Астана-Бурабай бағытында әуе рейсі ашылуы мүмкін

Щучинск-Бурабай курорттық аймағы елде туризмді дамытудың үш орталығының бірі болып айқындалды.

Алдағы уақытта Астана мен Бурабай арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ақмола облысы Қазақстандағы туризм драйверінің бестігіне кіреді. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша оң серпін байқалады.

Көрсетілген қызметтердің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 121%-ға артып, 14 млрд теңгеге жеткен. Болжам бойынша, жылдық көрсеткіш 1,5 млн адамнан асады.

«Щучинск-Бурабай курорттық аймағы елде туризмді дамытудың үш орталығының бірі болып айқындалды. Курорттық аймақты 2029 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Биыл курорттың ең көркем жерлерінде 8 алаң, қазіргі заманғы веложол салынды. Ойын элементтері бар бірегей Бөлектау эко жаяу жолы ашылды. Маусымда алғаш рет тікұшақ экскурсиясы іске қосылды. Сонымен қатар Астанамен тікелей қатынас орнату үшін шағын әуежай ашу мәселесі пысықталуда», – деді өңір әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.