«Драматургия» номинациясы: Пробиркадағы ұрпақ драма

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Juas Bogelek

Қатысушылар:

1. Шырын (дәрігердің әйелі, ұлы Азат рак ауруынан қайтыс болған)

2. Дастан (жеке клиниканың бас дәрігері, Шырынның күйеуі)

3. Гүлім (сурогат ана)

4. Сырым (Гүлімнің күйеуі, игроман)

5. Алтынай (Дастан мен Шырынның қызы)

6. Арман (пробиркадағы ұрпақ – Азаттың тұқымы)

7. Асистент (бас дәрігердің көмекшісі)

 

Оқиға жеке ғылыми-медициналық клиникада өтеді.

1-сахна:

Клиника. Таңертеңгі уақыт. Дастан кабинетінде жұмыс үстелінен тұрып, үстіне ақ халатын киіп, есікке қарай жүреді.

Ішкі қоңырау шылдырайды. Дастан қайта айналып келіп тетікті басады. Арғы жақтан асистентінің даусы естіледі.

Асистент: Кешіріңіз, Дастан Асанұлы, жұбайыңыз Шырын Ахметқызы келді. Әдеттегідей лабораторияға кіріп кетті.

Дастан: Түсінікті. Бүгінгі әңгіме оған әсер етпеген болды ғой! Жарайды, еш кедергі келтірме! Мауқы басылсын, айтарын армансыз айтсын!

Дастан креслоға сылқ етіп отыра кетеді.

 

2-сахна:

Лабаротория. Бастан-аяқ қорғаныш киімдерін киген Шырын шыны мұздатқыштың алдына келіп, еміріне қарап тұр. Көзі жасқа толып кеткен.

Шырын: Айналайын, Арманжан! Апаң келді, міне! Қазір саған ертегі айтып беремін. Сен алаңсыз ұйықтай ғой! Құлдығың болайын, құлыншағым. Азатымның жалғызы. Көресің әлі, ертең-ақ екеуміз саябақты аралап қыдыратын боламыз. Мен сені әткеншектің небір түріне отырғызамын. Таза ауада серуендеген екеумізге де пайдалы.

Шырын шыны мұздатқыштың алдына орындық әкеліп қойып, асықпай жайланып отыра бастайды. Бір сәтке абыржып, бетпердесін түзеп, әбігерге түседі.

Шырын: Ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, таулары асқақ, жолдары тастақ, өзені баяу сырғып ағатын, көкорай шалғыны белуардан асатын өлкеде бір бекзада жігіт өмір сүріпті. Ол өлкенің бір-біріне жол беріп, иіліп ізет көрсетіп тұратын, мейманасы тасыған, азаматының абыройын асырған халқы болыпты. 

Бекзада жыл санап емес, ай санап күш-қайраты тасып, ақылы асып өсіп жатыпты.

Шырын кенет орнынан атып тұрады. Мұздатқышқа төне түсіп, көзі шарасынан шығып кете жаздайды.

Шырын: Арманжан, Арманжан, не болды құлыным! Бір жерің ауырды ма! Қолды-аяққа тұрмай шырқырап кеттің ғой. Әлди, әлди, әләулай! Ұйықтай қойшы балам-ау! Жылама бөпем, жылама! Жілік шағып берейін! Аққұтанның құйрығын, жіпке тағып берейін! Әлди, әлди, әләулай!

Шырын бірте-бірте даусын бәсеңдетіп, жайлап басып, лабораториядан шығып кетеді.

 

3-сахна:

Шыға берісте күйеуі Дастанмен соқтығысып қалады.

Шырын: Ақыры шыдай алмай келдің бе? Тұяғың ғой, өзіңнің. Ізің ғой. Азатжанымның жалғызы. Ертең екеуміз ана жаққа кеткенде артымыздан Құран бағыштайды. Шаңырағыңның түтінін өшірмейді. Білгем, сенің де жүрегің шыдамай, осында келетініңді. Мен жоқта келіп-көріп кетіп тұратыныңды да білемін. Солай ғой, Дастан. Солай деші.

Дастан: Шырын, жүр сені жүргізуші үйге жеткізіп салсын! Барып демалмасаң болмайды. Аздап көз шырымын алуға тырыс. Дәріңді ішуді ұмытпа! Жүр, жүре ғой.

Дастан Шырынды иығынан тартып құшақтап, басынан сипайды. Шырын иегіне түсіп кеткен бетпердесін алып, қол сөмкесіне салады. Орамалмен көзінің жасын сүртеді.

Шырын: Ақшаңды аяп, мансабыңды ойлап, қанша жылдан бері осы істің бір шешімін таппадың. Дәріңді іш дейді ғой маған. Саған өзіңнің ынжықтығыңды мойындаудан мені жынды санаған жеңіл шығар. Айтшы, Дастан! Мойындашы, Дастан! Сен үшін жалғыз ұлынан айырылғалы ақылы ауысқан әйелін әлпештеп баққан образың қатты ұнайды ғой! Құрып кеткір, айтшы соны!

Дастан: Шырын, қой енді! Дертің тағы қайталап қалады. Саған ашулануға болмайды. Жаңа өзің көрдің ғой, Арманжаның аман. 

Шырын: Аман, аман! Оның құтыда аман тұрғанынан не пайда? Ал өстіп уақыт өлтіріп алсақ ше? Қолыңда билік, мансап тұрғанда жатырын жалға беретін бір әйел таба алмағаның ба?

Дастан: Түсінші, Шырын! Маған оңай деймісің. Көз алдымда сенің күн санап гүлдей солып бара жатқаныңды көру маған жеңіл соғады дейсің бе? Аузына берік біреу болмаса, ертең қызметін асыра пайдаланды деген пәлеге қаламыз.

Шырын: Әні, әні. Сөзін қара! Бұған жалғызының ұрпағынан, құрып кеткір қызметі маңызды. Жұрттың сөзіне қалады-мыс. Елге қарай алмай, жерге қарайды мыс. Құдайдың зарын қылып жылап жүріп, Азатжанымнан бір тұқым алып қалуға әзер көндірдім емес пе? Мен айтпасам, сен ұлыңмен бірге бүкіл үмітімізді көмер едің.

Шырын көзі аларып, басындағы орамалын жұлып алып жерге лақтырады. Шашын жұлмалап, ендігі сәтте жалт бұрылып, күйеуінің жағасына жармаса кетеді. 

Шырынның түрін көріп шошып кеткен Дастан кері шегініп кетеді. 

Дастан: Шырын, сен тағы көтеріліп кеттің. Жүр мен саған укол салайын. Сені тыныштандырмаса болмайды.

Шырын: Мен жынды емеспін. Мені жынды деп ойлап жүрген сен сау емессің, керісінше. 

Дастан: Түсінші бұл жерге талай жыл бала көтере алмағандар келеді. Оларға менің ұлымның ұрпағын дүниеге әкеліп бер деп қалай айтамын. Олар да бір шикіөкпеге зар болып, басын тауға да, тасқа да соғып жүргендер ғой. Оларға өз баласы керек, өз қаны, өз жанынан жаралған ұрпақ керек. Одан да үміті үзілгендер ғана пробиркадағы ұрпаққа тәуелді.

Шырын: Міне, міне! Өзің айтып тұрсың. Тіптен үмітсіз емес екенімізді. Солардың бірінің жатырын жалға ал! Қомақты ақша төле!

Дастан жан-жағына алақтай қарап, қолын аузына басып: «Түш» дейді.

Шырын да бәр сәтке селк етіп, есін жиғандай жан-жағына үрейлене қарайды.

Дастан: Тыныш! Қазір осы ұрысып тұрғанымызды біреу-міреу көріп, телефонына түсіріп алып, атың өшкір әлеуметтік желіге салып жіберсе, онда бәрі бітті. Түш. 

Шырын жайлап келіп Дастанның қолынан ұстап, шашынан сипайды. Ақ халаттың ішіндегі қызыл галстугін түзейді.

Дастан «уф» деп күрсініп, басын Шырынның кеудесіне қояды.

Екеуі ыңылдай мұңлы ән салып, дәлізбен ары қарай жүріп кетеді.

 

4-сахна: 

Дастан дәрігердің кабинеті.

Ішке биік өкше туфлиін қадап басып, Алтынай кіреді.

Алтынай: Ал, әкешім, сүйіншіңізді дайындай беріңіз! Қызыңыз сіздің қанша жыл шеше алмаған шаруаңызды тастай қып бітіріп келді!

Дастан: Оу, қызым, қалағаныңды сұра! Ол қай шаруа? Иә, жақсы жаңалығың бар секілді ғой! Айт! Естіп әкең де қуанып қалсын!

Алтынай: (күліп) Жаңалық менде емес, сіздерде болғалы тұр! Ал бұл шаруаны ың-шыңсыз шешкенімнің өтеуі қымбатқа түседі, әкешім!

Дастан: Жаңалық бізде ме? Ол қандай жаңалық? Ненің өтеуін сұрап тұрсың, ашып айтсашы!

Дастан қызының өтеуі деп өктемси сөйлегенінен тіксініп қалады.

Алтынай жарқылдай күліп әкесін арқасынан келіп құшақтайды.

Алтынай: Анашым әлгі не деуші еді? Айтып, зар илеп айта беретін жатырын жалға беретін әйел таптым. Тауып қана қоймай, сіздің де мансабыңызға көлеңке түсірмейтіндей қып шештім.

Дастан: О, мынауың шынында жақсы жаңалық екен, қызым. Сонда құжат мәселесін қалай реттедің?

Алтынай: Ол жағына алаң болмаңыз. Кезекке тіркеліп, эко жасатуды зарығып күтіп жүрген бір бейбақ. Портал, кезек, құжат жағынан микроскоппен қараса да, түк таппайды.

Дастан: Ал баланы ше? Баланы бермеймін деп шу шығармай ма ертең?!

Алтынай: Оны да реттеп қойдым. Күйеуі үйін де, күйін де картаға тігіп жіберген игроман. Әйелі байқұс басын арашалап алу үшін ақша іздеп табанынан таусылып жүр. Бала тұрмақ, басқасында да шаруасы болмайды.

Дастан: Сонда қанша ақша сұрап отыр?

Алтынай: Ой, әке шық бермес шығайбай болып алғанбысың. Жаман бір көлігіңнің құны. 

Дастан: Көлік болса, жарасы жеңіл ғой. Оның үстіне жаңа емес, жаман көлік болса (күледі)

Алтынай үстелдің келесі бетіне шығып, қолына қаламсап алып шыр айналдырып тұрады.

Алтынай: Оның орнын да жабатын жолды қарастырып қойдым. Емдейміз, сан түрлі сараптама жасаймыз. Бағдарламаға қай жағынан да сай келеді. Отбасын құрғандарына 18 жыл болған. Экодан басқа жол жоқ. Зарыққан әйелге бала сүйсе, деп арнайы жоба жасап қойды емес пе? 

Дастан: Бала бітсе, қайтарымы бар. Ұрпағымды біреудің жатырында өсіріп алам, оған мына жақтан қаржы да алам. Клиникаға түскені, қалтамызға түскені ғой.

Алтынай: Сіздің емес, менің қалтама! Менің қазанымның қаржысы ол, әке! 

Дастан: Клиника менікі, қазынаға түскені саған да маған да ортақ қой, қызым.

Алтынай: Жоқ, әке! Осы істің өтеуі үшін сіз клиниканы менің атыма жазып бересіз! Сіздерге – немере, маған – клиника! Ертең пробиркадағы ағамның ұрпағымен осы үшін таласып жүргім келмейді!

Дастан: Не! Не дедің?!

Алтынай: Клиниканы бер дедім!

Дастан: Өз әкеңмен өз ағаңның ұрпағы үшін саудаласып тұрсың ба, қызым!

Алтынай: Солай! Қай істе де әуелі өз пайдаңды ойла деп үйреткен өзіңіз, әке! Мен сіз жүрген жолмен жүріп келем!

Дастан кеуде тұсы шаншығандай ауырсынып, жүрегін басып отырып қалады.

Алтынай үстелге файлдағы құжатты шығарып, үстіне қаламсапты қойып шығып кетеді.

 

5-сахна: 

11 айдан соң. Дастанның үйі. 

Дастан мен Шырын асығып киініп жатады.

Дастан: Шырын болсашы, күн санап, миымды су қылып едің. Енді асықпай жүрсің!

Шырын: Тоқта, тоқташы, атасы! Немеремді күтіп алуға дайындықсыз қалай барамын. Ол мені даусымнан-ақ танитын шығар. Иісімді ғой білмейтін болар. Ал даусымды бірден танитыны анық.

Дастан: Оны кейін білесің! Ал қазір жүр. Сонша күттік қой. 

Шырын: Қай көйлегімді кисем екен? Тоқта, сен Арманжанның киімдерін салған сөмкені алдың ба?

Дастан: Мынау қандай көйлек кием деп әлі жүр ғой! Болсашы енді. Мен сені сыртта күтемін. Көлікті оталдыра берейін!

Шырын: Бес минуттан артық қыздырма! Штраф төлеп жүрмейік! Мен қазір шығамын.

Дастан шығып кетеді. Шырын айнаға қарап, ойланып, киімін түзеп, сөмкені көтеріп, соңынан ереді.

 

6-сахна:

Кабинетте Алтынай мен Сырым отыр. Сырым орнынан бір тұрып, бір отырып, абдырап қуанышын жасыра алмай жүр.

Алтынай: Құттықтаймын, сіз ұлды болдыңыз! 

Сырым: Рас па? Шынымен ұлды болдым ба? Мен ғой үмітімді үзгенмін. Гүлім ғана соңына дейін үмітін үзбеді.

Сырым орынан тұрып, ентелей басып кеп, Алтынайды құшақтай алады.

Қайта орнына барып, екі қолын қайда сыйдырарын білмей тұрып қалады.

Гүлім сезем, солбір өзен арнасына тола алмайды,

Өткен күндер, айлы түндер көңілдерден жоғалмайды.

Бұл жалғанда ешбір ару дәл өзіңдей бола алмайды,

Құстар қайтар, әнімді айтар ол көктем оралмайды...

Сырым барылдап, ән айта бастайды.

Сырым: Осы әнді Гүлім қайталап айта беруші еді.

Алтынай: Бұл әннің енді мәні жоқ. Көктем қайта оралды. Енді әндеріңіз де, өмірлеріңіз де өзгереді. Баланы табу бар да, бағып-қағу бар. Баға алмасаң, балалар құқын қорғау ұйымы алып қояды.

Сырым: Бағам. Бағам ғой. Мен енді ауылға кетем. Ауылға барып, бәрін басынан бастаймын. Әйелім мен баламды алсам болды.

Алтынай: Әрине, шығарып аласыз. Әйеліңізді бала көтергенше дайындап, екі ай емдедік. Қаншама еңбек!

Сырым: Еңбегіңізді жемеймін! Айтыңыз! Құр қолға бата жүрмейді деген.

Алтынай: Батаға жарар дүние сізден шыға қояр ма екен, мына түріңізге қарасақ.

Сырым: О не дегеніңіз! Бір амалын табамын ғой.

Алтынай: Әзілдеп жатырмын! Бұл мемлекеттік бағдарламаның шарапаты. Қамқорлығы. Сізден бізге ешнәрсе керек емес. Тек балаңыз бен әйеліңізді алып тезірек бұл қаладан кетіңіздер!

Сырым: Болды! Бүгін шығарса, бүгін алып кетем!

Алтынай: Бүгін шығармайды. Бүгір көре алмайсыз оларды. Ертең келіңіз. Ертең ертеңмен құжаттарын реттеп қоямын. Ал қазір барып көлік дайындаңыз!

Сырым есікке қарай жүгіреді.

Алтынай соңынан айқайлап тоқтатады.

Алтынай: Айтпақшы, менің бір тілегім бар!

Сырым: Айтыңыз! Сіз айтқан тілекті орындауға дайынмын!

Алтынай: Ұлыңыздың атын Арман қойыңызшы! Көп жыл арман болды ғой!

Сырым: Арман! Арман! Несі бар, жақсы ат! Жарайды Арман болса, Арман болсын!

Сырым асығып шығып кетеді.

Алтынай ойланып отырып қалады.

 

7-сахна:

Кабинет іші. Алтынай сағатына қайта-қайта қарап, алаңдай бастайды. Тетікті басып, хатшымен сөйлеседі.

Алтынай: Әкем мен шешем әлі келмеді ме? Олар неге кешігіп жатыр екен?

Хатшының даусы: Жоқ, Алтынай Дастанқызы! Әлі келмеді.

Осы сәтте ұялы телеофоны шырылдап қоя береді.

Алтынай асығып телефонды көтереді.

Сөйлесіп жатып, жүзі боп-боз болып кетеді.

Алтынай: Бұл қалай болғаны? Екеуі де ме? Қазір қайда жеткізді. Моргке!

Алтынай сылқ етіп креслоға отыра кетеді!

Соңы!