Бірақ енді мемлекет бұл салада толыққанды құқықтық орта қалыптастыруды көздеп отыр. Осы мақсатта әзірленіп жатқан жаңа заң жобасы елдің цифрлық болашағын айқындайтын негізгі құжат болмақ. Цифрлық кодекстегі негізгі өзгерістер жайлы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі тарқатып берді.
– Мәжілісте ұсынылған Цифрлық кодекс саладағы қандай негізгі мәселелерді шешуді көздейді?
– Біз айтып отырған кодекс – цифрландыруды тек технология ретінде емес, толық заңдық жүйе ретінде қалыптастыруға арналған негізгі құжат. Бұған дейін цифрлық саланы әртүрлі заңдар, бұйрықтар, ведомстволық ережелер реттеп келді. Әр құжат өз бетінше жұмыс істейтін, бір-бірімен байланысы аз болды. Сол себепті цифрландыру жүйесінің дамуында бірізділік болған жоқ. Президент Жолдауында алдағы үш жылда «цифрлық ел» қалыптастыру міндетін қойған болатын. Ол үшін бәрін бір жерге жинаған, нақты ережесі бар құқықтық негіз қажет. Міне, дәл осы кодекс сол негіз болып отыр.
Өйткені бұл құжат цифрлық мемлекеттің толық құқықтық жүйесін қамтиды. Мысалы, деректер қалай басқарылуы керек, платформалар қалай реттеледі, адамдардың цифрлық құқықтарын қорғау мәселесі, киберқауіпсіздік, цифрлық идентификация қалай жүргізіледі – бәрі осы кодекске енеді. Бұрын әр мәселе бөлек-бөлек құжаттармен реттелсе, енді барлығы бір кодекске біріктіріліп, біртұтас жүйе құрылады.
Кодекстің ең маңызды жаңалығы – енді басты назар техниканың өзінде емес, цифрлық ортада туындайтын құқықтық қатынастарда. Бұған дейін заңдар ақпараттық жүйелерге көбіне техникалық нұсқаулық ретінде қарады: қалай салу керек, қандай талап болуы тиіс, қандай бағдарламалар қолдану керек дегендей. Ал жаңа кодекс «жүйе қазір жұмыс істеп тұр, енді оның ішінде пайда болатын құқықтық қатынастарды реттеу керек» деген жаңа түсінікке көшеді. Бұл – үлкен өзгеріс.
Тағы бір маңызды тұсы – кодекс цифрлық объектілерді, деректерді, платформаларды толыққанды құқықтық объект ретінде таниды. Яғни, деректер енді жай ақпарат емес, экономикалық құндылыққа ие мүлік ретінде қаралады. Олар азаматтық айналымға қатыса алады, алдағы уақытта сатып алу-сату, пайдалану, басқару нысанына айналады. Бұл – цифрлық активтер нарығын дамыту үшін өте маңызды қадам.
Бір сөзбен айтқанда, Цифрлық кодекс тек бүгінгі талаптарды ғана шешпейді. Ол Қазақстанның алдағы он жылдағы цифрлық дамуына арналған берік құқықтық база жасайды. Деректерді қорғауға, цифрлық егемендікті күшейтуге, цифрлық қызметтерді қауіпсіз әрі әділ етуге жағдай жасайды. Сондықтан бұл кодекс – еліміздің цифрлық мемлекетке қадам басуындағы ең маңызды әрі ірі бастамалардың бірі дер едім.
– Кодексте ең көп талқылау тудырған түсінік – цифрлық объектілер мен цифрлық деректердің құқықтық мәртебесі. Бұл қандай өзгеріс әкеледі?
– Цифрлық кодексте алғаш рет «цифрлық объект» және «цифрлық деректер» деген түсініктер нақты құқықтық категория ретінде бекітіледі. Бұған дейін деректер мен платформалар заңда «технология», «жүйе» деп айтылып жүрді, бірақ олардың нақты құқықтық мәртебесі болмады. Ал нарық жағдайында кез келген активтің құқықтық мәртебесі анық болмаса, ол айналымға түсе алмайды, инвестиция тарта алмайды, нарық қалыптаспайды. Сондықтан бұл өзгеріс стратегиялық маңызға ие.
Кодекс цифрлық объектілердің реестрін енгізеді. Бұл реестр ұлттық деңгейде жұмыс істейтін, сенімді, қауіпсіз және құқықтық мәртебесі айқын цифрлық объектілердің тізімі болады. Өзіміздің отандық өнімдерге басымдық беріліп, шетелдік жүйелерге локализация талаптары қойылады. Бұл деректердің ел ішінде сақталуын қамтамасыз етуге, цифрлық суверенитетті нығайтуға көмектесетін тетік.
Ең революциялық жаңалықтың бірі – цифрлық деректердің құқықтық объект ретінде танылуы. Бұған дейін деректер тек ақпарат ретінде қарастырылды. Енді олар құқықтық тұрғыда мүліктік емес тауар ретінде танылады. Яғни, деректерді: иеленуге, басқаруға, сатуға, қолдануға беруге, келісімшарт объектісі етуге мүмкіндік пайда болады.
Бұл бүкіл әлемде қарқынды дамып жатқан data economy үшін өте маңызды. Себебі деректерге құқықтық мәртебе беру арқылы Қазақстанда экономиканың жаңа секторы қалыптаса бастайды.
– Кодексте цифрлық мемлекетті басқару моделі қалай өзгереді? Жаңа жобаның артықшылығы қандай?
– Заң жобасындағы ең маңызды тараудың бірі – «цифрлық ел» ұғымының енгізілуі және мемлекеттік басқарудың цифрлық архитектурасының қайта құрылуы. Бұған дейін мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдар және түрлі цифрлық платформалар өзара жеке-жеке дамып, кейде бір-бірін қайталап, кейде өзара үйлеспей жұмыс істеді. Бұл жүйе халыққа да, бизнеске де ыңғайсыздық туғызды.
Кодекс осы мәселені жүйелі түрде шешеді. Қазақстанда алғаш рет орталық органдар, жергілікті әкімдіктер, ұлттық компаниялар және барлық цифрлық қызметтер біртұтас архитектураға біріктіріледі. Яғни, цифрлық ортада мемлекеттік функцияларды атқаратын субъектілердің бәрі ортақ ережемен жұмыс істейді. Бұл маңызды, себебі қоғамдық мүддені қорғау тек министрліктерге емес, цифрлық қызмет көрсететін жеке компанияларға да қатысты бола бастайды.
Ең үлкен өзгерістің бірі – цифрлық жүйелердің өмірлік циклін толық реттеу. Яғни, кез келген цифрлық жүйе: жоспарлау, жобалау, іске қосу, пайдалану, архивтеу, кәдеге жарату деген сатылар арқылы өтеді. Бүгінге дейін бұл процестердің көпшілігі реттелмеген еді. Әсіресе, архивтеу мәселесі ақпараттық жүйе жабылса, деректер қайда кетеді деген сұрақтар алғаш рет заңдастырылады.
Кодекс цифрлық идентификация мен аутентификацияны күшейтеді. Көпфакторлы, биометриялық идентификация, цифрлық құпиялылық, цифрлық идентиктің қорғалуы бәрі де жаңа талаптармен бекітіледі. Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) сақталады, ал аз маңыздағы әрекеттер үшін жаңа түсінік «цифрлық растау» енгізіледі. Бұл халыққа да, бизнеске де ыңғайлы.
– Киберқауіпсіздік пен цифрлық егемендік мәселесі кодексте қалай қамтылған?
– Бүгінгі цифрлық әлемде киберқауіпсіздік – мемлекеттің тікелей ұлттық қауіпсіздігімен тең. Қазақстан да осы бағытта жүйелі қадам жасап, ақпараттандыру туралы заңды толық өзгертіп, оны «Киберқауіпсіздік туралы» заңға айналдырады. Бұл – жаңа кодекстің ең маңызды элементінің бірі.
Кодекс киберқауіпсіздік саласындағы терминологияны бірізге түсіреді. Бұған дейін кибершабуыл, инцидент, деректерді қорғау, жүйенің тұрақтылығы сияқты ұғымдар түрлі актілерде әртүрлі интерпретацияланып келген. Бұл құқықтық қолдануды қиындататын. Енді киберқауіпсіздікті реттеудің жаңа үш деңгейі енгізіледі. Ең бірінші – функционалдық аудит. Одан кейін, киберқауіпсіздік аудиті. Ең соңғысы – регуляторлық аудит.
Тағы бір маңызды жаңалық – ұлттық цифрлық объектілер ұғымы. Бұл объектілер сатылмайды, шетелге берілмейді, стратегиялық актив деп есептеледі. Мысалы, ұлттық деректер қоры, азаматтардың цифрлық идентификациясы, мемлекеттік платформалар, ұлттық инфрақұрылым.
Бұл – Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтатын тетік. Яғни, елдің цифрлық деректері мен стратегиялық жүйелері шетелдің ықпалында емес, өз заңымызбен қорғалады.
Цифрлық дәлелдер ұғымының енгізілуі де киберқауіпсіздікпен тығыз байланысты. Бұрын сотта немесе азаматтық істерде цифрлық жазбалар, логтар, транзакциялар заңды дәлел ретінде қабылданбайтын жағдайлар жиі болды. Енді олар ресми құқықтық статусқа ие. Бұл құқық қорғау саласын, сот процестерін заманауи деңгейге шығарады.
– Кодекстің инновациялық экосистемаға, платформалық экономикаға және болашақ технологияларға әсері қандай?
– Жаңа кодекс тек бүгінгі цифрландыруды реттейтін құжат емес, болашақ технологиялар мен инновациялық экожүйенің дамуын құқықтық жағынан қамтамасыз ететін жүйе. Бұл бағытта кодексте бірнеше маңызды реформа қамтылған.
Біріншіден, Эксперименттік құқықтық режимдер (ЭҚР) бірыңғай тәртіпке келтіріледі. Инновациялық компаниялар үшін бұл өте маңызды. Себебі бұрын ЭҚР әр жерде әртүрлі талаппен іске асатын. Енді енгізу, мониторинг, тоқтату тәртібі бәрі бір жүйемен жүреді. Инновациялық өнім шығаратын стартап үшін қандай құқықтық талаптар бар, қандай деректермен жұмыс істей алады, бәрі алдын ала белгілі болады. Бұл инвесторға сенімділік береді.
Екіншіден, кодекс цифрлық делдалдарды, яғни маркетплейстер, онлайн агрегаторлар, платформалық сервис иелерін алғаш рет құқықтық субъект ретінде реттейді. Бүгінгі экономикада бұл платформалар тауар өндірушіден де, қызмет көрсетушіден де ықпалды болды. Бірақ олардың құқықтық жауапкершілігі толық анықталмаған еді. Енді олардың деректермен жұмыс істеу тәртібі, пайдаланушы құқығын қорғау міндеттері анық бекітіледі.
Үшіншіден, интернет заттары (IoT), деректер алмасу платформалары сияқты технологиялар заңда нақты ұғым ретінде бекітіледі. Бұл – алдағы 5–10 жылда экономиканың негізгі драйверіне айналатын салалар. Мысалы, ақылды қала инфрақұрылымы, өнеркәсіптегі цифрлық егіздер, логистикалық деректер платформалары, денсаулық сақтау жүйесіндегі IoT құрылғылар.
Олардың бәрінің жұмыс істеу тәртібі, деректерді өңдеу талаптары, қауіпсіздік режимі заңда бекітіледі.
Төртіншіден, смарт-келісімшарттарға құқықтық режим енгізіледі. Бұл – блокчейн жобалары мен жаңа экономикалық модельдер үшін үлкен серпін. Смарт-келісімшарттар дәстүрлі келісімшарттарды толық алмастырмайды, бірақ автоматты түрде орындалатын мәмілелер үшін заңды құралға айналады.
Бесіншіден, цифрлық құқықтардың токенизацияға мүмкіндік беруі инвестиция нарығын түбегейлі өзгертеді. Бұл жылжымайтын мүлік, көлік, өндірістік жабдық, тауар партиясы – бәрін цифрлық активке айналдырып, айналымға енгізуге негіз жасайды. Қазақстан осылайша жаңа цифрлық активтер нарығын қауіпсіз әрі заңды түрде ашатын елдердің қатарына қосылады.
Сондықтан Цифрлық кодекс – инновацияға кедергі емес, керісінше инновацияға жол ашатын құқықтық карта. Ол Қазақстанның болашақ технологиялық экономикасын қалыптастыруға мүмкіндік береді дер едім.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ЕРКІН