Тау туризмі дамып келеді

Алматы – еліміз бойынша туристер ең жиі ағылатын шаһар. Табиғаты мен қалалық мәдениеті үйлескен мегаполис жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайды.

Ресми статистикаға назар аударсақ, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қалаға 496 944 адам келген. Былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 4,9 пайызға өскен. Ашық дереккөзде жарияланған деректер көрсеткендей, алыс-жақын шетелден келген қонақтар Алматының тауларына ат басын бұрмай кетпейді. Десе де, кейінгі уақытта тауға шығатын туристер саны артқан сайын, қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібіне шығып отыр. Осыны ескерген Алматы қаласының әкімдігі таулы бағыттардағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөле бастады. 

1 мың шақырымнан астам тау маршруты цифрландырылды

Әкімдік мәліметіне сүйенсек, қа­зір­гі кезеңде 10 басым бағыттағы маршруттарды жаңарту жұмысы аяқталуға жа­қын. Олардың қатарында Көкжайлауға шығатын жол, Нұрлытау шыңына бара­тын соқпақ, Бутаковка бағыты, Халық соқ­пағы, сонымен қатар Кімасар және Панорама бағыттары бар. 

– Жоспарланған жұмыс аясында на­ви­гациялық белгілер, ақпараттық тақ­та­лар, бағыттамалар, қоршаулар мен қарау алаң­дары орнатылып жатыр. Соқпақтарда қауіпсіздік құрылымдары, ағаш қапта­ма­лар, сатылар және демалыс аймақтары жа­салған. Тағы бір маңызды нысан – Ал­ма-Арасан бастауы толық жаңғыртылды. Ұзындығы 775 метр болатын соқпақ жаңартылып, бет­кейлері бекітілді. Көпірлер қалпына кел­тірілді және қауіпсіздік жүйелері орна­тылды, – деп көрсетілген әкімдік берген ақпаратта. 

Одан бөлек, қазір Алматы тау­ла­рын­да цифрландыру жүйесін да­мытуға айрықша назар аударылып отыр. Қазірдің өзінде 1 мың шақырымнан астам тау маршруты толық цифрлан­ды­рыл­ған. Мұндай жүйе туристердің қоз­ға­лы­сын бақылап, төтенше жағдайда жедел кө­мек көрсетуге мүмкіндік береді. Қала бас­шылығының дерегінше, 750 шақы­рым­нан асатын маршрут көркейтіліп, жол­дардың қауіпсіздігі күшейтіліпті. Сон­дай-ақ табиғат аясында демалуға ­жағдай жа­сау мақсатында 16 кемпинг-аймақ жа­сақталған. Әлемнің әр нүктесінен ке­летін туристердің жайлылығын қам­та­ма­сыз ету үшін 110-нан астам нысан мен 10 мар­шрутқа арналған аудиогид бес тілде қыз­мет көрсетеді. 

Алматы қаласының ТЖД дерегіне на­зар аударсақ, 2025 жылдың алғашқы 9 айын­да ҚР ТЖМ құтқару бөлімшелері, Алма­ты қаласы ТЖД және еріктілер 300-ден астам іздестіру-құтқару жұмысын жүр­­­­гізген. Іздестіру кезінде 482 адам құт­қарыл­ған. Олардың 88-і – кәмелетке тол­маған балалар. Алматы қаласы ТЖД Тө­тенше жағдайларды жою басқарма­сы­ның басшысы Денис Ярцев жыл сайын тау­ға шығатын турист санының ұлғаюына бай­ланысты жазатайым оқиғалар да кө­бейгенін айтады. Оның сөзінше, әдетте мұн­дай өсім кәсіби альпинистер мен ту­ристер есебінен емес, керісінше, дайын­дық­сыз келетін әуесқойлардың әрекетінен бо­лады. «Туризм басқармасының мәліметі бойынша, біздің таулы аймаққа келетін туристік ағын жыл сайын шамамен 20 пайыз­ға артады», – дейді Д. Ярцев.

Тауда саналы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру маңызды

Қысқы маусымның ашылуына орай Shymbulak тау курортында өткен ақпа­рат­тық сессияда кәсіби құтқарушылар, аль­пи­нистер мен сарапшылар таудағы қауіп­сіздік мәселесін ортаға салды. Бүгінде Shymbulak демалыс орнының өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтсақ, техникалық жабдықтау, құт­қару құралдарын жаңарту, арқан жол­дарын­да профилактикалық жұмыстар жүргізу және эвакуациялау іс-шараларын ұйым­дастыру негізгі басымдыққа айнал­ған.

– Біз үшін тауда саналы мінез-құлық мә­дениетін қалыптастыру маңызды. Әрбір қонақ қауіпсіздікті өз демалысының ажырамас бөлігі ретінде қабылдаса дей­міз. Біз әр маусым сайын ақпараттық сес­­­­сиялар өткізіп, дұрыс жабдықталу мен тау бөктеріндегі тәртіп ережелері туралы ай­тамыз. Сондай-ақ арнайы бейнеро­лик­тер мен нұсқаулықтар таратамыз. Курорт аума­ғын­да ski-патруль – кәсіби құтқару­шылар тобы үнемі жұмыс істеп, жыл сайын шет­елдік мамандардан арнайы дайын­дықтан өтеді. Олардың тәжірибесі мен кеңес­­тері өте құнды, – деді Shymbulak Outdoor бө­лімінің жетекшісі Махамбет Абдуллаев.

Құтқарушылар тау бөктерінде FIS ха­лық­аралық ережелерін сақтауды талап етеді. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, тіпті кей­бір шетелдік курорттарда аталған ере­желерді бұзған азаматтар заңдық тұрғыда жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Осы ретте кәсіби құтқарушы, Shymbulak Outdoor резиденті Александр Голованов тұр­ғындарға тауға шықпас бұрын дайын­дық­ты пысықтап алуға кеңес береді. 

– Таудағы қауіпсіздік – ең алдымен, дұ­рыс таңдалған киім мен жабдыққа бай­ланысты. Суықта тоңып қалмас үшін са­па­лы әрі ыңғайлы киім кию маңызды. Со­нымен қатар қорғаныс құралдарын қол­дану және өз деңгейіңізге сай трассаны таң­дау жарақаттың алдын алады. Ең бас­тысы, нұсқаушылардан кеңес сұраудан тар­тынбаңыз. Бұл – денсаулығыңызды сақ­тап, демалыстың жақсы әсерде өтуіне мүм­кіндік береді, – деді А.Голованов.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы