Франциядағы 160 адвокаттық коллегияның өкілдері Париж көшелеріне шығып, зейнетақы жүйесінің реформасына қарсы наразылық шеру ұйымдастырды, – деп жазады 24.kz. Дереккөздің жазуынша, ереуілшілерге пилоттар мен жекеменшік дәрігерлер қосылды. Реформаға сәйкес, олардың әлеуметтік аударымдар мөлшері едәуір артатын болды. Үкімет салалық дербес зейнетақы қорларынан бас тартып, бірыңғай жүйе құруды көздеп отыр. Адвокаттар ереуілі бір ай бойы жалғасып келеді. Осының салдарынан соттардағы істерді қарастыру мерзімі бірнеше ай кейін қалып отыр. Ереуілшілердің айтуынша, үкімет шешімі бірқатар мамандықтарға қауіп төндіріп отыр. Өйткені жаңа ережелер бойынша көбісінің әлеуметтік аударымдар жасауға мұршасы жетпейді.
Сен-Сан-Дени департаменті коллегиясының адвокаты Ариана Бобети: «Бұл реформа бойынша, табысың төмен болған сайын, әлеуметтік аударымдар жасау қиындай түседі. Ол табысыңызға сәйкес 20-40% артады. Бірақ зейнетақы мөлшері азаяды. Яғни көбірек ақша аударсаңыз да, болашақта аз зейнетақы аласыз. Бұл жаңа жүйе әділетсіз!», – деді.