Алматыда 132 көлікті заңсыз тіркеген бір топ адам сотталды

Үкім заңды күшіне енді.

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті көлік құралдарын заңсыз тіркеу фактісі бойынша тергеуді аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Үш жыл бойы бір топ адам Алматы қаласындағы Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінің көмегімен көліктерді бастапқы тіркеу үшін белгіленген алымдарды төлемей, жалған тіркеу жүргізіп отырған.

Схема ұйымдастырушылары алым төлеуден жалтарғысы келетін автокөлік иелерін іздеген делдалдар арқылы әрекет еткен. Заңсыз әрекеттерді жасыру мақсатында көліктер жалған тұлғалардың атына рәсімделген.

Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізіп, көлік құралдарын заңсыз тіркеуді қамтамасыз еткен.

Нәтижесінде 132 автокөлік заңсыз тіркеуге қойылылып, мемлекетке 1,2 миллиард теңгеден астам залал келтірілген.

Тергеу барысында 273 миллион теңге көлеміндегі алымдар ерікті түрде өтелді.

Сот үкімімен үш кінәлі 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған 7 автокөлік тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енді.