Испанияның экс-королі Хуан Карлос І 2014 жылы тақтан бас тартып, орнын мұрагеріне қалдырғанда әлем қарт монархтың парасаттылығына тәнті болды. Алайда кейінірек корольдың жылы жайын бекер босатпағаны анықталды. Енді, міне 39 жыл ел басқарған Хуан Карлос І-нің басы тағы дауға қалды. Тақ мұрагері, өз баласы король Филипп VI бюджеттен берілетін берешегін шорт кесті. Сонымен, Испанның Бурбондар әулетіндегі жанжал қайдан шықты, неге тоқтар емес? Хуан Карлос І – тақта 39 жыл отырған көнекөз монарх. Ол 1975 жылы генерал Франко көз жұмған соң билікке келді. 39 жылда біраз беделге ие болды. Тіпті, 1981 жылы мемлекеттік төңкерістің алдын алды. Ал сепаратизмге бір табан жақын Каталония мен басктер арасында баланс сақтауға да септігін тигізіп отырды. Жалпы, Испания халқының бірлігіне еңбегі сіңген тұлға. Алайда уақыт өте келе қарт корольдың басы түрлі дауға қалып, абыройдан айырыла бастады. Мәселен, 2008 жылы ол Сауд Арабиясынан 100 млн доллар алғаны және өзіне қарасты қорлар арқылы оффшорлы аймаққа аударғаны белгілі болды. Басқаша айтқанда, сауда қаражатын салықтан жалтаруға көмектескен. 2012 жылы Испания қаржы дағдарысынан қиналып тұрғанда Хуан Карлос І жеке ұшақпен Ботсванаға барып, піл аулауға шығып, сафариге сапарлатқан. Осы әрекеті үшін кейін сынға ұшырап, халық алдында кешірім сұрауына тура келді. Ал 2012 жылы монархтың абыройы төгілді. Оған себепші – қызы мен күйеу баласы. Сол жылы күйеу баласы герцог Иньяки Урдангарин алаяқтық, салықтан жалтару сынды ауыр айыптар бойынша сот алдында жауап берді. Даудың басы 2005 жылы 6 млн еуролық қымбат үй сатып алудан басталды. Жұртшылық бірден ханшайым Кристина мен оның жұбайы сонша қаражатты қайдан алғаны туралы қызыға бастады. Кейінірек Noos Institute қайырымдылық қорын басқарған күйеу бала герцог Иньяки Урдангарин өзінің монархиялық байланыстарын пайдалана отырып, ірі келісімшарттарды жеңіп алып отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ түрлі спорттық шаралар өткізгенде қор бағаларды асыра көтеріп отырған. Корольдың қызы инфанта Кристина да судан таза, сүттен ақ емес екен. Ол да Aizoon компаниясы арқылы біраз салықтан жалтарған секілді. Өз кезегінде жоғарыда айтылған Noos қоры Aizoon-ға заңсыз тапқан қаржыларын аударып отырған. Түскен пайданы король қызы мен күйеу баласы шетелдік сапарларға, үйін жөндеуге, театрларға баруға жұмсап келіпті. Аталған қылмыстың тергеу ісі ұзаққа созылды. Бұл фактілер корольдың тақтан таюына да әкеліп соқты. Қысқасы, аталған экономикалық заңбұзушылықтардың нүктесін сот қойды. 2018 жылы ол жаңа корольдың жездесі Иньяки Урдангаринды 5 жыл 10 айға бас бостандығынан айырды. Ал ханшайым Кристинаға да біраз айып тағылса да, заңсыз қаржыны қолданғаны үшін 265 000 еуро айыппұл төлеумен шектелетін болды. Яғни, оңай құтылды. Бәлкім, сот король отбасының белді мүшесін түрмеге жабудан бас тартқан шығар. 2014 жылы Испанияның жаңа королі атанған Филипп VI осы қылмыстарға қатысы болған үшін 2015 жылы өз әпкесі мен жездесін герцог атақтарынан айырды. Алайда экс-король Хуан Карлос І тақтан кетсе де, басы даудан арылған жоқ. Енді Швейцарияның прокуратурасы бұрынғы тақ иесі Мекке мен Мәдина арасында шапшаң пойыз салу тендерін ұтуға көмектескені үшін испан консорциумынан 100 млн еуро пара алды деп айыптап отыр. Яғни, Испан монархы тендерді алу үшін Сауд монархымен келіскенге ұқсайды. Осы қызметін экс-король жоғарыдағы ірі соммаға бағалаған шығар. Алайда бұл 100 млн еуроны өзі пайдаланбапты. Оның 65 млн еуросын Коринна цу Сайн-Витгенштейн есімді жақын құрбысына сыйлаған, нақтырақ айтсақ оның швейцариялық банктегі есепшотына аударған. Жақын құрбысы деген сөздің мәнін анықтау қиын. Себебі ол корольмен 2006 жылы танысып, жоғарыда айтылған 2012 жылғы Бостванадағы сафариға дейін бірге болған. Көптеген шетелдік сапарларда экс-король оны жанынан тастамаған. Кейбір деректер бойынша, ол Хуан Карлостың көңілдесі болуы да ғажап емес. Бірақ өзі бұл айыпты мойындамайды. Енді Испания монархиясының айналасында осыншама дау әлі жалғасып келе жатқан соң қазіргі король Филипп VI наурыз айында өз әкесінің мұрасынан (қаржы, материалдық дүние) бас тартып, оған бюджеттен бөлінетін 194 мың еуроны тоқтату туралы шешім қабылдады. Тақ иесі осы арқылы бірнеше мақсатты көздеп тұрған сыңайлы. Біріншіден, мұрадан бас тарту арқылы заңсыз қаражатты қолданбайтынын әрі оған өзінің қатысы жоқ екенін жариялады. Ал әкесін қаржы көзінен айырып, заңсыздықты жазалағандай болды. Яғни, халық алдында әділ патша болуға ұмтылуда. Әрине, бұл әкесімен келісілген қадам ба, әлде біржақты қабылданған шешім бе, онысы белгісіз. Бірақ король Филипп VI барлық қаржылық шатақтардан ада екенін дәлелдеп баққысы келетіндей. Испания королі Филипп VI әкесіне қарағанда даулы оқиғалардан алшақ жүр. Бойы 197 см болатын монарх пара алу, көңілдес ұстау, бюджет қаражатын ретсіз шашу секілді жанжалдарға кезіккен жоқ. Бәлкім, әпкесі мен әкесінің қателіктерінен сабақ алған болар. Әзірге саяси қателіктер де жасаған жоқ. 2015 жылы Парламентте ешбір партия басымдыққа ие болмаған соң ол өз құқығын пайдаланып, заң шығарушы органды таратып жіберді. Сол жылы елі қаржылық қиындық көріп жатқанда өз шығынын 20 пайызға қысқартатынын мәлімдеді. Яғни, жағдайға сай әрекет етті. Мүмкін, ол осындай имиджімен Еуропаның өзге монархтарының арасында зор беделге ие болған шығар. Өйткені Филипп VI Дания, Норвегия монархтары ұрпақтарының кіндік әкесі.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА