Жаһанды дүрліктірген коронавирустан сақтану үшін Қарағандыда денсаулық сақтау, полиция, ХҚКО және т.б. сала қызметкерлерін жеке құралдармен қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігінің резервінен 700 млн теңге бөлінді. Бұл сома мемлекеттік қызметшілерді қорғауға бағытталмақ. Қазір облыста жұқпалы дертті емдеу үшін 300 және COVID-19 коронавирусымен ауыратын науқастарды оңалту үшін 48 төсек бар. Сондай-ақ 770 провизорлық және 1 325 карантин төсегі дайын тұр. Госпитальдарда жұмыс істеу үшін дәрігерлердің 4 мультидисциплинарлық командасы белгіленген. Олардың құрамына инфекционист, пульмонолог, кардиолог, нефролог, терапевт және педиатр кіреді. Сонымен қатар 3 анестезиолог-реаниматолог бригадасы, орта және кіші медицина қызметкерлерінен 9 бригада ұйымдастырылды. Жұмысқа барлығы 540 медициналық қызметкер тартылды. Бүгінгі күні карантинде 113 адам тәулік бойы бақылауда. Бұл 1А санатындағы елдерден оралған немесе шартты түрде жұқтырғандармен байланыста болған азаматтар. Үй карантинінде 39 адам, медициналық бақылаумен өзін-өзі оқшаулауда – 284 адам, қашықтықтан мониторингте – 273 адам. Облыстың тұрақтандыру қорында 300 тонна – бидай ұны, 24,5 тонна – қарақұмық жармасы, 37,6 тонна – күнбағыс майы, 189 тонна – қант, 1 700 тонна – картоп, 30 тонна – сәбіз, 50 тонна пияз және 50 тонна орамжапырақ бар. Қосымша қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы мен көкөніс сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ өңірде ұн өндіру үшін жеткілікті астық қоры да бар. Әкімдіктегілер азық-түлік тауарларының бағасы көтерілмейді деп уәде беріп отыр. Әзірге тек қант бағасы сәл қымбаттады. Өйткені облысқа келетін қанттың біразын Беларусь елінен аламыз. Ол жақта тауардың өзіндік құны өсіпті. Әзірге қала мен облыс аумағында індет жұқтырған адам тіркелмеді. Сондықтан көлік қатынасында проблемалар жоқ. Өңірдің барлық автопарктері бұрынғы тәртіпте, маршруттар қысқартусыз жұмыс істейді. Қарағанды қаласынан Алматы, Қызылорда, Өскемен және Жезқазған қалаларына жолаушылар пойыздары еш өзгеріссіз жүреді. Қарағанды облысына кіреберіс жолдарда санитарлық бекеттер ұйымдастырылды. Олар Нұра ауданында, Қарағанды қаласының Октябрь ауданында, Жезқазған, Теміртау және Балқаш қалалары маңында пайда болды. Санитарлық бекеттерде өңірге келгендердің барлығында коронавирустық инфекция белгілерінің бар-жоғы тексеріледі. Бұл жұмысты тәулік бойы жүргізу жоспарланып отыр. Бекеттерде тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің мамандары кезекшілік етеді. Облыстың барлық автопарктері күшейтілген санитарлық бақылау режиміне көшті. Барлық оқушылар 16 наурыздан бастап ерте демалысқа жіберілді. Жақын арада олар барлық пәндерден өз бетінше орындау үшін тапсырмалар алады. Облыста барлығы 507 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 198 571 бала оқиды және 17 792 педагог жұмыс істейді. Қазір оқытушылар қашықтан жұмыс істейді. Сонымен қатар өңірде 10 арнайы түзету мектеп-интернаты бар. Онда 1 053 бала оқиды. Олардың барлығы да қазір каникулда. Облыста қосымша білім беру ұйымдарының саны – 100, оның ішінде мемлекеттік– 88. Онда 75 421 бала оқиды. Қазір мектептен тыс ұйымдардың қызметі уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ өңірде 70 колледж жұмыс істейді. Олардың барлығы электронды оқыту платформаларына қосылған. Ең қызығы, облыста тек 70 студенттің ғана интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Олар үшін арнайы оқыту «Қазпошта» АҚ қызметі арқылы жүзеге асырылады. Қалған 36 900 студент Bilimal, Platonus, Smart College және Moduls жүйелерінің көмегімен жаңа білімді игереді. Қысқасы, Қарағанды індеттен аман болу үшін барын салып жатыр.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы