Павлодарлық оқушы зағип жандарға арналған «ақылды көзілдірік» ойлап тапты

Әдетте зағип жандар жолдағы кедергілерді таяқтың көмегімен анықтайды. Ал жаңа инновациялық көзілдірік қандай қызмет атқарады?

Павлодарлық оқушы зағип жандар үшін «ақылды көзілдірік» ойлап тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап. 

Жасанды интеллект незігінде жасалған құрылғы қолданушылардың қауіпсіздігі мен еркін қозғалысын қамтамасыз етеді. Әдетте зағип жандар жолдағы кедергілерді таяқтың көмегімен анықтайды. Ал жаңа инновациялық көзілдірік қандай қызмет атқарады?

Жанкелді Дәрменовтің ғылыми жетекшісі Әсел Кәрібжанованың айтуынша, бұл жобаны қолға алуға екі вагонның ортасында қысылып қалған зағип жанның оқиғасы түрткі болған.

– Әр проблеманың шешу жолдарын салыстыра келе біздің шешіміміз неге тиімді екенін дәлелдеуге тырыстық. Соның әсерінен жаңағы көзілдірік ойлап шығарып, оған жаңағы бірнеше датчиктар дейді ол қозғалыс датчик, бөгетті анықтау датчиктарын орналастырып көрдік. Солардың ең тиімдісін алып шықтық деп ойлаймын, – деді Әсел Кәрібжанова. 

Жангелді Дәрменов бұған дейін де бірнеше жобаның авторы атанған. Ол жойылып кету қаупі төнген балық түрін өсіретін ферманың макетін жасап, экологиялық бағыттағы бастамаларға үлес қосты. Сондай-ақ ғарыштан ақпарат алатын жүйе бойынша да зерттеу жүргізіп келеді. Жас өнертапқыш жаһандық маңызы бар күрделі тақырыптарын кейінге ысырып, әлеуметтік мәселелерді инновациялық жолмен шешуге ден қойған.

–  Бұл көзілдірік көзі нашар көретін адамдарға қала ішінде өз бетінше жүріп тұруына жағдай жасайды. Төмен және жоғары қашықтықты өлшейтін екі ультрадыбыстық датчик орнатылған. Құрылғы арнайы мобильді қосымшамен жұмыс істейді. Ол пайдаланушыға дауыс арқылы басқару, GPS-навигация, маршрут құру, сондай-ақ айналадағы жазулар мен маңдайшаларды оқуға мүмкіндік береді, – дейді Жангелді Дәрменов. 

Көзілдірік компьютерлік көру функциясы бар камерамен жабдықталған. Камера анықтаған нысандарды жасанды интеллект талдайды. Мысалы, баспалдақ пен бағанды ажырата алады. Павлодарлық оқушы әзірлеген «ақылды көзілдірік» жобасы еліміздегі үздік әлеуметтік бастамалардың бірі ретінде танылды.