Бибігүл Жексенбай: Құдай қосқан көршімен арадағы бүгінгі байланыс – өткенге құрмет, болашаққа жауапкершілік

11-12 қараша күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында екіжақты келіссөздер жүргізіліп, маңызды құжаттарға қол қойылды.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс   – өткенге құрмет, болашаққа жауапкершілік. Депутат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапары аясында қол қойылған 13 құжаттың әрқайсысы болашаққа бағытталған нақты қадам екенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

«Кейде саясат пен тарихты түсіну үшін үлкен сөздердің қажеті жоқ. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кремль төрінде айтқан бірауыз сөзі бәрін түйіндеді: «Ресей – Қазақстанның Құдай қосқан көршісі».

Бұл – дипломатиялық әсем тіркес емес, тағдырдың шындығы.

Тарих бізді бір өзеннің екі жағасына орналастырып, бір аспанның астында өмір сүруге жазған. Қиын жылдарда да, бейбіт күндерде де біз бір-бірімізбен қатар жүрдік. Бүгінде сол сабақтастық жаңа мазмұнға ие болып отыр.

Қол қойылған 13 құжаттың әрқайсысы болашаққа бағытталған нақты қадам: экономика мен көлік, ғылым мен экология, қауіпсіздік пен білім саласындағы ынтымақтастық. Бірақ олардың ең бастысы  – сенім. Сенім болмаса, ешбір келісім өміршең болмайды.

Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс географияның ғана емес, уақыттың да аманаты.

Көрші елмен достық қарым-қатынас орнату бұл саясат емес, бұл  – өмірдің заңы. Өйткені көршіңмен тату болмасаң, өз үйіңде де тыныштық болмайды.

Біздің елдің сыртқы саясатының мәні де осы – теңдік пен сыйластыққа негізделген бейбіт көршілік.

Құдай қосқан көршімен арадағы бүгінгі байланыс – өткенге құрмет, болашаққа жауапкершілік», – деді Бибігүл Жексенбай.