Алматыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Nur Otan партиясы Алматы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуровпен онлайн-брифинг өтті. Ол пандемиямен күресу барысындағы Nur Otan партиясының атқаратын негізгі мәселелеріне тоқталды. Станислав Канкуров Nur Otan партиясы еліміз үшін күрделі және қиын кезеңдерде ешқашан шет қалмай алдыңғы қатардан табылатынына тоқталды. «Өздеріңіз білетіндей, Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» партиялық жобалары аясында Nur Otan партиясы тарапынан 75 миллион теңгеден карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жеке қорғану құралдары түрінде атаулы көмек көрсету үшін жалпы сомасы 150 миллион теңге бағытталды. Біз шұғыл түрде көмек көрсету бойынша ұйымдастыру шараларын бастадық. Қазіргі уақытта жеке санитарлық қорғану жиынтықтары дайындалуда. Жиынтықтарды Jas Otan Жастар қанатының еріктілері тікелей байланыссыз әдіспен тарататын болады. Көмек ең алдымен аз қамтылған азаматтарға, оның ішінде ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған көп балалы отбасыларға көрсетіледі» деді. Ол қарапайым партия мүшелері мен қамқор азаматтар ешқашан назардан тыс қалмайтынын айта келіп, кәсіпорындардан, бастауыш партия ұйымдарынан, депутаттық фракция мүшелерінен және қарапайым қалалықтардан көмек көрсету туралы көптеген ұсыныс түсіп жатқанын айтты. Сондықтан Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы мен «Жаңа Алатау» қоры бірлесе отырып арнайы есепшот ашпақ. Оған барлық азаматтар қаражат аудара алады. Одан түскен ақшалай қаражат аз қамтылған азаматтар үшін санитарлық қорғау құралдарын сатып алуға жұмсалады. Ол – маскалар, антисептиктер, санитайзерлер, бактерияға қарсы сабындар және тағы басқалар. «Біздің қайырымдылық қорлармен, сонымен қатар 1 жылдың ішінде 5 мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсеткен «Бақытты отбасы» қорымен нәтижелі жұмыс жасауда тәжірибеміз мол. Сондай-ақ төтенше жағдайлар мен апатты оқиға кезінде зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсететін «Жаңа Алатау» қоры бар. Сол себепті «Жаңа Алатау» қорының базасында арнайы есеп-шот ашуға шешім қабылданды. Қор жұмысы айқын түрде ұйымдастырылып, көрсетілген көмек жөніндегі тиісті есептер жарияланатын болады» деді Станислав Канкуров. Осы мақсатта арнайы комиссия құрылып, оның құрамына Nur Otan партиясының, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, соның ішінде Әлеуметтік әл-ауқат, Қоғамдық даму, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары, аудандық әкімдіктердің, ардагерлер кеңесінің, мүгедектер қоғамының және БАҚ өкілдері, блогерлер енгізілетін болады. Көмек көрсету жөніндегі шешімдер алқалы түрде қабылданып, әр оқиға жеке қаралмақ. Станислав Канкуров болып жатқан жағдайға бейжай қарамайтын тұлғаларды аз қамтылған және айналамыздағы азаматтарды қауіп-қатерден және індеттің таралуынан сақтауға бірге көмектесуге шақырды. Сондай-ақ ол Nur Otan партиясының қалалық филиалының бастауыш партия ұйымдары мен Алматы қалалық филиалының қызметкерлері «Жаңа Алатау» қорына бір күндік жалақыларын аударғанын айтты. Сонымен қатар Алматы қаласы мәслихатының депутаттары – партияның депутаттық фракциясының мүшелерімен демеушілік көмек көрсету жөнінде келіссөздер бар. Шоттың деректемелері қала әкімдігі мен Nur Otan партиясының әлеуметтік желілердегі парақшаларында көрсетіледі.
Гүлнар ТӘЖИЕВА