«Драматургия» номинациясы: «Темірден де берік»

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Sargaldak

(пьеса)

АЛҒЫСӨЗ

Бұл шығарма – шынайы өмірдің ізімен жазылған туынды. Онда суреттелетін оқиғалардың барлығы – менің туған әкемнің өз еңбегімен, маңдай терімен өткен өмір жолынан алынған деректер. Туындыда кездесетін барлық кейіпкерлердің есімдері бүркеншік атпен берілді. 

Биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» тақырыбы аясында мен әкемнің еңбек жолын, теміржол саласына сіңірген ерен еңбегін жазуды өзіме мәртебе санадым. Себебі ел дамуы мен халықтың игілігіне ең үлкен үлес қосып жүргендер – дәл осы қарапайым еңбек адамдары деп білемін.

Қатысушылар: 

Қайрат – 20 жасында теміржолға келіп, әкесінен кейін үйдің жүгін мойнына алған еңбекқор, сабырлы, сезімін іште сақтайтын азамат. Қазір 32 жылдық тәжірибесі бар теміржол ардагері, екі баланың әкесі.

Бибі – Қайраттың анасы. 

Тілеу  – Қайраттың әкесі. 

Емші – көне емшілік дәстүрін ұстанған, ауылға абыройлы адам. 

Кіндік шеше – Қайраттың кіндігін кескен анасы, жақын ағайындары.

Хадиша – Тілеумен әкелері бір туған қарындасы. 

Ағыбай – Хадишаның күйеуі. Жүзі жылы, балажан адам. 

Саржан – Қайраттың рулас туысы. 

Тоқсан  –  тәжірибесі бар теміржолшы. 

Ғасыр – жұмыс барысында танысқан Қайраттың серігі. Тік мінезді, әзілқой. 

Темірбек – жұмыс барысында танысқан Қайраттың серігі. Сабырлы, байсалды жігіт.

Бас мастер – талапшыл, ережені қатаң ұстайтын басшы. 

Ербол –  Қайраттың ұлы, әкесінің жолын қуып, теміржол саласына келген жас маман. 

Айнұр – Қайраттың қызы, мұғалім.

Айжан – Қайраттың әйелі, бәрін үнсіз көтеретін мықты әйел. 

Туыстар, әріптестер, көршілер –  қосалқы кейіпкерлер, Қайраттың өмірінің куәгерлері.

 

БІРІНШІ АКТ

Қарапайым ауыл үйінің іші. Төрде құрақ көрпе. Сырттан нар түйенің боздаған үні естіледі. Терезеден түнгі жұлдыздар жарқырайды. Бибі ошақ басында от жағып отыр.

Емші (есіктен кіріп). Ауырып жүрмін деп келгенің ауру емес, жеңгей... Бұл – бір құдіреттің белгісі. Алла амандығын берсе, ұл туасың. Аман-есен бауырыңа басарсың. Тағдыры бір елді сүйсіндірер. Мақсат-мұратыңа жеткізер. Құшағыңда аяларсың, ер жеткенде алақанына салып жеткізер...

Бибі (таңғалып). Мен... мен шынымен ана болмақпын ба? Мына жасымда ма? Елуге таяған шағымда қалай болар екен?

Емші. Әуелі Алла, жеңгей еш саспағың, бұл баламен бірге қайсарлықты, жұлдызы жарқырар нұрды көріп тұрмын, қартайғанда таянышың болар, жығылғанда желеуің болар, қисайғанда тіренішің болар... (Емші шығып кетеді. Ана жалғыз қалады. Үнсіз отырып, жүрегін ұстайды.)

Бибі (бір сәт күліп). Жаратқанның берер сыйы бол, ең бастысы аман бол...(Сырттан түйенің боздаған үні күшейеді. Бибі есікке қарай шығады.)

Емші. Ел ішінде көп айтылатын түйе – иесіне бауыр басқан ақ нар. Ботасыз кездің өзінде иесін көрсе, алыстан боздап хабар беретін. Неткен құдірет десеңші...

(Ақ нар жетектеле келеді. Бибі шелек алып, түйені сауып отырады.)

Көрші әйел (қасына келіп). Мына түйең бір ғажап! Ботасы жоқ болса да, сүтін аямайды-ау! 

Бибі (мейірленіп). Жануар да жанды түсінеді ғой... (Шелек толып қалады. Ана сүтке қарап ойланады.)

Бибі (жай ғана сыбырмен). Бәлкім, осы несібе өзі дүниеге келмей жатып, балама бұйырған ырыс шығар...

 

* * *

Аурухана бөлмесі. Терезеден таңғы жарық түседі. Жаңа туған сәбидің үні естіледі. Ана Бибі төсекте жатыр. Медбике қолында оралған нәресте.

Медбике (қуанышпен). Атқа мінеріңіздің бауы берік болсын! Батыр балаңыз бар! (Нәрестені Ана құшағына береді.)

Медбике. Атын қойдыңыздар ма?

Бибі (әлсіз, бірақ бақытты). Жоқ... әлі.

Медбике (мақтанышпен). Онда рұқсат етсеңіз, мен бір ұсыныс айтайын. Бүгін Жамбыл атамның асы болып жатыр еді. Менің атам еліне елеулі, халқына қалаулы жан болып еді. Жамбыл есімін ұсынар едім. (Ана бір сәт ойланады. Түрінде «біреудің көңілін қалдырмайын» деген үрей бар.)

Бибі. Жақсы... Жамбыл болса Жамбыл болсын. (Медбике риза болып басын изейді.)

 

* * *

(Шілдехана. Ән-күй. Ақ жаулықты әжелер шашу шашады. Ағайын-туыс ортаға жиналған. Қуанышты дауыстар.)

Кіндік шеше (ортаға шығып). Ендеше, баланың атын кім қойдыңдар?

Бибі (біртүрлі үнмен). Медбике... Жамбыл деді. (Жиналған жұрт таңырқай қалады. Кіндік шеше қабағын түйеді.)

Кіндік шеше. Не дейсің?! Өз туғандары тұрғанда... медбике?! Жамбыл деген ауыр есім! Қырық жасыңда келген жалғыз құдайдың сыйына... өзінің атына заты сай үмітті ат керек! (Ана үнсіз. Түсіністік іздегендей жан-жағына қарайды.)

Кіндік шеше (жүрегі дір етіп). Мен кіндігін кестім. Бұл – менің кіндік балам! Ат қою – менің жолым! (Сәби жатқан бесікке жақындап, маңдайынан сипайды.)

Кіндік шеше (қуатты дауыспен). Сенің атың – Қайрат болсын! Қайратты азамат болсын! Анасына да тірек, жұртына да тіреніш болсын! (Жұрт ду қол шапалақтайды. Домбыра үні естіледі. Көңіл толқытар қуаныш.)

Автор. Солайша бұл балаға Қайрат есімі берілді. Қайрат – тағдырға берілген қайсарлықтың нышанындай еді...

 

* * *

(Сахна. Жазғы күн. Ескі ауылдың шеті. Жүк артылған арба дайын тұр. Тілеу мен Бибі асығыс көшке қамданып жүр. Кішкентай Қайрат жан-жағына аңтарылып қарайды.)

Автор. 1980 жыл. Арал ауданы Мергенсай округіне қарасты Саршығанақ, одан Конту ауылына бет алған жалғыз үйлі көш. Баладан үміт. Үміт тұрған жерде жол да әркез табылар.

Тілеу (баласына қарап, сабырмен). Енді сен мектепке барасың. Интернатқа тапсырып, алыстатқымыз келмейді. Жанымызда болғаныңда қалап, туған жерден көшудеміз. Бастысы сен жанымызда бар мейірімді көріп, білім ал. Қалғаны анаң екеумізде!

Бибі. Баланың бағына көшіп барамыз ғой... Қалғаны – Алла жазғаны. (Қайрат басын изейді. Көңілі алай-дүлей. Ақ нар арба жанында тұр.)

Олардың бар байлығы – осы ақ нар, осы арба, өзара сүйеніскен үш жанның сенімі.

(Жарық өзгере береді. Уақыт өтеді.)

 

* * *

(Үш жылдан кейін. Жаңа ауыл. Таң. Бибі ақ нарды сауып отыр. Түйенің мазасыздығы байқалады.)

Бибі. Тыныштық саған, жануар? Неге бүгін сондай ашулысың? Неліктен мазасызсың? (Ақ нар аяқпен теуіп жібереді. Бибі тізесін ұстап, отыра кетеді.)

Тілеу. Анасы?! Не болды саған?! (Асығып келіп, оны сүйейді.)

 (Сол соққы әйел тағдырын ауруханаға байлады. Ал үйде әке мен бала жалғыз қалды...)

 

* * *

(Сахна. Ауруханадан үйге оралу. Бибі қолына таяқ ұстап келеді. Ақ нар алыстан қарап тұр.)

Бибі (түйеге мұңая қарап). Қанша жыл адал асымды бердің... Жаңа жер бойыңа сіңбеді ме?

Тілеу. Өрістен кеш келетін болды. Кейде мүлде жоғалып жүр. Әнеу күндері екі-үш күн таппай, көрші ауылдан таптым... (Бибі терең күрсінеді.)

Бибі. Көзім де, көңілім де қимай тұрғаны-ай... Бірақ амал нешік... Қиындық көрген жануардың да өз арманы бар шығар. (Жарық алыстан күңгірттеніп, түйе жаққа түседі.)

Автор. Адалдыққа толы жылдар артта қалды. Ақ нар да тағдыр жолында жолдас. Күндердің күнінде сол адал жануар да бір үйге жұбаныш болмақ еді.

(Түйені жаңа иесіне жетектеп әкетеді. Бибі көз жасын жасыра бұрылады. Қайрат үнсіз алақанындағы ақшаға қарап қалады.)

 

* * *

(Күн шақырайып тұр. Кішкентай ауылдың шаңы бұрқ етіп, жел баяу ғана еседі. Қайрат бір қолына сүт құятын алюминий банкасын қысып алып, Хадишалардың қақпасының алдына келеді. Оның жүзі батыл, бірақ ішінде бір күдік бардай.)

Бибі. (Дыбыс алыстан естіледі). «Балам, апаңа айта бар, бір шайға жететін сүт берсе болды. Бос қайтпағайсың». (Қайрат басын изегендей болып, қақпаны қағады.)

Хадиша (ырсиып). Қайратжан, тағы сен бе? Тұр! Түйені сауып алайын. Саған қазір демде берер сүтім жоқ. (Түйелерді айдап кетеді.) 

(Қайрат тып-тыныш күтіп қалады. Сахнада уақыт өтеді, жарық өзгеріп, күн жоғары көтеріледі. Қайрат банкасын құшақтап, тасқа отырып, көзін алысқа тігеді. Қарны ашқан, алақаны терлеп барады, бірақ орнынан тұрмайды.)

Қайрат (ішкі монолог). «Бүгін де көп күтетін шығармын…Бірақ үйге сүтсіз қайтуға болмайды. Сүтсіз шай да татымсыз ғой. Анам да ренжиді».

(Жел ұйытқып өтеді. Түйелердің шұбалаңдап өрістен қайтқан үні естіледі. Бірақ Хадиша әлі жоқ…Сахнаға Ағыбай шығады.)

Ағыбай (мейіріммен). Әй, қайынағамның баласы-ай! Құрысыншы, неғып томсарып отырсың? Қыңыр апаң қашан мына банкамды сүтке толтырар деп күтіп отырсың ба?

(Қайрат басын үнсіз ғана иезеді. Қайратты қазір бір банка сүттен басқа бақытты қылар нәрсе жоқтай қарайды.)

Ағыбай. Күйіп кетті ғой күн… (Үйіне қарай дауыстайды) Әй, Хадиша! Ойыңда түк жоқ па? Әуелі балаға сүтті құйып бер! Сенің тірлігің бүгін бітпейді, алдымен балаға сүтін бер! (Хадиша көңілсіз ғана ыңыранып шыға келеді.)

Хадиша (банкаға сүт құйып жатып). Күнде бір шайға сүт… Әлі бір сауар түйе таппағандарың ба? Елде не көп түйе көп қой. (Қайрат үндемейді. Сүт толған банкасын екі қолымен қымтап ұстайды.)

Ағыбай (жымиып). Табандысың сен. Сабыр – ердің серігі, қарағым. Осы мінезің алысқа апарар сені. (Қайрат басын көтеріп, алғаш рет жылы жымиды.)

Қайрат. Түйелеріңіз көп болсын, сүттеріңіз көп болсын! Біз түйе алғанда бәрін көп қылып қайтарып беремін.

(Қайрат атып тұрып жүгіріп кетпейді. Сүт төгілмесін деп, асықпай, байыппен ересекше жүреді. Себебі қыңыр апасынан мұнша сабырмен келген бір банка сүтті үйде күтіп отырған анасына жеткізу керек.)

 

* * *

(Конту ауылы. Темір жолдың тарсылы алыстан естіледі. Мектептің ескі дәлізі. Қабырғада балалардың суреттері ілініп тұр.)

Сызу пәнінің мұғалімі (ішкі монолог). Темір жолға жақын ауылда туып-өскен баланың бәрі машинист, темір жолшы болуды армандайтын. Бірақ Қайраттың көңілінде басқа әлем.

(Сызу кабинетінде оқушылар у-шу. Қайрат алдыңғы партада, көзін қағаздан алмай сурет салып отыр.)

Сызу пәнінің мұғалімі. Қайрат, сенің мына суретің... Адам қаңқасын бұлай дәл, бұлай шынайы салу – сирек талант! (Мұғалім суретті сыныпқа көрсетеді.)

Оқушылар. Қараңдар! Нағыз кітаптағыдай! (Қайрат ұялып, төмен қарайды.)

 

* * *

(Анатомия сабағы басталды. Үлкен плакат: «Адамның ішкі құрылысы». Қайрат сурет дәптеріне тез-тез штрих жасайды.)

Қайрат (ішінен). Әкем жазылып кетсе екен... Мүмкін мен дәрігер болсам, көмектесермін... (Ол әкесінің жөтелген даусын елестетіп, қаламын қаттырақ қысады.)

Автор. Аралдың суы кейіндеп, теңізге ау салудың азабы көбейген шақ. Тілеудің өкпесіне тиген суық – мұздай тағдырдың белгісі еді.

 

* * *

(Үй. Әкесі сырттан кіріп келеді. Шаршаған, жөтел қысады. Бибі шай дайындап жүр.)

Қайрат. Әке! Бүгін мен адам ағзасын салдым! Мұғалім мақтады!

Тілеу. Талабың бар балам... Еңбек етсең, ақ халат киерсің. (Бибі бір сәт тоқтай қалады. Үстелден ұстап, баласына қарайды.)

Бибі (жүзі жылы, бірақ алаңдаулы). Дәрігер болу деген – ұзақ жол, жат жер. Бізден алыстап кетсең ше?.. Жалғызымызсың ғой... (Қайрат үнсіз тұрып қалады. Суреттерін бір қолымен умаждап тұр.)

Автор. Ананың уайымы төсекте жатқан жұбайы мен арманына қарай қарыштап ұшуға бір елі қолы жетпей тұрған бала көңілінің ортасында тұр. Бар тілегі – Тілеуі мен қолғанаты Қанаттың жанында болып, бақыт құшағында болуы. (Жарық баяу өшеді.)

 

* * *

(1993 жыл. Конту ауылы. Көктемгі жел. Түтіні шыққан қарапайым үй. Төрде әскерден келген әскери чемодан тұр. Қайрат қақпа алдында болашаққа үмітпен қарап тұр.)

Автор. Жылдар алға озды. Бала – азамат болды. Әскер көрді. Енді ең үлкен арманы – ата-анасына тірек болу. (Бибі алақанын жуып, асығыс сыртқа шығады.)

Бибі (қуанышты, алаңдаулы). Қайрат, тыңда! Ауылда үлкен жаңалық! Темір жолға адамдар алып жатыр екен.

Қайрат (сенімді жүзбен). Жұмыс керек. Әкемді жалғыз қалдырғым келмейді.

Бибі (көңілі көтеріліп). Оның үстіне... жұмысқа алатын адам – өз қайынінім, Саржан! Құдай салып тұрған жол ғой!

(Уақыт жылжиды. Басқа сахналық жарық. Саржанның кеңсесі. Қайрат пен Бибі кіріп келеді.)

Саржан (жылы жымиып). Ай, алтын жеңгем! О, Қайрат келді ме? Азамат бопсың!

Бибі (үмітпен). Саржан-ау, өз балаңдай көр. Осы жұмысқа кірсін деп келдік.

Саржан. Иә, жеңгем, емтихан, комиссия бар. Бірақ қолдан келгенін жасаймын.

(Жарық өзгереді. Комиссия жиналған. Бірнеше жас жігіттер кезек күтіп отыр. Қайрат — ең жасы.)

Автор. 20 жасында темір жол тағдырына қадам. Ауыр бейнет, үлкен жауапкершілік. Бірақ бұл жол бір ананың ғана емес, бір әулиеттің үмітін арқалаған жол еді. (Комиссия басшысы қолын созады.)

Комиссия төрағасы. Қайрат! Құттықтаймыз! Жұмысқа қабылдандың! (Бибі көз жасын жасырмайды. Тілеу алыстан риза болып басын изейді.)

Бибі (сыбырлап). Ұлым... еңбек – бейнет емес, зейнет.

Автор. Сол күннен бастап, Қайрат – темір жолдың ұлына айналды. Бұл жол – оның мінезін шыңдап, арманын айқындайтын жол еді.

(Сахна баяу қараңғыланады.)

 

ЕКІНШІ АКТ

(Қалың тұман. Қолдарында ауыр құралдар. Рельстің үстінде жұмысшылар қозғалып жүр. Саржан мен Қайрат келеді.)

Саржан (Қайратқа қарап). Міне, бала, бүгін сенің алғашқы күнің. Мына жол — көптің тағдыры. Тоқсан ағаңмен бірге жүресің. Ол – осы жолға жанын берген адам. Тек тыңда, үйрен, артық сөйлеме.

Қайрат (жымия, абайлап). Жарайды, аға. Тыңдаймын. Еңбек етсем болды.

(Алыстан Тоқсан көрінеді. Үстінде майлы киім, қолында үлкен кілт. Қайратқа көз тастайды.)

Тоқсан. Мына бала ма жаңа путистші деген? (Қайратқа жақындай) Жұмыс істей аласың ба, әлде шешеңнің бауырында шай ішіп жүрген жақсысың ба?

Қайрат (сынған жоқ, сабырлы үнмен). Істеймін. Үйретсеңіз болды.

Тоқсан (қаттырақ). Үйретсеңіз деп айтпа! Үйренемін де! Бүгіннен бастап қолыңда құрал, арқаңда жауапкершілік болады. (Тоқсан оған ауыр кілт береді.)

Тоқсан. Қолың ауырса жігеріңмен деме, бетің майланса жұмыстың қызған шағы деп қабылда!

Қайрат (ішінен, ақырын). Майлансын, аға, майлансын...

(Жұмыс басталады. Шу, балға даусы, рельс темірлерінің сылдыры. Қайрат асығып жүріп қолын соғып алады.)

Тоқсан (бәрін көріп тұр, бірақ қатал кейіппен). Олақпысың?! Жараңды емес, істі жөнде. Ертең соның орнында үлкен рельс тұрады, ал сен қателік жасасаң, пойыз тоқтайды. Темір жол – темірдей тәртіп, ол ешкімді кешірмейді, бала, есіңде болсын! (Қайрат үнсіз, бірақ жалғастыра береді. Күн еңкейеді.)

 

* * *

(Күн батып келеді. Тоқсан темір жол жиегінде отырып темекісін шегіп отыр. Қайрат та келіп қасына жайғасады.)

Қайрат. Аға... Бүгінгі күн өнімді болды. Бірақ қызық екен. Жолдың өз тілі бар сияқты.

Тоқсан (күлімдеп). Әрине бар. Ол алдыңдағы шиыршық тастар мен темірдің жаны жоқ дерсің. Бірақ уақыт өте келе, адам жанынан да мол сыр шертетінін байқарсың. Бірақ ол тілді түсіну үшін жылдар керек. (Кідіріс. Тоқсан ауыр дем алады.)

Тоқсан. Бір кезде менің де ағам осы жолда істеген. Бір түнде рельс аударып жатып... өз өмірін осында қалдырды. Содан бері осы жолдың шетінен ұзай алмай жүрмін.

Қайрат (үнсіз тыңдап). ...Сол үшін осынша жауапкершілікпен қарайсыз ба?

Тоқсан (басын изеп). Иә. Өйткені бұл жол – тек темір емес, тағдыр. Мұнда әр із, әр дыбыс – бір адамның еңбегі. Сол үшін қателікке орын жоқ, бала. (Қайрат төмен қарап ойланады. Тоқсан оған жылы қарайды.)

Тоқсан. Ертең тағы ерте тұрамыз. Жолда жалқау тұрмайды. Тек бір нәрсені ұмытпа – темірді де, адамды да баппен ұстау керек.

Қайрат (жымиып). Түсіндім, аға. Мен үйренемін.

(Тоқсан басын изеп, рельске қарап ұзақ ойланып тұрады. Сахна жарығы баяу сөнеді.)

 

* * *

(Үй қабырғасында жоғарыға ілінген сурет – Қайраттың әкесі. Үй іші қарапайым. Бибі самаурын қасында отыр. Қайрат жұмысқа жиналуда.)

Бибі. Қайрат, балам… Бір күн демалыс беріпті ғой саған. Қайда бара жатырсың? Бір демалып алсаңшы. Таңнан кешке дейінгі жұмыс… Әкең кеткен соң шаршап жүрсің ғой…

Қайрат (басын төмен салып). Шаршасам да, тоқтап қалуға болмайды, Ана… Үйдің иесі ендігі – мен. Қалғаны амандық болсын. Сізді аш қалдырмаймын. Өзіңізді мен жоқта күтіңіз. Сізден сұрарым тек сол. Ауыр ойдың өзіңізді жеңіп кетуіне жол бермеңіз. Әкем қайтқалы бір жылдың жүзі өтті, ендігі екеумізге де етек-жеңімізді жинар сәт келген секілді...

Бибі (көзіндегі жасын сүртіп). Құлыным-ай…Әкең де осылай тебіреніп сөйлейтін. Бірақ уайымымды өзіңе жүк етпе. Мен үшін ең үлкен байлық – сенің амандығың. Тағдыр бізді сынаса да, сен сынба. Мен сенің жаныңдамын.

Қайрат (жымиып). Мен тірімін. Тірі адам тіршілігін қылуы керек. Әкеміздің аманатын аяқ асты қылмай, еңбек етіп, алға ұмтыламын. Сіз де өзіңізді күтіңіз, ойдың тозағына түсіп кетпей, қайратты болыңыз.

 

* * *

(Аптапты күн төбеден төнген. Шуақты емес — күйдіріп түсетін, дем алсаң өкпеңді қарығандай ыстық. Шулы жұмыс дыбыстары. Жігіттер темір шпалдарды бұрқ-сарқ көтеріп жүр. Жиырма-отыз шақты теміржолшы иін тіресе еңбек етуде. Бірі темір шпалды иығына салып сүйрейді, бірі балға сермейді, бірі рельстің астына тас төсеп жатыр.)

Темірбек (ауыр демалып). Мынау жұмыс па, азап па? Адам емес трактор сияқтымыз!

Ғасыр (қолын беліне қойып). Белім сырқырап тұр. Тағы бір шпал аударсам, екіге бөлінетін түрім бар!

Қайрат (жігіттерді жігерлендіріп). Әу, берілмеңдер! Мына он шақырымды біз істемесек кім істейді? (Күрекпен жерді қазады.) Керек болса, тауды да аударып тастаймыз!

Темірбек. Сен неге шаршамайсың осы?

Қайрат (күліп). Шаршау – әлсіздердің ісі. Біз – теміржолдың жігіттеріміз! Теміржолшы темірден жаратылғанын ұмыттыңдар ма? (Бәрі күліп, жұмысын жалғастырады.)

 

* * *

(Бекбауыл ауылында іссапарда. Кешкі ас. Үстел басында Сексеуіл, Арал, Конту т.б Қазалыға дейінгі аралықтағы теміржолшылар жиналған. Жігіттердің үстерінде қара май жағылған киімдері, қара терге малынған бас киімдер ілулі тұр.)

Ғасыр. Қайрат, сен неге жастық өмірді ойламайсың? Қыздар бар, тойлар бар…

Қайрат (үнсіз біраз тұрып). Қазір менің мақсатым – анамды ашқұрсақ қалдырмау. Басқа дүниені ойлауға уақытым жоқ.

Темірбек. Бірақ өмір тек жұмыстан тұрмайды ғой, бауырым!

Қайрат. Ол рас… Бірақ біреу үйдің жүгін көтеруі керек. Менде таңдау жоқ, жігіттер.

Ғасыр (басын изеп). Сенде жігіттік намыс бар екен. Еліңе керек азамат боласың!

Қайрат. Біз бәріміз сондай боламыз. Ең бастысы – біріксек, біз алмайтын қамал жоқ!

 

* * *

(Дүбір. Темірдің сақ еткен дыбыстары. Шаршаған адамдардың тынысы.)

Ғасыр. Бүгін соңғы шпалды бітіреміз деді ғой… Сосын, бәлкім, бір күн тынығып қалармыз…

Қайрат. Бітпей қайда барамыз… Жұмыс аяқталмай демалыс болмайды ғой. Мына данкратты әкелші, мынаны тірейін де ала қоямыз. (Қайрат ломмен бетонды тіреп, бар күшпен басады. Сол сәт лом тайып кетеді.)

Темірбек. Әй, тоқта! Қайра –!!!

(Ломның ұшып барып жерге құлаған қатты дауысы. Қайрат тізесін құшақтап жерге жата кетеді.)

Қайрат (жан дауысымен). А-а-ай! Тізем! От болып кетті… (Жігіттердің бәрі қаумалап жүгіріп келеді.)

Ғасыр. Қайрат! Қалайсың? Қозғалма, қозғалма!

Қайрат (демі үзіліп). Жарайды… өтеді… Тек тимеңдер… Ауыр… Ауыр…

Темірбек. Өтеді деген не!? Сүйегің сынып жатса да “өтеді” дейсің! Әкеліңдер, көтеріңдер! (Жігіттер көтеріп әкетеді.)

 

* * *

(Қайрат аурухана төсегінде шалқасынан жатыр. Аяғы қимылсыз. Маңдайында тердің ізі әлі анық. Бибі бас жағында, қолын ұстап отыр.)

Дәрігер. Тізе сіңірі қатты зақымданған. Операция жасадық. Енді екі ай балдақпен жүруге тура келеді.

Бибі (жүрегі ауырып). Балам-ай… Әкеңнің артынан енді сен құлама деп тілеуші едім…

Қайрат (күшпен жымиып). Шешей… Мен ел қатарлы еңбек етіп жүрмін ғой… Ер жігіттің басына не келіп, не өтпейді? Адам болған соң, басың да, аяғың да бәрі сүрінеді… (Ғасыр мен Темірбек есіктен кіреді.)

Ғасыр. Әй, Қайек! Жүрек ұшып кетті ғой… Көңіл бөлмей жүрміз деп ойлама. Сенің жағдайыңнан кейін қауіпсіздік шаралары күшейіп, біраз өзгерістер ішінде қалып кеттік.

Темірбек. Ештеңе етпейді, а? Адамның денесі жазылады… Тек көңілі сынбаса болғаны.

Қайрат. Көңілді сындыруға уақыт жоқ менде… Өзім де, үйдегілер де… Сенетін адамы – менмін. (Аяғының ауырсынғанын білдірмей, жымиып ғана қойды.)

 

* * *

(Арада 2 ай өтті. Арал ауруханасының дәлізі. Қайрат аяқ басқан сайын сәл сықыр етіп ауырсыну сезіледі.)

Дәрігер. Қозғалған сайын жазылады. Бірақ асықпа. Дененің де өз бетімен демалатын уақыты бар. Үйге асыққаныңды білемін. Жұмысқа да. Бірақ сен әлі жассың. Бір сәт тоқтауды да үйрен. Адам өз-өзін тыңдай білмесе, мына тұрмыс сені  тыңдайын деп тұрған жоқ.

Қайрат. Мына аурухананың төрт қабырғасына қамалып, бос қарап жата беру… одан бетер ауыр екен, дәрігер. Бәріне үлгеру керек, жету керек деп жүріп… Өз денсаулығымды ұмытып жүре беріппін ғой. Әсіресе сенен үміт күткендер көп болса…

Дәрігер. Ұмытпа. Сенің мына оң аяғың да, сол аяғың да бір-ақ данадан. Сынған темірді қайта дәнекерлеуге болады. Сынған денені – жоқ. Сондықтан, өзіңді сақтай біл. (Қайрат күлімдеп, басын изейді. Ауырсынуды білдірмей, тағы бір қадам жасайды.)

 

* * *

(Қайта жұмысқа оралу. Теміржол кеңсесі. Қайрат балдақпен, бірақ қадамы нық. Бас мастер құжат қарап отыр.)

Бас мастер. Қайрат… Біз сені қайтадан ауыр жұмысқа сала алмаймыз. Қазірше жеңіл жұмыстарды атқарасың.

Қайрат. Білемін…Бастысы жұмыстан шеттетіп жібермесеңіз болды.

Бас мастер. Жұмыс бар. Саған да орын бар. Бірақ енді… өзіңді ая. Сен бітіремін екен деп темір жолдың жұмысы бітпейді. (Үндемей ұзақ қарайды.)

Ғасыр. Бізбен бірге екенін білсек болды. Осы орта – сенің екінші үйің ғой.

Темірбек (жылы жымиып). Қайтып келдің, соның өзі жетістік.

Қайрат (ақырын). Тізем сынса да, сағым сынбасын. Осыдан басқа ойыма ештеңе келмей тұр… 

(Өз аяқтарына қарап, бір сәт терең тыныс алады. Жарық біртіндеп бәсеңдейді. Жұмысшылардың алыстағы темір соққан үндері естіледі.)

 

* * *

 (Дала. Көктемгі су сарыны. Айқай-шулар. Радиобайланыс тоқтаусыз келуде. Су барған сайын өз өрісін кеңейтіп, айқайлаған адам даусын басып кетуге шақ.)

Бас мастер. Судың деңгейі тағы көтерілді! Мостқа қарай жүріңдер, тез! Жігіттер, көпірге!

(Қайрат бастаған топ жүгіріп жетеді. Су арындап, көпір астына түгел жиналып жатыр.)

Темірбек (үрейленіп). Мына тасқын… Бір-ақ сәтте көпірді жұлып әкетуі мүмкін… Егер көпірді шайып кетер болса, көпір жанындағы ел не болмақ? Темір жол не болмақ?

Ғасыр. Әй, сөзді қойыңдар! Мына жол жабылса, бүтін елдің жүрегі тоқтайды! Сөзді көбейтпейік! Жол жабылса, жұрт тоқтайды. Қаланың да, даланың да демі осы жолда.

(Қайрат көпірдің тіреуін тексеріп шығады. Қарап тұрып, ауыр тыныс алады.)

Қайрат. Жігіттер… Біз қорықсақ, мына көпір қорғала ма? Вагон келген бойда жылдам шебін төгеміз. Түн жоқ… күн жоқ!

Барлығы. Дайынбыз!

 

* * *

(Түн. Боранды жел. Қауіппен бетпе-бет. Су одан сайын көтерілген. Жұмыс шамдарының жарығы ғана бар. Теміржолшылар вагоннан құм мен шебін төгумен әлек.)

Жұмысшы. Қанша төксек те… тоқтамайды ғой! Тасыған сайын тасыды-ау бұл пәлекет!

Қайрат. Судың алдында тұрған көпір ғана емес. Бұл жол – адамдардың наны. Әке-шешенің амандығы. Балалардың арманы. Егер көпір кетсе, бәрі кетеді!

(Бәрі үнсіз. Одан сайын шыдамдылықпен төге бастайды.)

Ғасыр (демі үзіліп). Қайрат, шаршамадың ба? Біз азбыз, бірақ судың күші күшеймесе, азаяр емес.

Қайрат (еңкейіп, тағы бір күрек шебін алып). Шаршадым. Бірақ тоқтайтын себеп жоқ қой... Бірақ кейін өкінбеу үшін тоқтамаймыз. Ар сонда тыныш жатар.

 

* * *

(Таңғы салқын. Көздері қызарып кеткен жігіттер күзетте тұр. Су баяулаған.)

Темірбек. Қайрат… Су қайтқан сияқты. Баяулап қалды. Қарашы… Жел де, су да сенен қаймыққандай… (Қайрат көпірге көз салады. Ішінен бір ауыр жүк түскендей.)

Қайрат. Жігіттер… Көпір аман. Жол да аман. 

(Бәрі терлерін сүртіп, үнсіз бір-біріне қарап жымияды, жеңіс үніндей.)

 

* * *

(Контор. Әлсін түскен жарық айналасында тер мен контор шаңнаы араласып жұмысшылар шай ішіп отыр. Қолдарынан әл кеткен, бірақ жүздерінде мақтаныш.)

Бас мастер. Кеше… Сендер болмасаңдар темір ғана емес, талай тағдыр үзілуші еді. Тарих деген кітапта емес. Мына жолда. Мына сендердің қолдарыңда. (Қайрат төмен қарап, артық мақтауды көтермей.)

Қайрат. Біз... Қолымыздан келгенін ғана жасадық. Қорықсақ та… Тастап кетуге арымыз жібермеді. Жел шайқай алмаған көпірді мына жігіттердің қайраты ұстап тұрды.

(Жігіттер үндемей басын изейді. Өз еңбегінің салмағын іштей сезінеді.)

Автор. Теміржол деген – темір мен болт қана емес. Ердің тынысы, адал маңдай тері. Суды бөгеген шебін емес, жігіттердің жүрегі, қайраты еді.

(Жарық өшеді)

 

* * *

(2024 жыл. Қазақстан темір жолының 120 жылдық мерейтойы. Үй ішіндегі отырыс. Кеш. Мерекелік дастарқан. Қайрат алтын медалін қолына ұстап отыр. Терезеден пойыз дыбысы алыстан естіледі.)

Айжан (жымиып). Қайран жылдар-ай десеңші, Қайрат… 32 жыл өтіпті-ау… Сен алғаш теміржолға келгенде 20-ақ жаста едің.

Қайрат (басын изеп). Иә… Тірліктің басы сол кез екен. Қолымдағы медальді көрген сайын талай түндер көз алдыма келеді…Біз салған рельстер жазық далаға сызық болып тартылғанда, өз жолымды да көргендей болдым. Қара жұмыстың қарасы сіңген қол – менің мақтанышым. Өйткені осы қолдар талай пойыздың тоқтамай жүруіне себеп болды.  (Сахнаның жарығы бәсеңдейді. Қайрат баяу орнынан тұрып, терезе жаққа қарайды.)

Қайрат (ойланып). Аралдың суық желі… Сексеуілдің оттай ыстығы… Солар әлі үстімнен кетпегендей…

Ербол (әкесіне мақтанышпен). Әке, сіздің әр еңбегіңізбен біз өсіп келдік. Біз бүгін қандай болсақ, соның бәрі сіздің жолыңыздан. Біздің үлгі алатынымыз – өзіңіз!

Қайрат. Еңбек деген – айқайламайтын ерлік. Көбі байқамайды… тек уақыт қана оны көруші, әділ бағалаушы. Біз темірді түзеп жүріп, өз жүрегімізді де түзеппіз. Жолдың әр болты бір тағдырдың табаны таймас болсын деген тілектен туған. Сондықтан мен үшін ең үлкен марапат – жолдың тоқтамауы. (Қызы Айнұр әкесінің қолын ұстайды.)

Айнұр. Әке… іссапарға барғандағы жарақаттарыңыз… Балдақпен жүрген кездеріңіз… сол кезде жұмысыңызды тастап кеткіңіз келмеді ме?

Қайрат (күрсініп). Аяғым ауырды… Бірақ жүрегім жолдың үстінде қалатын. Тоқтасаң, бәрі тоқтайды. Пойыз да, өмір де... Менде осындай ғана түсінік болыпты, қызым.

(Келіні Жанар жымиып сөз қосады.)

Жанар. Сексеуіл мен Контудың арасындағы су алып кетпек болған көпірді… Сіздер құтқармасаңыз… кім білсін не боларын?

Қайрат (осы сәтті анық есіне алғандай). Бізде таңдау болмады... Түн демей, күн демей… Тас төгіп, құм төгіп… Сол көпірдің үстінде талай тағдыр тұрған еді…

Айжан. Сен сол кезде балаңдай болып жүрген жігіттерді бастап жүрдің. Мен үйде күтіп отыратынмын… бірақ бір рет те болсын қиын жағдайда «бармаймын» деген жоқсың.

Қайрат. Өйткені әр рельстің артында – үйінде алаңдап отырған бір жүрек бар. Адамдар пойызға отырып, алыс сапарға аттанғанда, олардың жүрегіндегі үміт пен сағыныш біз төсеген рельстердің бойымен жүреді.  Қиындыққа тап келгенде, неге екені белгісіз, көз алдыма сендер елестейтінсіңдер... (Ербол орнынан тұрады, әкесіне жақындайды.)

Ербол. Әке… Мен де теміржолшымын ғой енді. Сіз салған жолмен жүріп келе жатқаныма қазір мақтанышпен қарап тұрмын.

Қайрат (ұлын иығынан қағып). Жол әкенің баласына қалдырар аманаты. Түзу болса, сол жеткілікті. (Немерелері атасының медалін қолдарына ұстап көреді.)

Немере. Ата, сіз батырсыз!

Қайрат (күледі, көзінде жас). Жоқ, құлыным… Мен батыр емеспін. Мен – теміржолшымын. Батыр – сағынғанын аяулысына жеткізген, жолаушыны діттеген жеріне жеткізген әр рельс. Ал әр рельстің артында біз секілді теміржолшыларың қажырлы еңбегі жатыр.

(Мүлгіген тыныштық. Әр кейіпкердің жүзінде құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш. Темір жолдың алыстағы гуілі тағы естіледі.)

Айжан (әдеттегі қоңыр дауысымен). Бүгінгі күнің құтты болсын, Қайрат! Еңбек жолың әлі де ұзақ болсын!

Қайрат (бәріне қарап). Айналайындарым… Мен жалғыз емеспін. 32 жыл емес… Бүкіл өмірім сендер үшін, аман жеткен жолаушы үшін болсын! (Барлығы ортаға шығып, бір-бірін құшақтайды.)

(Сахна жарығы күшейеді. Терезеден пойыздың дабылы қаттырақ естіледі. Пойыз үнімен бірге отбасының бақытты үні бірге қосылып шығуда.)

Соңы