Қарағанды облысының оқушылары Италияда өткен беделді Fibonacci International Robot Olympiad робототехника олимпиадасында екі жүлде жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Астаналық оқушылар да Италияның Рим қаласында өткен халықаралық олимпиадада рекорд орнатты.
Fibonacci International Robot Olympiad дүниежүзілік финалына 18 елден жиналған 623 команда қатысып, логика, инженерия және шығармашылық қабілет бойынша үздіктерін анықтады.
Қазақстан атынан осы жарысқа барған елордалық оқушылардың есімі әлемдік робототехника қауымдастығы алдында ерекше жарқырады.
36 жүлде жиынтығы сарапқа салынған әлемдік додада Қазақстан командалары айқын басымдық көрсетіп, жалпыкомандалық есепте І орынды жеңіп алды. Бұл – еліміздің робототехника тарихындағы ең жарқын жетістіктердің бірі.
Ең жоғары көрсеткіш Қазақстанның иеленген 19 алтын медальдің 17-сін астаналық оқушылар қанжығасына байлағаны.
Астана командаларының нәтижелері:
• 17 алтын медаль;
• 7 күміс медаль;
• 3 қола медаль;
• 5 мотивациялық Jury Award жүлдесі.
Бұл жетістік – Астанадағы техникалық дайындық мектептерінің әлеуетін, жас дарындардың таланты мен еңбекқорлығын, инженерлік ойлаудың жоғары деңгейін дәлелдейтін көрсеткіш. Елорда командалары халықаралық жарысқа жай ғана қатысып қойған жоқ, шын мәнінде жеңіс биігін бағындырды. Олар Қазақстанның болашақ инженерлерінің әлемдік деңгейдегі әлеуетін танытты.
Қарағандыдағы IT-лицейінің Ardobots командасы Blue Entrepreneurship Challenge категориясында үшінші орынға шықса, Саран қаласындағы №17 гимназияның Robo Stars Saran jr командасы робофутбол жарысында күміс жүлде алды. Биыл жарысқа 26 елден 2000-нан астам оқушы қатысты.
Қарағандылық командалар үшін финалға жету жолы оңай болған жоқ: алдымен олар республикалық кезеңде табысты өнер көрсетіп, биыл көктемде Түркияда өткен Еуразиялық іріктеуден сүрінбей өтті.
Ardobots командасының құрамында 7-сынып оқушылары Дінәли Саятұлы мен Аңсар Айткен бар. Оларды тәлімгері Қайрат Исмаилов дайындап, бірнеше жыл бойы жас робототехниктерді тәрбиелеп келеді. Олардың «Аквариумға автоматтандырылған күтім жүйесі» жобасы Blue Entrepreneurship Challenge категориясында үшінші орын алды. Бұл категория олимпиададағы ең күрделі бағыттардың бірі болып саналады және жасанды интеллект, машиналық көру, бағдарламалау және инженерлік дизайн элементтерін біріктіреді.
Оқушылар аквариум иелерінің типтік мәселелерін зерттеп, күнделікті тұрмыстық міндеттерді шешуге арналған ақылды жүйе жасады: температура мен жарықты бақылау, балықты уақытында тамақтандыру, энергияны үнемдеу. Барлық конструкцияларды олар өздері 3D-принтерде жасап шықты.
— Біз жобаны Arduino платформасында 3D-модельдеу мен бағдарламалауды қолдана отырып жасадық. Бұл жобаны тек пайдалы ғана емес, сонымен бірге технологиялық тұрғыдан заманауи етеді. Қосымша аквариумға күтім жасауға көмектеседі: балықты уақытында тамақтандыру, жарықты қосу және мәліметтерді көрсету. Ыңғайлы пернетақта арқылы телефон нөмірін енгізсеңіз, жүйе көрсеткіштер критикалық деңгейге жеткенде SMS жібереді, — дейді Дінәли Саятұлы.
Ең күрделі кезең — жобаны қорғау болды: қатысушыларға тек үш минут беріледі, ал жобаны көрсетуге болмайды. Сондықтан бұл категория олимпиададағы ең қиын бағыттардың бірі саналады. Оқушылар үшін бұл тәжірибе ерекше маңызды болды: шетелдік қатысушылармен танысып, олардың жобаларын зерттеу қызықты әрі пайдалы болды.
Саран қаласынан шыққан Robo Stars Saran jr командасы да жүлде жеңіп алды. 4-сынып оқушылары Антон Евсеев пен Тимур Кәрімов Асель Ақшалакованың жетекшілігімен робофутбол жарысында екінші орын алды. Олар техниканы сенімді басқарып, командалық ынтымақтастық көрсетті.
Италияға жеткенге дейін команда республикалық іріктеуден сүрінбей өтіп, Анталиядағы чемпионатта табысты өнер көрсеткен, бұл оларға әлемдік финалда сынға түсуге мүмкіндік берді.
Robo Stars Saran jr командасының жаттықтырушысы Асель Ақшалакова жарыстың ауқымы туралы айтып өтті: турнирге автономды роботтардан бастап дрондарға дейін әртүрлі модельдер қатысты. Италиядағы басқа ережелер қиындық тудырғанымен, команда бірігіп, лайықты өнер көрсетті.
— Робофутбол — тек қана роботтардың гол соғатын ойыны емес. Негізгі басымдық конструкторлық, модельдеу және бағдарламалауда. Робот берілген параметрлерге сай жинақталуы керек: нақты ені, биіктігі, салмағы 700 грамға дейін болу қажет және ережелерге сәйкес келуі тиіс. Сонымен қатар робот джойстикпен басқаруға бағдарланған. Біз жылдамдықты арттыру үшін роботты беріліс жүйесіне қостық. Жетекші доңғалақ мотор арқылы үлкен айналатын доңғалақты қозғалтып, беріліс коэффициентін арттырды. Сол себепті жоғары жылдамдықта жұмсақ бұрылыс іске аспады. Команда бұл конструкциялық ерекшелікті сақтап, маневрге емес, жылдамдыққа басымдық берді, — деп түсіндірді Асель Ақшалакова.
Fibonacci International Robot Olympiad олимпиадасының басты мақсаты — жас қатысушылардың инженерлік ойлау қабілетін, бағдарламалау және конструкторлық дағдыларын, сондай-ақ командалық жұмыс қабілетін дамыту.