Еуропада коронавирус індетіне байланысты өлім-жітім деректері алғаш рет Азиядағы көрсеткіштен асып түсті, деп хабарлайды «Хабар 24». Соңғы мәлімет бойынша Еуроодақта коронавирус құрбандарының саны 3 жарым мыңнан асқан. Жағдай әсіресе, Италия, Франция және Германия елдерінде қиын. Мәселен, осы уақытқа дейін Германияда 12 мыңдай адам вирус жұқтырып, 31 азамат қаза тапты. Елдегі ахуалға байланысты кеше Ангела Меркель халыққа тағы да үндеу жолдады. Канцлер ел аумағында азық-түлік тапшылығы жоқтығын айтып, тұрғындарды сабыр сақтап, тауарларды жаппай сатып алмауға шақырды.
"Жағдай өте күрделі. Сондықтан оған байыппен қараңыздар. Германия Екінші Дүниежүзілік соғыс уақытында да, елдің қайта бірігуі кезінде де мұндай сын-тегеурін алдында болған емес. Сол себепті үкімет ел экономикасындағы тұрақтылық пен жұмыс орындарын сақтап қалу үшін қазіргі уақытта қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Біз бұл дағдарысты еңсеріп шығатынымызға кәміл сенемін. Бірақ оның салдары қалай болары тек бізге байланысты. Осыған байланысты қабылданып жатқан шектеулерге түсіністікпен қарап, бірге болуымыз керек", - деді Германия канцлері Ангела Меркель.Айта кетейік, қазіргі уақытта Германия мен Польша арасында ұзын-сонар кептеліс орнаған. Кей жерлерде оның ұзындығы 60 шақырымға дейін жетеді. Кеден қызметкерлері әрбір жүргізушіні жіті тексеріп жатыр. Осылайша, ауру белгілері жоқ азаматтар ғана Польша аумағына өтуде. Ал Германияға соңғы бір тәулікте 20 мыңдай шетелдік кіре алмай қалған. Жалпы бүгінде Германиямен көршілес 5 мемлекет шекаралық бақылауды енгізген.