Қосшыда қызметтік борышына адал болған фелдьшер Ұлдана Мырзуанды соңғы сапарына шығарып салды

Қоштасу рәсіміне марқұмның жақындарынан бөлек, Ұлттық ұланның өкілдері де қатысты.

Қызметтік борышын өтеу кезінде қайғылы жағдайда қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанды туған-туыстары мен әріптестері Қосшы қаласында соңғы сапарға шығарып салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қоштасу рәсіміне марқұмның жақындарынан бөлек, Ұлттық ұланның өкілдері де қатысты.

Молда құран бағыштап, денесі қолға алынып шығарылды. Ер адамдар зиратқа аттанса, әйелдер қауымы ас беру рәсіміне қатысты. Жүрегі қарс айырылған жақындары мен әріптестері көз жасын жасыра алмады.

Марқұмның анасы Эльза Ерманова қызының мамандығын саналы түрде таңдағанын айтып берді.

«Ол адамдарға көмектесуді өте жақсы көрді және үнемі пайдалы болуға ұмтылды. Ұлдана – өте мейірімді әрі жанқияр қыз болатын», — деп еске алды анасы.

Ұлдана Мырзуан ауыр жарақатты 8 қараша күні Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы шақырту кезінде алды. Ол сол сәтте жедел көмекке мұқтаж адамға көмектесіп тұрған. Қауіпсіз жерге ауысуға мүмкіндігі болса да, пациентінің жанынан кетпей, оған көмектесуді жалғастырған. Дәл сол кезде тоғызыншы қабаттан кірпіш қаптамасы мен кондиционер блогы құлап, үстіне түскен.

Ауыр жарақат алған жас фельдшер дереу ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күресті, алайда 18 қараша күні Ұлдана Мырзуан көз жұмды.