Атыраудағы бассейнде балалардың хлордан улануы бойынша іс тоқтатылды

Үш бала ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген.

Атыраудағы Palma аквапаркінде балалардың хлордан улануы бойынша іс тоқтатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты "Ақ Жайық" редакциясына сілтеме жасап.

Полиция департаментінің дерегінше, биыл жазда жекеменшік Palma бассейнінің директоры ұсталғаннан кейін қылмыстық іс қозғалды.

Оқиға кезінде 15-тен астам адам, негізінен балалар, хлор буына уланып қалған. Үш бала ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген.

Куәгерлердің айтуынша, кенеттен хлор иісі күшейіп, су лайланған. Балалар жөтеліп, есінен танып қалған. Ата-аналар оларды көтеріп алып шыққан. Оқиға орнына дәрігерлер мен құтқарушылар келіп көмек көрсеткен.

Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдайға хлор қоспасын мөлшерлеу кезіндегі қателік себеп болған. Акваорталық иелері су тазарту жүйесіндегі ақауды мойындады.

Оқиғадан кейін нысан жабылып, директорға үй қамағы түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Енді зардап шеккен отбасылармен татуласқан соң, қылмыстық іс тоқтатылды.