Анти Call-орталық шетелдік аляқтардың 70 мыңнан астам қоңырауын тоқтатты

Астанада соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша, интернет-алаяқтық 22% төмендеді.

Интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимыл және азаматтарымызды қорғау жөнінде жүйелі жұмыстар жалғасуда. Биылғы жылы прокуратура органдары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Астанада алаяқтардың қоңырауларын тоқтатуға және қылмыстар жасалғанға дейін олардың алдын алуға бағытталған Анти Call-орталығы бірегей жобасын  іске қосты. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жұмыс басталған сәттен бастап, үш айдан астам уақыт ішінде ықтимал құрбандарға 70 мыңнан астам шетелдік қоңыраулар тоқтатылды. Орталық білікті операторлармен жасақталған және прокурорлардың тәулік бойы үйлестіруімен жұмыс істеуде. Нәтижесінде, Астанада соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша, интернет-алаяқтық 22% төмендеді.

– Басқаша айтқанда, мыңдаған азаматтар қаржылық шығындар мен алдаудан қорғалған. Сондай-ақ Орталық барлық қазақстандыққа қатысты қылмыстық алаяқтық әрекет жүргізетін шетелдік Call-орталықтары мен цифрлық құрылғылардың орналасқан жерін анықтауға көмектесуде. Ресейдің, Украинаның және Арменияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп, телефондық алаяқтықпен айналысқан он қылмыстық кеңсе әшкереленіп, олардың қызметі тоқтатылды. Олар 63 қаскүнемді ұстады, бейнені және дауысты ауыстыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету (дипфейк технологиясы) және Қазақстан азаматтарының дербес деректер базасы бар жүздеген арнайы техника тәркіленді. Бұл қылмыстардың шегі жоқ, сондықтан оларға қарсы күресте халықаралық өзара іс-қимыл аталған бағытта негізгі құралға айналуда, – деді Бас прокурор.

Беларусь Республикасының құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылып, олармен бірлескен жедел-тергеу тобы құрылды және қазіргі уақытта Беларусьте басқа елдердің, оның ішінде Қазақстанның азаматтарына қатысты қарсы жұмыс істеген 55 адам жауапқа тартылуда. Олардың азаматтарымызға келтірген залалы 67 миллион теңгеден астам соманы құрады.

– Менің тапсырмам бойынша, жобаның ел бойынша ауқымы кеңейтілді. Осыған ұқсас Анти Call-орталықтары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп басқа да облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда құрылуда. Киберқылмысқа қарсы күрес жұмысы жүйелі инновацияларды енгізу арқылы жалғастырылатын болады, – деп мәлімдеді Берік Асылов.