Әлемді шарпыған вирустар
Әлемді шарпыған вирустар
335
оқылды
Соңғы отыз жылда дүниенің әр бұрышынан түрлі вирустар шығып, талай елге лезде тарап жатқаны белгілі. Олардан көз жұматын кісі саны да көбейіп келеді. Алайда қауіпті дерттердің ХХІ ғасырда күрт артуының себебі неде? Вирустар қай аймақта пайда болады? «Медицина дамыған сайын жаңа вирустардың арту себебі неде?» деген сауал көпшілікті ма­залайтыны рас. Бірден-бір жауап– адам санының өсуі. Мәселен, 1927 жылы дүниежүзінде 2 мил­лиард халық болса, бар-жоғы 84 жылдан соң (2011 жылы) бұл сан 7 миллиардқа жетті. 2024 жы­лы адамзат 8 миллиард, 2042 жылы 9 миллиардты құрайды де­ген болжам бар. Яғни, пла­нета тұрғындары бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен кө­беюде. Қазір 4 миллиард ха­лық планета құрлығының 1 пайы­зында тұрады. Бір қаланы 20 мил­лионнан аса тұрғынның мекен етуі қалыпты жағдайға айналып барады. Ол шаһарлардың көпші­лі­гінде кәріз жүйесі, таза су, та­залау қызметінің жетіспеушілігі жағ­дайды ушықтырады. Адамдар­дың тығыз қоныстануы түрлі вирустардың таралуына жағдай жасайды. Бұдан бөлек, заманауи вирус­тардың келесі қиындығы – оның тез таралуы. Оның себебі – транс­порт, логистиканың қарқынды дамуы. 2019 жылы барлық әуе­ком­паниялар 4,5 млрд адамды тасымалдаған. 10 жыл бұрын бұл сан 2 млрд халықты құраған еді. Яғни, адамдар жылдам мекен ауыстырып, саяхаттаған сайын түрлі вирустарды өзімен бірге жылдам тасуда. Мәселен, 1918 жы­лы миллиондаған жанның өмі­рін қиған испан тұмауы ви­русы өзге елдерге 6-9 айда тараса, коронавирус бірнеше аптада Қытайдан 16 елге тарап кетті. Бүгінде аталған вирус 170-тен аса елде табылды. Вирустың таралуына себеп болатын келесі факторлар – ет жеу мен дамудың кенже қалуы. Эбола, САРС, коронавирус – барлығы жануардан жұққан вирустар. Планетада адам саны өсіп, кедей елдер тұрғындарының жағдайы жақсарып, етке сұраныс арта бастады. Сәйкесінше, жан­уарлардың сойылу саны кө­бейді. Коронавирус Қытайдың Ухань қаласындағы жануарлар базарында тараған деген болжам бар. Аталған базардың фотоларын қарағаннан-ақ онда санитарлық талаптардың орындалмағаны, тіпті гуманизмге қарсы әрекеттер жасалғаны анық көрінеді. Алайда осы және басқа да вирустар үшін­ші әлем елдерінде тарағанда оларға қарсы вакцинаның, ме­ди­циналық орталықтардың бол­мауы, халықтың көп салада сауат­сыздығы дерттің кең таралуына ықпал етеді. Айталық, эбола Ба­тыс Африка аймағында тара­ғанда онда жайғасқан Гвинея, Либерия және Сьерра-Леоне сынды дамушы елдер вирусты ауыз­дықтай алмай, оның басқа ел­дерге кең етек жаюына кедергі бола алмады. Ал енді соңғы 30 жыл­да әлемді дүрліктірген бір­қатар вирустарға тоқталып кетсек.    width= Эбола. Конгодағы жергілікті өзеннің құрметіне вирусқа осы атау берілді. Алғаш рет вирус 1976 жылы тіркелгенімен, 2014-2015 жылдары бірқатар Африка елдерінде кездесті. Көбіне аталған вирусты жұқтырған адамның не жануардың қаны арқылы тарады. Бұл вирусты жұқтырғандардың 50 пайызы көз жұмды. Вирустың көзі – жарғанаттар болған. Одан зардап шеккендер сол жарғанатты азық еткен жергілікті тұрғындар еді. Бұл вирус 2014 жылы 11 кі­сінің өліміне себепші болса, был­тыр Конгода 2 мың жанды о дүниелік етті. SARS – атипиялық пневмо­ния. Алғаш рет 2002 жылы Қы­тайда тіркелді. Келесі жылы басқа елдерге тарады. О баста кәдуілгі ЖРВИ (жедел респираторлық-вирустық инфекциялары) секілді басталып, кейін науқастардың жағдайы тым нашарлап кеткен. 2003 жылы микробиолог Карло Урбани SARS пандемиясымен күресудің әдісін ойлап тапты. Жалпы, 8 437 жағдай тіркеліп, оның 813 көз жұмды. Аталған ви­рустан қайтыс болу деңгейі эбо­ладан анағұрлым төмен болды, 9-12 пайыз. MERS – таяушығыстық рес­пи­раторлық синдром. Ауру­дың таралуы 2012 жылы Сауд Ара­биясында басталды. Алғашында айқын белгілері білінбеді, ке­йін науқастардың ыстығы көте­ріліп, жөтеле бастады. Көбіне диабет, созылмалы дерті бар кі­сілер шалдықты. Бұл дерт те жа­па­лақтан жұғатыны белгілі болды. 2015 жылы вирус 23 елде тіркелді.  2019-2020 жылдары          2 500-ге жуық азамат осы вирусты жұқтырса, оның 800-900 көз жұм­ды. Яғни, өлімге әкелген жағдай 37 пайызды құрады. Құс және шошқа тұмауы – құс тұмауы алғаш рет 1997 жылы Гонконгта байқалды. Ол кезде 18 адам науқастанып, оның алтауы көз жұмды. Ал 2003-2008 жылдары аралығында 361 кісі аталған ви­русты жұқтырса, оның 227-сі қай­тыс болды. Яғни, вирустың қауіп деңгейі өте жоғары еді, 61 пайызға жетті. Бұл вирустан жан тапсырған адам соңғы рет 2014 жылы Канадада тіркелді. Вируспен күрес барысында мил­­лионнан аса тауықтың көзі жойылды. Ал шошқа тұмауы 2009 жылы кең жайыла бастады. Оны жұқтырғандар 168 елде кездесті. Бұл вирустың ерекшелігі – одан жүкті әйелдер, диабетпен ауыратындар, артық салмағы барлар жапа шекті. Вирус 2 500 адамның өмірін жалмап кетті. Вакцина 2009 жылы табыл­ған­дықтан, 2010 жылы вирус себепші болған пандемияның тоқтағаны жарияланды.  

Әлихан ИСМАН