Бүгін Астана қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алған фельдшер көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға орнына дереу жеткен жедел жәрдем қызметінің фельдшері зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқанда, өзі де құлаған кірпіш астында қалып қойған.
8 қарашадан бастап дәрігерлер оның өмірі үшін күресті. Бірақ алған жарақаттар өте ауыр болып, ақ халаттылар қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
– Бақилық болған әріптесіміз өз ісіне адал, жауапты маман ретінде танылған еді. Әріптестері оның ерлігі мен кәсібилігін ерекше атап өтті. Бұл оқиға – тек медициналық сала үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін орны толмас қаза. Қаза тапқан фельдшердің туыстарына, жақындарына және әріптестеріне көңіл айтамыз! – делінген Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жазған жазбада.