Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің 70 пайызы қашықтан жұмыс істеу тәртібіне өтті. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен онлайн режімдегі брифинг барысында айтты. «Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан халқының қауіпсіздігі үшін елімізде төтенше жағдай енгізілді. Премьер-министрдің жетекшілігімен төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия бүгін де жұмыс істеп жатыр. Қабылданған шаралардың негізгі мақсаты – коронавирус індетінің еліміздің басқа өңірлеріне таралуын тежеу», - деді ол. Үкімет басшысының орынбасары осы мақсатта нақты бірнеше шара қабылданғанын еске салды. «Біріншіден Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына қалаларына кіріп-шығу шектеледі. Наурыз айының 22-нен сағат 00.00-ден бастап аталған екі қала мен әуе, темір жол, автобус арқылы адам тасу тоқтатылады. 22-не дейін азаматтарға елорда мен Алматыға еркін келуге немесе кетуге болады. Екіншіден өндірістік тауарлар сататын және ойын-сауық орталықтары, мәдениет, тамақтану және қызмет көрсету орталықтары уақытша жабылды. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар бұрынғы тәртіп бойынша жұмыс істеуде», - деді ол. Ералы Тоғжанов үшіншіден Президенттің шешімімен Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің 70 пайызы қашықтан қызмет ету тәртібіне өтті. «Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының меншік түріне қарамастан барлық мемлекеттік мекемелердің жұмысы қашықтан қызмет ету тәртібіне өтеді. Бұл шаралардың негізгі мақстаы – әр азаматтың өз үйінде болуын, басқа азаматтармен қарым-қатынасын толығымен шектеуді қамтамасыз ету», - деді ол.