Мемлекет басшысы: «Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді. Демек, су қауіпсіздігі біздің ел үшін ғана емес, аймақ үшін де өте өзекті.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, кейінгі жылдары су ресурстарын басқару саласында кешенді және институционалдық реформалар қарқынды жүзеге асып келеді. Ведомство 2030 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасын, Су шаруашылығын дамыту кешенді жоспары және жаңа Су кодексін қамтитын кешенді құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырды. Осыған орай Су кодексі бекітіліп, «су қауіпсіздігі» ережелері заң жүзінде айқындалды.
Жуырдағы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су қауіпсіздігі байланысты ережелермен таныстырып, су саласындағы қолға алынған кешенді шараларды баяндаған болатын.
– 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: тұрмыста суды үнемдеу жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленді, суды үнемдеу әдістеріне қатысты егжей-тегжейлі талдау бойынша аналитикалық зерттеу жүргізілді, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2 млн мектеп оқушысына арналған «Суды үнемде – болашақты сақта» сабағы өткізілді. Жаңа оқу жылында колледж және жоғары оқу орындары студенттерін қамту жоспарлануда. Судың «қара нарығын» жою мақсатында 2024 жылы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитет құрылды. Бассейндік су инспекцияларының қызметкерлер саны әр облыс орталығында бөлімдер ашу арқылы 98 бірліктен 241 бірлікке дейін ұлғайтылды. Өкілеттіктер кеңейтілді, тексеру рәсімдері жеңілдетілді және су заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді, – делінген министр баяндамасында.
Техника ғылымдарының докторы, су шаруашылығы саласының ғалымы Жұмахан Мұстафаевтың пайымдауынша, Қазақстанда сумен түгел қамтамасыз етіп, егістік алқаптарын тамшылатып суғарып, қар суынына тоған жасап, елді мекендер аумағындағы арналарды реттеп, жерасты суын тек ауызсу мақсатында пайдаланып, жұмысты жүйелі атқару мәселені толыққанды шешуге мүміндік береді. Сондай-ақ елдегі бар су көздерін тиімді пайдаланып, үнемдеу технологиясына көшсек, Қазақстанда су қауіпсіздігін сақтауға толық мүмкіндік бар көрінеді.
– Біздің елде су тапшылығы бары рас. Су қауіпсіздігін сақтауды табиғаттан артық ешкім білмейді. Оны жоспарлап, суды толық игеру адам қолынан келе бермейді. Десе де, су қауіпсіздігін сақтаудың жолдарын қарастыруға болады. Гидрология ғылымында әр 25, 75 жыл сайын табиғаттық айналым иіріміне өтіп, бірде су мол, ендігіде аз болып тұрады. Су тапшылығының туындауына бірнеше фактор бар. Былтырдан бастап судың аз болатын кезеңіндеміз. 1960-2025 жыл аралығында орташа жылдық температура 2 градусқа өсті. Соның салдарынан, таудың басындағы мұздықтар еріп жатыр. Негізі, өзен суларының бәрі жауын-шашыннан пайда болатын. 1940 жылмен қазіргіні салыстырғанда жаңбырдың өзі 15 пайызға азайған. Бұдан шығудың жолдары да бар. Ең әуелі Солтүстік, Батыс Қазақстан өңірлеріндегі қарды атыздарға бөліп жинап, тазартылған артық қарларды үстіне төксек, сонда ерте көктемде қар ерігенде жерге сіңіп кетеді. Ал ылғалды жерге бидай бітік шығады. Одан кейін ауыл-аймақтарға келетін судың басына үлкен тоған орнатып, су арналарын қазып, жаз бойы біртіндеп жіберіп, шаруашылыққа ептеп қолданайық. Сондай-ақ Оңтүстіктегі Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облысындағы жерлерді тамшылатып суғару әдісіне көшірейік. Бір ғана Сырдарияның бойындағы күрішті тамшылатып суғарып, түбінде ылғалды ұстап тұрсақ, Аралға су еркін барар еді, – дейді сарапшы.
Ғалымның айтуынша, Жетісудің өзендері – Лепсі, Қараталдың бойына су қоймасын салып бөгемей, тасып кетпеуін қадағаласақ, Балқашты тартылудан сақтап қаламыз. Бұл әдістер бұрыннан бар. Кеңес дәуірінде Ертіс өзенінің жағасына үш су сақтағыш бөгетін салып, ақыр соңында маңайы көгалсыз құрғап, өсімдік өспей, мал шөптен тарығып, шығынға ұшыратқан. Сонымен қатар су саласы мамандарының әлеуметтік қажеттіліктерін де ойдан шығармаған абзал. Бар суды шаруашылыққа, тіршілікке дұрыстап тиімді пайдалансақ, су тапшылығы болмайды.
Белгілі эколог Мэлс Елеусізов су қауіпсіздігін сақтап, өзен-көлдерді құрғатпай, мұздықтарды ерітпеу керек деп санайды. Ол Каспий, Балқаш, Аралды сақтау, көрші елдермен ортақ конвенция жасау экологиялық зардаптардан құтылудың бірден-бір жолы деп бағамдайды.
– Әсіресе, тұщы сулар азайды. Қазір 44 пайыз мұздықтар еріп, 4 пайыз жер шөлдалаға ұшырады. Арал құрғады, Балқаштың хәлі мүшкіл, Каспий теңізі де тартылып барады. Мұның бәрі табиғатқа көп зиян. Көзге көрінбейтін тұздар, шаң-тозаң ауаны ластап, Гималайдың ұшар басынан табылып жатыр. Бүгінде ғаламдық жылыну күшейді. Дүниеде халық көбейіп, қолданыстағы су қоры азайып барады. Біз аймақ елдері және Қытаймен ортақ конвенцияны қалайда жасауымыз керек. Іргедегі қытайлықтар су мәселесі туралы дүниежүзілік конвенцияға келіспей жатса да, өзімізбен су келісіміне қол қойдырып, бекітіп алуымыз керек. Қазақстан аумағындағы өзен-көлдерді, жерасты суларын зерттеп, мониторинг жасайық. Елде тұщы су, ащы су, аяқсу қоры қанша уақытқа жетеді, қай жерде жаңа су көздері бар – соны зерделейік. Әзірге елдегі су қорлары турасында нақты, бірізді ақпарат анықталып, ғылыми зерделеу жасалмады. Егін-тегінді тамшылатып суғаруға көшуді бәрі айтады, алайда орындалуы шалағай. Мәселен, Алатаудың басындағы қар-мұздықтардың төмендегі қара тастарын ақпен бояп тастайық. Сонда ақшаңқан тастар күн қызуын кері қайтарып, 80 пайызға дейін мұздықтардың ретсіз еруін тежейді, – деді эколог.
Біздің елде су қауіпсіздігіне барынша назар аударылып келеді. Қазақстанда су шаруашылығына байланысты салалық ведомство, арнаулы ЖОО құрылып, ҒЗИ ғалымдарының жұмысы жандана түсті. Бұл процестер су қауіпсіздігі бойынша кешенді жұмыстар қолға алынғандығын білдіреді. Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты, Ғылым және инновация департаментінің басқарма басшысы Әсел Хамзақызы су қауіпсіздігі, тарнсшекаралық өзендер бойынша келісім, суды тиімді пайдалану, кадр тапшылығын жою сияқты бірқатар істер қолға алынғанын мәлімдеді.
– Елде «2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасы» іске қосылды. Бұл құжаттарда нақты мақсаттар бекітілген: 42 су қоймасын салу және қолданыстағы 37 су қоймасын реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам суғару каналдарын жаңғырту, жыл сайын 150 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын су үнемдеу технологияларына көшіру бар. Онда мемлекеттер бюджет есебінен шығындардың 80 пайызына дейін жабады. Сонымен қатар трансшекаралық өзендер бойынша көршілес мемлекеттермен екіжақты және көпжақты келіссөздер жүргізілуде. Бұл шаралар су тапшылығының алдын алуға және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап су саласы мамандарының жалақысы 205 мыңнан 305 мың теңгеге дейін өсіп, 50 пайызға дейін артты. Су саласы мамандарының «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша оқыту мүмкіндіктері де бар. Мәселен, 2024 жылы «Болашақ» бағдарламасының стипендиясы бойынша оқуға мүмкіндік беру үшін тізбеге «Гидрогеология», «су ресурстары» және «су қауіпсіздігі» мамандықтары қосылды. Қазіргі уақытта министрліктің үш қызметкері Аустралия мен АҚШ-та «су ресурстарын басқару» мамандықтары бойынша магистратурасына түсіп, білім алуда. Мұндай ілкімді істер су қуіпсіздігін сақтап, ел келешегіне серпін береді, – деді басқарма басшысы.
Тоқетері, Қазақстанда 48 мың көл, 85 мың өзен бар. Бәрі – трансшекаралық су айдындары. Бізге келетін судың 45-50 пайызы көрші елдерден бастау алады. Ашық дереккөздерде, дүниежүзіндегі судың 98 пайызы ащы су болса, қалған 2 пайызы ғана тұщы су болып саналады. Халық даналығында «судың да сұрауы бар» деп бекер тәмсілдемеген. Демек, су қауіпсіздігін сақтау теңізге тікелей шыға алмайтын біздің ел үшін өте өзекті.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ