Қазір бетперде кей сәттерде табыла бермейтін қат тауарға айналып отыр. Қынжытарлығы сол, осындай аласапыран сәтте өзінің құлқынына құл болған пайдакүнемдер сатылымға түсуі тиіс бар затты дәріханалардан қағып кетіп, халықтың пайдалануына кедергісін келтіруде. Ал еліміздің бірқатар аймақтарындағы жомарт жандар қарап отырмай бетпердені тігіп, тегін таратып жатыр. Қунтарлығы сол, абзал жандардың саны күн санап артуда.
Қазіргі елде болып жатқан жағдайға алаңдап, мемлекет тарапынан сақтық шаралар алу мен қауіпті жою мақсатында жүргізіліп жатқан барлық іс-шараларға қолдау білдіріп, көмек қолын созып жатқан тұрғындардың саны күн санап арта түсуде. Солардың бірі Түркістан облысындағы созақтық тігінші Жәмила Қанапина есімді тұрғын бетперде тігіп, ауылдастарына тегін таратуда.
Шыны керек, қазір бетперде мәселесі ауылдарда ғана емес, тіптен қаланың өзінде табыла бермейтін қат тауарға айналып отыр. Қынжытарлығы сол, осындай аласапыран сәтті пайдаланғысы келетін өзінің құлқынына құл болған пайдакүнемдер керісінше сатылымға түсуі тиіс бар затты дәріханаларға жеткізбей, қағып кетіп, халық игілігіне пайдалануға кедергісін жасауда. Ақша қуған алаяқтар ұсталып-тістелсе де әзірге тоқтам болмай тұрған сыңайлы. Бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде аса назар аударылып, халыққа қажет дүинелерді тұрақты қамтамасыз ету жолдары қолға алынған. Дегенмен, еліміздің бірқатар аймақтарындағы жомарт жандар да қарап отырмай бірі азық-түлік пен бетперде тігіп, таратып жатыр. Яғни, қазіргі жағдайда құлқынының құлдары елдік істе зиянын тигізіп жатса, жомарт жандар жұрттың қамын жасап жүр.
«Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, әлемді толғандырған мына індетке қарсы тұруда жұмыла кірісіп, көмек қолын созуды азаматтық парызы санаған Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауыл округіндегі ісмерлік тігін тігіп, нәпақасын тауып отырған, Жәмила Қанапина бір күнде 300 бетперде тігіп, ауыл тұрғындарына тегін таратты.
«Қазір көп жерде медициналық бетперде табу қиындық тудырып отыр. Бағасыда шарықтап барады. Ел басына осындай қиын іс түскенде, халықпен бірге болып, қолымнан келетін кәсібімді пайдалы іске жұмсауды, көпшілікке жәрдемдесуді мақсат еттім. Енді мата жеткізіліп берілсе, тегін тігіп халыққа таратсам деймін», – деді Жәмила Айдарбекқызы.
Аудандық төтенше жағдай жөніндегі штаб төрағасының орынбасары Бағдат Айдарбеков осындай қиын сәтте, қайырымды іс жасап отырған Жәмила Айдарбекқызына алғысын білдірді.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Талғат Әлішерұлының айтуынша, абзал жанның тіккен бетпердесі күнделікті қолданып жүргеннен өзгешелеу.
«Бұл бір рет қана пайдаланатын бетперде емес. Жуып, қайта бірнеше рет пайдалануға болады», – деді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Талғат Әлішерұлы.
Тельман БЕЙСЕНОВ,
Түркістан облысы.