Астана–Алматы бағытындағы KC622 рейсінде бір жолаушының жағдайы нашарлап, оған көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты kaz.tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл оқиға туралы Threads желісінде қазақстандық жазды. Оның айтуынша, таңертең ұшақ ұшуға дайындалып, жолаушылар орнығып жатқан сәтте бір жолаушының жағдайы нашарлаған.
Сол кезде көрші қатарда отырған әйел қыздың жағдайын тексеріп, есін жинату үшін көмектесе бастаған. Жолаушының сөзінше, қыздың қан қысымы жоғары болған. Оған су, шай және дәрі берілген.
Стюардесса көмек көрсеткен әйелден кім екенін сұрағанда, ол дәрігер екенін айтқан. Жазба авторы көмек көрсеткен адамның Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова екенін жазды.