«Қазгидрометтің» хабарлауынша, Шығыстағы тау өзендері суларының мөлшері биыл орташа көрсеткіштен 30 пайызға артық. Бұл туралы Өскеменде өткен брифинг барысында құзырлы орган өкілдері хабарлады. Белгілі болғандай, аталған өзендер арнасынан шықса, облыстың үш қаласына, сондай-ақ 15 аудандағы 108 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін. Бұл – 22 мың адам тұратын жеті мың тұрғын үй деген сөз. Арнасынан шығуы ықтимал өзендер қатарында Ертіс, Бұқтырма, Үбі, Үлбі, Громотуха, Нарын, Тұрғысын, Хамир, Ақ Берел, Үлкен Бөкен, Күршім, Қалжыр, Үржар мен Егінсу бар. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесе келе, апаттың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды қолға алған. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
– Ішкі істер министрлігіне қарасты органдардың 1 040 қызметкері, 277 дана техникасы, 184 мотопомпа мен 50 суда жүзу құралы төтенше жағдайға дайын тұр. Өскемен мен Семейде құрамында 130 адамы бар алты мобильді топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, облысымызда су тасқынының бірінші кезеңі наурыздың екінші онкүндігінде өтеді деп күтілуде. Оған өңірде ауа райының күрт жылынуы себепші болмақ. Біз биылғы су тасқыны мезгілін шартты үш кезеңге бөлдік. Облыс аумағында қар еру мерзімі наурызда басталып, маусымның ортасына дейін созылады деп болжануда. Рас, қар мөлшері жылдағыдан сәл артық. Алайда алаңдаудың еш негізі жоқ. Жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмыз. Барлық орган өз міндеттерін ойдағыдай орындайтын болса, қызыл су шығынға батырмайды, – деді брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Титов.Брифингте сонымен қатар Шүлбі су қоймасында атқарылған жұмыстар туралы да айтылды. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикеновтың хабарлауынша, 2018 жылы болған апат қайталанбас үшін Шүлбіде қарғын су жиналатын резервуарлардың көлемі айтарлықтай үлкейтіліпті. Қажет жағдайда бұл резервуарлар 20 күн бойы су қабылдай алады екен. Осы ретте мұндай жұмыстар соңғы 25 жылда алғаш рет істелгенін айту керек.
– Үлкенді-кішілі елді мекеннің барлығында арықтардың арнасын тазарту жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Дегенмен тұрғындар да бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс деп санаймыз. Жерлестерімізді аулалары мен үйінің іргесінен ағып жатқан арықтардың арнасын жиі тазартып отыруға шақырамыз, – дейді Е.Чикенов.Көктемгі жағдайға орай облысқа келген Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары Марат Күлдіков су тасқыны қаупі бар аудандар мен қалалардағы апаттың алдын алу жұмыстарын ширатуды тапсырды. Шығысқа сапары барысында М.Күлдіков облыстық ТЖД бастығының орынбасары Д.Титов, азаматтық қорғаныс саласындағы апаттың алдын алу және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Алексей Штыкель, сондай-ақ «Қазгидромет» өкілдерімен бірге «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның тікұшағына мініп, Өскемен – Риддер – Алтай ауданы – Катонқарағай ауданы бағытында рейд жүргізді. Рейд барысында құзырлы органдардың өкілдері Үлбі, Громотуха, Тұрғысын және Бұқтырма сияқты өзендердегі ахуалды тағы бір мәрте тексерді. Аталған өзендердің бойында Алтай ауданындағы Малеевка, Зубовка, Путинцево, Богатырево, Быково, сондай-ақ Қатонқарағай ауданындағы Сенное, Қоробиха, Барлық, Қатонқарағай сынды елді мекендер орналасқан.
– Тексеріс барысында таулы аймақтарда қар еру үдерісінің жылдамдағанын байқадық. Бұл әсіресе Риддер мен Қатонқарағай аудандарына қатысты. Дегенмен әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Жағдай жіті бақылауда, – дейді Марат Күлдіков.Белгілі болғандай, мамандар өңірдің Ертіс және Бұқтырма сияқты үлкен өзендерінде мұз жару жұмыстарын бастап кетті. Мәселен, Семей қаласы мен Алтай, Шемонайха және Бородулиха аудандарының аумағында қолға алынған осындай іс-шаралар нәтижесінде жалпы аумағы 70 мың шаршы метрге жететін мұз жойылған. Айта кетейік, бүгінде Өскемен мен Семейде құрамында 130 адамы бар алты мобильді топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізуде. Облыста тұрғындарды апат жөнінде уақытылы құлақтандыратын «Дармен» мобильдік қосымшасы іске қосылған. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Көктемгі жағдайға орай, Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары Марат Күлдіков Өскемен қаласындағы су басу қаупі бар учаскелерді де көріп қайтты. М.Күлдіков Солнечный кентіндегі тоғанның, сонымен бірге Маховка өзені мен Безымянный ключ арығының жағдайын тексеріп, құзырлы органдарға су арналарының түбін тереңдету және жағалауын бекіту жұмыстарын бәсеңдетпеуді тапсырды. Сондай-ақ Ахмер кенті мен 22-ықшамауданда атқарылған апаттың алдын алу жұмыстарымен танысты. Тексеру қорытындысы бойынша су тасқыны қаупі бар учаскелердегі іс-шаралардың жоспары белгіленді. Бүгінде құтқарушылар су басуы ықтимал тұрғын үйлерді аралау жұмыстарын жалғастыруда. Рейдтер барысында үй иелеріне су тасқыны кезіндегі іс-қимыл ережелері мен мүлікті қорғау жөніндегі жадынамалар таратылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында соңғы екі-үш күн ішінде күн күрт жылынып, ауа температурасы 16 градусқа дейін көтерілді. Сондықтан тұрғындарға коронавируспен қатар, көктемгі су тасқынын да естен шығармаған абзал.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы