Үкімет Мемлекет басшысының өңірлік көлік хабтарын дамыту және әуе қатынасы қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Балқаш қаласының әуежайын реконструкциялауға Арнаулы мемлекеттік қордан 945 млн теңге бөлді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, нысанды реконструкциялау жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға және әуе айлағының негізгі параметрлерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Осылайша, әуежайдың өткізу қабілеті 30%-дан астамға артады.
Қазіргі уақытта жұмыстың басым бөлігі орындалған. Атап айтқанда, әуежайдың негізгі ғимараты мен қосалқы нысандарының шатыры жөнделіп, терезелер орнатылып, кәріз жүйесі және су құбырының негізгі желісі жаңартылды. Сондай-ақ кәріз-сорғы стансасы, трансформаторлық қосалқы станса, желдету және жылыту жүйелері орнатылды.
Сонымен қатар әуежай қызметін қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте қажетті арнайы аэродром техникасын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аэродромдық өрт сөндіру көлігі, жылжымалы трап, шағын автобус және аэродромға арналған жанармай құю көлігі сатып алынған.
Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында елімізде авиациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбеде және басқа да ірі қалалардағы жетекші әуежайларды мультимодальды хабтарға айналдыру үшін ауқымды жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар негізгі туристік аймақтарда (Қатонқарағай, Зайсан, Кендірлі) жаңа әуежай салу және өңірлік әуе айлақтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.