Солтүстік Қазақстанға Астанадан барған жас жігіт пен қыз синтетикалық есірткімен ұсталды

Сараптама нәтижесінде бұл заттың α-PvP атауымен белгілі синтетикалық психотроптық ұнтақ екені анықталды. Жалпы салмағы 84 грамнан асады.

Петропавлда полицейлер 18 жастағы астаналық жігіт пен 17 жастағы қызды ұстап, тінту барысында изолентамен оралған үш түйіншекті тәркіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сараптама нәтижесінде бұл заттың α-PvP атауымен белгілі синтетикалық психотроптық ұнтақ екені анықталды. Жалпы салмағы 84 грамнан асады.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша ("есірткі заттарын өткізу мақсатында сақтау және тасымалдау") 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Жігіт қамауға алынса, қызға “келу туралы міндеттеме” түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.

Полиция бұл жағдайдың ерекше екендігін атап өтті. Мұндай есірткі түрі өңірде тіркелген қылмыстық істерде сирек кездеседі. Жыл басынан бері СҚО бойынша 56 "жасырын қойып кетуші" ұсталып, оның 40-тан астамы өңірге сырттан келгендер.

 

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде ұсынылатын "жеңіл табыс" туралы уәделерге сеніп қалмауға шақырады. Есірткі айналымын тоқтату құқық қорғау органдарының басым бағыттарының бірі болып қала береді.