Коронавируспен күресудің тиімді тәсілдері
Коронавируспен күресудің тиімді тәсілдері
Американың Science жур­налы COVID-19 пандемия­сы­мен күрес жайында зерттеу мақаласын жариялады. Ға­лымдар коронавирустың жа­сырын таралу жолын жабатын болса, жағдайдың біршама жақсаратынын айтады. Бұл вирус белгілері енді ғана бі­лініп жатқан елдерге қатыс­ты. Осы орайда, әлем елде­рінің вируспен күресте қол­да­натын тиімді тәсілдерін жіктеп көрдік. Алдымен, дүниежүзін дүр­ліктірген вирусқа қарсы вакци­наның пайда болғанын жазып, сүйінші сұрамақпыз. Індеттің таралуына себепші болған ел бе­тін қайтару үшін барын са­лып жатыр. Ақпан айында әлем­дік БАҚ бетінде Қытайдың COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина жасауға бел шеше кіріс­кені туралы айтылды. Тіпті, Қытайдың Ресейдегі консулы вакцинаның дайын екенін айтып, тек ұсақ-түйек тексеру жұмыстары қалғанын хабарлаған. Көп өт­пей Қытайдағы Ғылым және техника министрлігі жанындағы био­технология орталығының бас­шысы «Фавипиравир» препараты жайында мәлімдеме жасады. Жапон корпорациясы әзірлеген препарат Ухань тұрғындарына оң әсер етіп жатыр. Жалпы, жаһанның ондаған зерттеу институты пандемияға қарсы вакцина жасауды көздейді. Әрі олар кішігірім зерттеу есе­бінде сынама тест жүргізеді. Мәселен, жақында Сиэтлдегі Kaiser Permanente Washington Health Research орталығында ке­зекті сынама өтті. Оған адам­дар өз еркімен қатысты. Ал сәуір айында Канзас-сити мен Пен­сильвания университетінің сы­нақ орталығында Inovio Pharmaceuticals компаниясының вакцинасын сынап көрмек. Дәрі-дәрмек пен вакцина болғаны көңілдің орнығуына себепші. Дегенмен соған қара­мастан сақтық шаралары сақ­талуы тиіс. «Ауру айтып келмей­тінін» ескеріп, Сингапур мен Түр­кіменстан тәрізді ертерек қам­данған абзал. Қос ел қандай тәсіл қолданды? Түркіменстан шекарасын «қымтап» жауып, адыраспанды түтетуді ұсынады. Ал Сингапур тәжірибесін төменде топтастырдық. Қарап тұрсаңыз, Сингапур Қытайға жақын ел. Бірақ індет жайылған елдер тізіміне кейінірек енді. Сондай-ақ пандемиямен күрес құрылымын жолға қойды. Ең алдымен ауруды бақылау мен жедел диагностикалық тексеру жүйесін енгізді. Ел үкіметі ақпан айынан бастап кез келген ұйым ғимаратына келушілерді тізімге алды. Мекенжайы мен телефон нөмірін қалдыруды өтінді. Егер қандай да бір жерде коронавирус тіркелер болса, жоғарыдағы ақ­паратқа сүйенді. Бұл құрылым біраз жұмысты жеңілдетті. Сингапур әрі  қарай тексеру амалдарын күшейтті. Елге кел­гендерде вирус белгісі бар-жо­ғын 3 сағат ішінде анықтады. Әрі шетелге шығуға шектеу қой­ды. Осындай шаралардың нәти­жесінде коронавирустан айық­қандардың саны жүзден асты. Мұның сыртында қолды са­бынмен жуу, медициналық маска тағу, дұрыс тамақтану секілді қарапайым ережелер бар. Айта кетерлігі, Сингапурде пандемияға шалдыққандардың саны 300-ден асса да, өлім-жітім тіркелмеген. Қазір сарапшылар Тайвань, Сингапур мен Оңтүстік Кореяның пандемиямен күрес үрдісі Еуропа елдеріне үлгі екенін айтады. Неліктен? Өйткені олар дәрігер ескертпесі мен ережесін қатаң ұстайды. «Шетел аспа, қолыңды сабынмен немесе антисептикпен жиі жу, адамдармен қашықтан аралас, үйде отыр» секілді сөздер тұрғындар үшін заң. Еуропа ел­деріне қарағанда, азиялықтарда үрей басым екен. Себебі олар пандемияның түбі не боларын, қанша адамның тағдырын жал­майтынын түйсінеді. Тіпті, Тайвань билігі халқын алдын ала коронавирусқа қарсы пси­хологиялық дайындықтан өткіз­ген деседі. Ал Оңтүстік Корея жоғары­дағы ескертпеге қоса, теле­фон­ға қосымша жүктеуді тап­сырған. Corona alimi, Corona 100m бағдарламасы арқылы коронавирус жұқтырған адамның бұрын қайда болғаны, қандай жерде мекендегені туралы ақпарат аласыз. Қауіпті аймақта жүрсеңіз мобильді қосымшадан арнайы ескерту хабарламасы келеді. Сондай-ақ егер біреу дертке  шалдықса полиция қызметкерінің оның телефонын тексеруге құқы бар екен. Олар науқастың қалта телефонын тексеріп, GPS арқылы соңғы 2-3 аптада барған жерді анықтап, карантинге жабады. Автобус, метро мен университет есігінде міндетті түрде антисептик қойылады. Медициналық мас­касы жоқ студент сабаққа қа­тыс­пайды. Оңтүстік Кореяда да медициналық маска бағасы қымбаттаған. Сол үшін дәріханада қанша маска қалғанын арнайы бағдарлама арқылы білуге болады. Ал Қытай үкіметі қарқынды шараға қаңтардан бастап көшті. Сөз басында Science журналының зерттеуі жайында жаздық. Сонда АҚШ ғалымдары Қытайдың дер кезінде шекараны жаппағанын, халқының шетел аралауына тыйым салмағанын айтып, налыған. Өйткені олар Ухань мен Хубэй қаласын 23 қаңтардан бастап жапты. Соның өзінде сақтық шарасы, зарарсыздандыру мен тазалық жұмысын күшейтіп, ақыр соңында оң нәтиже көрсетті. Бір аптаның ішінде аурухана салып елді елең еткізгені тағы бар. Бәрінен бұрын биотехнологтарға вакцина мен дәрі-дәрмек ойлап табу жағын жүктеп, бар жағдайын жасаған. Коронавирус ошағына ай­налған Италия болса сақтық ша­расына ден қойғанымен, жағ­дайды уысында ұстай алмады. Өйткені менталитет бәрібір рөл ойнайды. Ғалам вирус деп дабыл қақса да, «ауылы аралас, қойы қоралас» жататын Еуропа бір-біріне «қонақ» болуды тый­маған. Сол үшін сарапшылар пан­демия кезіндегі Еуропа мен Азия жағдайына екітүрлі баға береді. «Тәртіпке бағынғанның құл болмайтыны» белгілі. Осы орайда, Ipsos қос тараптың жү­ріс-тұрысына, жағдайды қабыл­дауына байланысты арнайы зерттеу жүргізген. Зерттеу жеке бас гигиенасы мен жауапкершілік төңірегінде жіктелген. Онлайн сұрақ-жауапқа Австралия, Канада, Франция, Германия, Жапония, Ресей, Ұлыбритания мен АҚШ жұрты қатысқан. Сонда медициналық маска тағу жайын сұрағанда Жапония мен Ресейден басқасы салқынқандылық танытатынын көрсеткен. Адам топталып жүретін жерден алшақ жүру тұрғысында да Жапония «үздік оқушы» атанған. Шетелге шығу, зарарсыздандыру шарасы төңірегінде де Еуропа елдері басқаша пікірде. Сон­дықтан да ДСҰ Еуропа елдерін коронавирустың ошағы деп қауіп­тенеді. Әрі осындай сел­қос­тық жалғаса берсе АҚШ-та Ита­лияның кебін кие ме деп қорқады. ДСҰ дұрысын меңзеп тұр. Өйт­кені темір тәртіпті ұстанып, Үкі­мет айтқанын айқын орын­даса, індеттің беті қайтады. Ұйым коронавирус тізбегін үзу­ді ұсынады. Қалай дейсіз ғой? Жай ғана «үйде қалыңыз». Қа­зір осы атаумен әлемдік челлендж басталып кетті. ДСҰ мәлім­деуінше, әр адамның үйде отыр­ға­ны – ғаламды құтқаруға үлес қосқаны.  

Айбике ЖАНАСЫЛ