СOVID-19 вирусы таралғанға дейін журналистер жиі жазған тақырыптың бірі – Қордай қақтығысы. Жөн ғой, ақпанның сол бір күндері ел-жұрттың дүрлігіп қалғаны рас. Сондықтан болар масс-медиа бұл тақырыпты көп жазды. Аталған мәселеден мезі болған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та есепті жиынында журналистерді жиып алып, «Қордай, Қордай дей беруді қояйық» деген болатын. Одан кейінгі басқосуларда да «Қордай деп, қайта-қайта айта бермей, тұрғындардың назарын басқа арнаға бұру қажет» деген тапсырмасын берді. Бірақ Бердібек Машбекұлы айналсоқтап өзі тыйым салған тақырыпқа қайта-қайта оралуда. Сондай-ақ сансыз кеңес құрып, «үй ішінен үй тігуде» алдына жан салмай келеді. Тарқатып айтсақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына үкіметтік комиссия мүшелерін бастап барғанда ауыл ақсақалдарының басын қосып, кеңес құру бастамасын құптады. Араға бір жеті салмай Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Қаракемер, Қарасай және Масаншы ауылдарынан 3 өкілден сайланып, 18 адамнан тұратын «Қоғамдық келісім» кеңесі құрылды. Кеңес бастапқыда ауыл жастарының санағын жүргізіп, түйінді түйткілдің тізбегін түзіп, жұмысына жең түріп кіріскенімен, қазір тірлігі саябырсыды. Кеңес құрылған алғашқы сәтте жамбылдықтар: «Облыста Ардагерлер кеңесі бар. Аудан мен ауылдарда оның бөлімдері мен төрағалары сайланған. Одан бөлек, облыс пен аудан, ауылдарда Алқа билер кеңесі жұмыс істеп жатыр. Ол аз десеңіз, облыс әкімдігі жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» мекемесі де талай жылдан бері тірлік етуде. Ассамблеяның да Аналар мен Ақсақалдар кеңесі ресми тіркелген. Сонда бұл кеңестердің барлығы не атқармақ?» деп таңғалған болатын. Расында, бүгінде облыстық Ардагерлер кеңесінің 60-тың үстінде мүшесі болса, аудандық және ауылдық жерлерде 30-дан аса ұйымдары бар. Одан бөлек, әртүрлі мекемеде орналасқан 900 бастауыш ардагерлер ұйымдары қызмет етеді. Алқа билер кеңесінің облыс орталығында 7 өкілі болса, әр ауданда 5, ауылдарда 3 адамнан жұмыс істейді. Барлығын қоссақ 500-ге жуық билеріміз ел арасында жүр. Облыстық Ассамблеяға келсек, «Қоғамдық келісім» кеңесінде облыс бойынша 1 130 мүше тіркелсе, Аналар кеңесінде – 826, ал Ақсақалдар кеңесінде 16 адам ұлттарды ұйыстыру бағытында жұмыс жүргізуде. Одан бөлек, 41 мүшесі бар жастар кеңесі де Ассамблея қабырғасынан құрылған. Бір сөзбен айтқанда, кеңес мүшелерінің тізімінен көз сүрінеді. Енді оған Қордай ауданында жыл басында құрылған су жаңа «Қоғамдық келісім» кеңесін қосыңыз. Бұл аздай, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ақпан айының аяғында бірлік пен ынтымақты насихаттайтын арнайы топ құрып, оны барлық аудандарға жөнелтті. Облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма мен департамент басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері және жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан құралған топ мүшелері елді мекендерді тұп-тура бір апта аралап шықты. Жергілікті жердің жұртшылығымен жүздескен топ мүшелері татулық пен бірлік төңірегінде ой қозғап, тер төгіп қайтты. Алайда топ мүшелері Мойынқұм мен Талас аудандарына табан тигізбеді. Осылайша, іс бітті қылып, қол қаққан топ мүшелері күнделікті тіршілігіне қайта көшті. Осымен сансыз кеңестер мен ақпараттық топ жұмысы түгесілген болар деп ойлағанбыз. Алайда жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Бейбітшілік пен келісім» атты жаңа жобаны жандандырып, Қордай ауданына автокеруенді жөнелтіп жіберді. Аталған елді мекенде 12-17 наурыз аралығында керуен мүшелері әлеуметтік және ауыл шаруашылығы мәселелерін, діни аспектілер мен қауіпсіздікті саралау секілді бағыттар бойынша бес жұмыс тобын құрып, жұмыс істеді. Топ мүшелері ауданның барлық ауылдық округінде болып, жергілікті халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігін және оларды қандай мәселелер толғандыратынын зерделеді. Сондай-ақ спорттық-мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, атқарылған жұмыстар жайлы аудан әкімдігінің әлеуметтік желісіндегі парақшаларында жариялап отырды. Бір сөзбен айтқанда, бұл автокеруен де жоғарыда аталған сансыз кеңестер пен ақпараттық топтың жұмысын қайталап шықты. Осындай кезде «егер ай сайын жаңа ақпараттық топ құрып немесе су жаңа жобаны жандандыратын болсақ, аудандардан қоғамдық келісім кеңесі, ардагерлер ұйымы, аналар, ақсақалдар алқасы, алқа билер мүшелерін сайлаудың қажеті бар ма?» деген ой келеді. Әрине, ортақ мүддеде жұдырықша жұмылғанды біз де құп көреміз. Алайда сансыз адамды күнделікті жұмысынан қалдырып, арнайы топ мүшелерін жасақтап, оны аудандарға жөнелтіп, елді мекендегі халықты әбігерге салып, жинап алып сағаттап жиналыс өткізу қосымша күш пен қаражатты қажет етпей ме? Топ мүшелеріне көлік, жанармай табу, оларды тамақтандырып, жер-жерге орналастыру, одан қалса іссапарлар шығынын төлеу де қазына қаржысына қосымша жүк емес пе? Егер ай сайын ақпараттық топ немесе жаңа құрылған автокеруен елді мекендерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін болса, онда аудандар мен ауылдардағы сансыз кеңестің қажеті бар ма? Ол кеңестің қажетін қамту үшін жылда бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанда, біріне-бірін би қылып, үйі ішінен үй тігудің керегі не? Ал дана қазақ «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деп өзіндік өлшемін де дөп айтқан. Сондықтан сансыз қоғамдық кеңес құрып, ай сайын ақпараттық топты ауылдарға сабылтқанша, әр ұйым өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарса жөн шығар? Біздікі шынға байланған сын, ал одан байлам жасау облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың еншісінде...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы