Зейнетақысын алмаған жұмбақ жандар
Зейнетақысын алмаған жұмбақ жандар
«БЖЗҚ-ны қаржылық пирамида деп тануды сұраймын. Өйткені ол салымшылар енгізген ақшаны зейнетке шығатын салымшыларға береді». Әлеуметтік желіде осындай әзіл-әжуа тарады. Бірақ әзілдің де астарында зіл болады. Осы орайда, зейнеткерлік жасқа толған 174 мың адамның БЖЗҚ-дан зейнетақы алу үшін өтініш бермегені туралы мәлімет елді айран-асыр етті.  

Қор зейнеткерлерді жоғалтты

Бір ғажабы, бұл ел арасындағы әдет­тегі қауесет емес, ресми мәлімет. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­ры зейнетақы төлемдерін дер ке­зінде рәсімдеу керегі туралы ұдайы ха­­­­барлап тұрады. Бірақ соған қара­мас­тан 2020 жылдың қаңтарында зей­нет жасына толған және қорда зей­­­нетақы жинақтары бар 174 мың 235 адам әлі күнге дейін зейнетақы тө­лемдерін рәсімдемеген. Нәти­же­сін­де, ешкім талап етпеген зейнетақы жи­нақтарының жалпы сомасы 10 мил­лиард 604 миллион 764 мың 131 тең­геге жетті» деп жария етті БЖЗҚ. Назар аударар жайт, бұл ақпан айын­да таратылған мәлімет еді. Ол кез­де коронавирус дәл қазіргідей ушық­паған. Ал елімізде төтенше жағ­дай­дың енгізілуі, сондай-ақ ең ірі екі ме­га­полисіміз – Алматы мен Нұр-Сұл­танның карантинге жабылуы бұл түйт­кілді ушықтырмаса, шеше қоюы не­ғайбіл: азаматтардың қозғалысы шек­телді. Қор өз мәртебесіне ие болмаған «зей­неткерлерге» іздеу салуын жалғас­тыр­ды. Әрине, үй-үйді аралауға мүм­кін­дігі жоқ, сондықтан зейнет жасына тол­ған, бірақ зейнетақысын сол бойы ал­маған азаматтарға қазақ және орыс тіл­дерінде SMS-хабарлама, элект­рон­ды пошталарына және мекен­жай­ла­ры­на хат жолдапты. «Зейнет жасына жеткен азамат зей­нетақы төлемдерін рәсімдеу үшін тұр­ғылықты жері бойынша ХҚКО-ға жү­гінуі тиіс. Ол жеке куәлігінің түп­нұс­қасы мен көшірмесін апаруы және банк­те есепшот ашуы тиіс. Осы шотқа қор төлемдері және мемлекеттік зей­не­тақылар ай сайын бір мезгілде ауда­ры­лып тұрады. Жалпы, 2020 жылы ер­лер – 63 жаста, әйелдер – 59,6 жас­та, бұдан бөлек, І және ІІ топтағы мү­гедектігі мерзімсіз белгіленген адам­дар қордағы жинағы есебінен зей­нетақы төлемдерін алуға құқылы» деп ес­керт­ті бұл ұйым. Бірден айталық, БЖЗҚ тек өзіне зей­нетақы жарнасын аударған адам­дар­ға ғана зейнетақы тағайындайды. Де­мек, өз бетінше немесе жұмыс беру­шісі арқылы ұзақ жылдар бойы жар­на аударып келген 200 мыңдай адам зейнеткерлікке шықпады.  

Зейнетін бермей, бейнетке салды

Әрине, беріп тұрған ақшасын ал­май­тындай азаматтар ақылсыз емес. Бі­рақ ала алмайды екен. Мысалы, елорда тұрғыны Жұл­ды­зай Бисембаева зейнет жасқа жетсе де, зей­неткерлігін рәсімдей алмай жүр­ге­нін айтып, шағымданды. «2019 жылдың қарашасынан бері құ­жаттарымды тапсыру үшін Нұр-Сұл­тан қаласындағы ХҚКО-ға әл­де­не­ше рет жүгіндім. Жұмыс орнымнан және басқасынан сұралатын анық­та­маларды жүгіріп жүріп жинап шық­тым. Алайда әр барған сайын мін та­бады. Барлық ескертпесін ескеріп, ол­қылықты жойдым. Биылғы ақпан айының соңында барғанымда құжат­та­рым­ды қайтадан қабылдамай тас­тады. Қыз­меткері базаның жабылып қал­ғанын, енді тек 2020 жылғы мамыр айын­да келуім керегін айтты. Сонда бұдан бұрын қасақана құжаттарымды қабылдамай, зейнетақы төлемеу үшін деректер базасы жабылғанға дейін соз­балаңға салған ба?!» деп налыды Жұл­дызай апай. Ол орталықтың әр менеджері әр­түрлі кеңес беретінін, бір анықтаманы бірі мақұлдаса, келесі жолы басқасы одан кінәрат табатынына қынжылыс білдірді. Жас болса бір сірә, егде тартқан кі­сілерді босқа сүргінге салудың қан­шалықты қажеті бар? Негізі, қорға ұзақ уақыт бойы, адал түрде жарна ау­дарып келген адамдарға жасы жет­кенде зейнетақы ешқандай құжат пен анықтама жинаусыз, автоматты түрде та­ғайындалғаны жөн. Тек ақша ауда­ры­лып тұратын банк есепшотын нақ­тыласа жетер еді. Себебі уақытында құжатын рә­сім­дей алмаса, жарты жылға кейінге қалуы мүмкін: нәзік болмыс иелерінің бейнетінің зейнетін көру жасы 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айға ұлғай­тылып отырады. Ақырында 7 жылдан кейін бұл меже 63 жасқа жетіп, тоқ­тауы тиіс. – 2019 жылы әйелдерге 59 жасқа жет­кенде зейнетақы тағайындалатын. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, олардың зейнеткерлікке шығу жасы 59 жыл 6 айға дейін өсті. Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қыз­меттерді көрсету стандартына сәйкес, жа­сы бойынша зейнетақы төлемдерін та­ғайындауға өтінішті ХҚКО қабыл­дай­ды. Зейнетақы сол азамат өтініш­пен жүгінген күннен бастап есептелуі тиіс. Бірақ өтінішпен жүгіну күні ре­тін­де ХҚКО өтінішпен қоса барлық қа­жетті құжаттарды тіркеген күн есеп­теледі, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Ол азаматтардың сергелдеңге түсуіне «Азаматтарға арналған Үкімет» мем­корпорациясы, яғни ХҚКО қыз­меткері жауапты екенін білдірді. Расында, «Азаматтарға арналған үкі­мет» МК қызметінің қағида­ларын­да» жазылғандай, орталық кеңес беру­шілері «алдын ала, құжаттарды тап­сырғанға дейін өтініш берушіге құ­қық­тары мен міндеттерін түсіндіруі, қыз­мет көрсету талаптарымен таныс­тыруы» тиіс. Бұған қоса олар «қажетті құжаттар топтамасын қалыптастыруға көмек көрсетеді және өтініш пен блан­кілердің дұрыс толтырылуын тек­середі». Сонымен қатар «өтініш беру­ші өтінсе, ақпараттық жүйеден қыз­мет алуға қажетті құжаттардың тіз­бесін басып шығаруы» қажет. – Мемлекеттік корпорация қыз­меткерлері азаматтың жасы зей­нет­кер­лік жасқа жетуіне 10 күн қалғанда құжаттарды қабылдайды. Ақпараттық жүйе оған толық мүмкіндік береді. Егер қандай да бір ХҚКО қызмет­кері­нің әрекеті құқыққа қайшы болса, онда Нұр-Сұлтан қаласындағы Мәң­гі­лік ел даңғылы, 10 мекенжайында ор­на­л­асқан «Азаматтарға арналған Үкі­мет» МК» КЕАҚ кеңсесіне жүгіну­ді ұсынамыз», – деді өз блогында ми­нистр Біржан Нұрымбетов.  

Батыста қарттарға – барынша құрмет

Қазақстанда 2020 жылы ең төменгі зей­нетақы (ЕТЗ) мөлшері 38 мың 636 тең­ге болды. Бүгінде қалыптасқан валю­та бағамына шақсақ, бұл ша­ма­мен 80 долларға тең. Салыстыру үшін айтсақ, санк­ция­дан соры қайнаған Ресей Феде­рация­сында әр өңір ЕТЗ көлемін өз бетінше бел­гілейді. ЕТЗ көлемі Чукот және Не­нец автономды округтерінде және Кам­чат өлкесінде жоғары және 16,5-19 мың рубльді құрайды ($235). Ал ең аз ЕТЗ Тамбов облысы мен Чувашияда: 7,8-7,9 мың рубль ($98). Еуроодақтың көшбасшысы Гер­ма­нияда зейнет жасына жеткен не­месе мүгедектігіне байланысты ары қарай жұ­мыс істей алмайтын адамдарға мем­лекет Grundsicherung (базалық тө­лем) тағайындайды. Оның көлемі бұ­рынғы жалақысына байланысты жә­не ең төменгісі 374-416 еуро ара­лы­ғын құрайды (шамамен 212 мың тең­ге). Бірақ осы сомаға қоса, ол аза­матқа баспана жалдау, қысқы жылыту үшін ақша, үйі болса, оны жөндеуге де­меу­қаржы және басқа да шығыс­тары­на өтемақы беріледі. Біз қатарына ұмтылған 30 дамыған мем­лекет қарияларына қарасады, құр­мет-қошеметке бөлейді. Тіпті, ке­дейлерінің өзі ең төменгі зейне­та­қы­сына шетелге шығып демала алады. Біз­дегідей тұздалған азық-түлігін, тос­па-қайнатпасын, басқа да өтімді за­тын көшеде жайып саудалайтын зей­неткер таппайсыз. Біздің Үкіметке ұла­ғат болар үлгі.  

 width=Айхан ШӘРІП