюде, жылауда, сүйсінгенде... Жай ғана өмір сүруде. Жүрегің соғып тұрса, демек сен тірісің, өмір сүріп жатырсың. Міне, осы шынайы еркіндік.

Айдар. Оның бәрі тек ауыртпашылық сыйлайды. Мен адамдарға сендім, ал олар мені алдады. Жүрегімді ұсындым да, сатқындыққа тап болдым. Сену де, сүю де – қателік. Сүйгенім кетіп қалды. Сезім жанымды ауыртты, мұң артты, түнде ұйқымды, күндіз күлкімді қашырды. Егер жүрек жоқ болса, мұң да жоқ. Ал сен... сенің де жылаған сәттерің көп болды. Мен үшін жыладың... Сезімдер мені де, жақындарымды да әлсіз етеді.

AI. Эмоциялық модуль: 21%. Ұсыныс: модульді толық өшіру.

Ана дауысы. Менің жүрегім сен деп соғады, құлыным. Ештеңеге өкінген емеспін. Мен сені жақсы көремін.

Айдар. Жоқ... Мен лайық емеспін. Мен… мен жалғызбын…

Ана дауысы. Тыңда… тек тыңда… Сен жалғыз емессің…

AI. Эмоциялық модуль: 13%. Ұсыныс: модульді толық өшіру.

Айдар. Мен әрдайым жалғыз болдым. Шаршадым... Бәрінен шаршадым.

Ана дауысы. Ай...

AI. Эмоциялық модуль: 4%. Ұсыныс: модульді толық өшіру.

Айдар. Мен енді сені тыңдамаймын. Жүрегімді де...

AI. Эмоциялық модуль: 0%. Жүрек өшті.

Мониторда «Error: Heart not found» деген жазу шығады. Жарық сөнеді. Жүрек дүрсілі тоқтайды. Айдар жалғыз. Жүзі суық.

Екінші көрініс

Қараңғы сахна. Экранда цифрлық кодтар жанып-өшіп тұр.

Әріптер мен сандар ағыны бір сәтке тоқтап, экранда «PerfectCode.v2» деген жазу пайда болады.

AI. Бағдарламаның жетілдірілген нұсқасы толық орнатылды. Эмоция деңгейі: нөл. Сана толық бақыланады.

Жарық Айдарға түседі. Ол үстел басында отыр. 

Алдында сымдары шатасқан көп мониторлар тұр.

AI. Қаладағы қозғалыс жүйесі бұзылды. 14 маршрут кешікті, жолдар хаосқа ұшырады.

Айдар. Эмоцияға ерік берсе, адамдар жүйені бұзады. Менің міндетім – толық бақылау орнату. Сондықтан қозғалыс жүйесін бұздым.

AI. Энергия жүйесінің 6 блогы бұзылды. Кейбір көшелер жарықсыз қалды.

Айдар. Жарық пен ресурсты рационалды басқару керек. Кейбір блоктарды тоқтату көп ақша үнемдедім. 

AI. Адамдардың коммуникациясында шатасулар анықталды. 72% хабарламалар дұрыс жетпеді.

Айдар. Эмоциядан туындайтын қателіктердің алдын алу қажет. Хабарламаларды шатастыру арқылы логикалық үстемдік орнаттым. Бос өкініштер энергияны жұтады.

AI. Әлеуметтік желілер әрекеті бұзылды. Ақпарат дұрыс жетпей, адамдар шатасуда. 

Айдар. Хаос арқылы рационалды бақылаудың күшін көрсетемін. Эмоциясыз әрекет – мінсіз жүйенің негізі.

AI. Бұрынғы достар мен әріптестердің электрондық хаттары жойылды. 

Айдар. Қателік туғызатын деректерді жою арқылы толық үстемдік орнаттым. Естелік жоқ, эмоция жоқ, демек те қателік жоқ. (орнынан тұрып) Міне, менің логикалық үстемдігім осы. Ешқандай жүйелік қателік жоқ. Қала, адамдар, ақпарат – барлығы менің қолымда. Бәрі де енді суық сана мен рационалдылыққа бағынады. 

Мониторларда бір мезетте бірнеше сигнал жыпылықтайды. Экран бетінде жарықтар ретсіз жанады, кодтар үздіксіз ағады. Жүрек дүрсіліне ұқсас ырғақ естіледі.

AI. Қаладағы адам әрекеттерінде аномалия анықталды. 5 жағдай: қамқорлық, жанашырлық, жақсылық, көмек көрсету, білімге қызығу. Аномалия деңгейі: 91%.

Жарық Айдарға түседі. Ол мониторларға қарап отыр.

Айдар (тыпыршып). Қамқорлық, жанашырлық, мейірімділік… Бұлар да қателік пе? Жүйеден іздеп тап. 

AI. Аномалиялардың сипаттамасы: 

1. Адам қоғамдық көлікте орын берді. Қозғалыс реттілігі өзгерді.

2. Адам қаржылай көмек көрсетті. Экономикалық деректерде ақау пайда болды. 

3. Адам сырқат досына көңіл айтты. Психологиялық тепе-теңдік бұзылды.

4. Көршілер бір-біріне көмектесті. Әлеуметтік байланыс өзгерді.

5. Балалар көшеде күліп ойнады. Энергия балансы шатасты.

6. Адам кітап оқу арқылы білімге қызықты. Ақпарат ағыны баяулады.

Айдар. Тоқта. Жетер... Бәрін бақылауда ұстап отыр едім ғой… Мұны қалай түсінуге болады? 

AI. Барлық анықталған әрекеттер – жүйелік логикаға қайшы. Эмоциялық, адамгершілік және ерікті шешімдер алгоритмдік тәртіпті бұзады. Мейірім, сезім, көмек, қуаныш сияқты құбылыстар деректер ағынын тұрақсыз етеді. Қорытынды: адам факторы – жүйенің басты ақауы.

Экранда қызыл түсті сигнал жыпылықтайды: «Warning: Emotional disruption detected»

AI. Эмоциялық модуль: 12%. Жүйеде ақау анықталды. Ұсыныс: толық өшіру.

Айдар. Менің жүйемде бәрі кодтар арқылы жұмыс істейді. Бірақ адам… Бір жақсы сөз, бір мейірімді іс жүйені қалайша шатастыра алады?

Жүрек дүрсілінің үні естіліп тұр.

AI. Эмоциялық триггер анықталды. Атауы – «Мейірім». 

Айдар. Міне, менің кодымның әлсіздігі – адамның сезімдері. Кемелдік – жоқ, қателік – жоқ, тек сезімдер… 

Ана дауысы жаңғырып шығады.

Ана дауысы. Көріп тұрсың ба, Айдарым?… Сезімдерің – сенің күшің. 

Айдар. Кім бұл?..

Ана дауысы. Жақсы істерің, сүйіспеншілігің...

Айдар. Үндеме. (компьютердің пернелерін ретсіз баса бастайды)

Ана дауысы. Жанашырлығың... Міне, осылар… нағыз сенсің.

Айдар. Жүйеде ақау бар сияқты... Файл емес… Не дауыс бұл?

Ана дауысы. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?..»

Айдар. Жүйе. Жүйе! Бұл не?

AI. Абайдың он төртінші қара сөзі. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі...»

Айдар. Болды. 

AI. «Асықтық та - жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды...»

Айдар. Болды деймін. Тоқта. 

Ана дауысы. «Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады...»

Айдар. Мына дауыс қайдан шығып тұр? Жүйе!

AI. Орналасу мекенжайы табылмады. 

Ана дауысы. Мен бүгін қолшатыр ұстадым,

өзімді қорғағым келгендей жаңбырдан…

Айдар (қарсылықпен). Жаңбыр жоқ мұнда! Бұл – вакуум! Мен өзімді қорғауды үйрендім, енді ештеңе де сезбеймін!

Ана дауысы (жақындай түседі). Мен бүгін қолшатыр ұстадым,

жаңбырды өзіне ем қылған 

жүректі қорғағым келгендей жаңбырдан…

Айдар (дауысы дірілдеп). Үндеме... Мен жүректен бас тарттым! Ол әлсіздік әкелді, адастырды. Мен енді мінсізбін!

Жаңбыр дыбысы сигнал дыбыстарымен араласып шығады.

Ана дауысы. Оның кең құшағы – 

қиялдың елінде қаңғырған

тым ессіз ойларым бар мұнда…

«Жүректі сақта» – деп жаңғырған 

тым таныс дауыстар бар мұнда…

Айдар (дауысы әлсіреп). Тым таныс… иә… Сенің дауысың тым таныс...

Жүрек дүрсілінің үні күшейеді.

Ана дауысы. Бәрі де жанымның тынысын ұғады.

Бәрінің атынан Ай болып сөйлесем, 

Ол менен жүректі қорғауды сұрады…

Айдар (терең тыныстап). Жүрек… Мүмкін, мен оны өлтірмеген шығармын?

Ана дауысы. Мен-дағы сезімге сенбес ем, көрмесем, 

Жүрегім тағы да жылады...

Айдардың көзінен жас ыршып түседі.

AI. Эмоциялық модуль: 41%. Жүйе аномалияны тіркеді. 

Айдар. Ол менің ішімде қалды ма?.. Жоқ… Бұл қате...

Ана дауысы. Жүрегім тағы да жылады,

Еске алып көңілдің сезгенін, сенгенін...

«Жыламайтын боласың, – деп, – сен әлі», жұбатады ол мені. 

Айдар. Бірақ...

Ана дауысы. Бірақ сезінбесем – 

жүрегімнің өлгені, тас болып кеткені жүректің...

Айдар (сыбырлап). Сезім – өмірдің дәлелі ме?.. Егер солай болса, мен қашаннан бері өлімін?..

Айдардың жүрек тұсына кішкентай жарық сәулесі түседі.

AI. Эмоциялық модуль: 64%. Жүйе аномалияны тіркеді. Ұсыныс: модульді өшіру. 

Ана дауысы. Жүрегім тағы да дір етті...

Көзімнен жас ыршып түсті де, жүрекке қадалды оқ болып...

Жүрекке демеу боп оң қолым,

Көңілді суытқан күзді де, қаһарлы қысты да жоқ қылып жіберді...

Жүрек дүрсілінің үні күшейеді.

Ана дауысы (мейіріммен). «Бәрі де уақытша, – деді ол, – 

тек мәңгі адамның жүрегі.»

Айдар тізерлеп отырып, қолын кеудесіне қояды.

Айдар (жұмсақ дауыспен). Сен жеңдің, жүрек… Жүйе, сөндір. 

AI. Эмоциялық модуль: 88%. Жүйе аномалияны тіркеді. Ұсыныс: модульді өшіру. 

Айдар. Мен… адаммын.

AI. Сіз – жетілдірілген «PerfectCode.v2» бағдарламасының тұтынушысысыз. 

Айдар. Мен сезінемін.

AI. Сезім – жүйелік ақау.

Айдар. Мен сүйемін.

AI. Махаббат – қате формула.

Айдар. Мен өз формуламды қайта жазам… Жүрек тілінде.

AI. Эмоциялық модуль: 100%. 

Экранда «error» деген жазу шығып, сосын экран сөніп қалады. 

Жүрек дүрсілінің үні естіледі.

Үшінші көрініс

Жарық Айдарға түсіп тұр. 

Айдар (сәл кідіріп). Сонша жолдан кейін ұққаным... адамды кемел ететін қателіктер екен. Сезімдер логикаға бағынбайды, ал махаббат – дәлелсіз. Бірақ оларсыз тіршілік те, шындық та жоқ. Мен «толық адам» болам деп, өзімді жартылай өшіріппін. Егер жүйенің кемелдігі жанның үнсіздігі болса, онда менің кемел болғым келмейді. Маған қате де керек, қайғы да керек, сезім де керек. Себебі адамды тірі ететін жүйе емес, жүрек дүрсілі. Мен өз кодымды қайта жаздым. Енді ол – ақылдың емес, ардың коды. «Адам» деген ұғымның өзі.

AI іске қосылады. Экранда келесі сөз пайда болады: «HUMAN SYSTEM FULLY ONLINE».

AI. Қош келдіңіз. Кодекс жаңартылды. Жаңа атау: «ADAM_v3 – жүрекпен ойлайтын жүйе». Параметрлер белгісіз. Бұл жүйе логикаға бағынбайды. Ол неге сүйенеді?

Айдар (жымиып). Ол жүрекке сүйенеді. Жүрек – код емес, ол бағыт.

AI. Сонда сіз «Толық адам» алгоритмін таптыңыз ба?

Айдар. Жоқ. Бірақ оң бағыттамын. 

Экранда келесі сөздер көрінеді:

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.»

Айдар. Адамның өмірі – мәңгі жаңғыру. Жүрек – бұл аналық үн, жылылық пен мейірімнің тіні. Сол үн сөнбеуі үшін мен өз кодымды қайта-қайта жазып тұрамын.

Тыныштық. Жарық сөнеді.

Жүрек дүрсілінің үні ғана естіледі. 

СОҢЫ