Абай облысында «Абай салбурыны – 2025» республикалық құсбегілер турнирі өтті

Екі күнге созылған тартысты турнир аясында құмай тазы жарысы да болды.

Абайдың 180 жылдығына орай ақынның туған жері – Абай ауданының Жидебай қорығы аумағындағы  TauKum  этноауыл кешенінде ұйымдастырылған бүркітшілер бәсекесінде еліміздің 9 облысы мен 3 қаласынан 70-ке жуық бүркіт, 14 ителгі мен 15 қаршыға өнер көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Екі күнге созылған тартысты турнир аясында құмай тазы жарысы да болды.

Жарысқа қатысушылар турнирдің жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Мысалы, Қарағанды облысынан келген қатысушы Темірәлі Төлегенұлы өз әсерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салт-дәстүрлерімізді дәріптеуге арналған шараның жабылу салтанатына облыс әкімі, республикалық құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли қатысты. Шымкент қаласының мәдени күндері аясында облысымызға келген делегация өкілдері де аймақ басшысымен бірге сайыстың марапаттау рәсімінде болды.

Бүркітшілер сайысында астаналық Ерасыл Серікбек «Қарашолақ» атты құсымен 1-орынды иеленді. Қаршыға бәсекесінде Жамбыл облысынан келген Берікболсын Бабажан жеңімпаз атанды. Құстың аты – «Қанжар». Ителгі жарысында Бабажан Бақдаулет «Қаракөз» атты құсымен жеңіске жетті. «Құмай тазы» додасында Үржар ауданының қатысушысы Рахат Ақылжанов топ жарды.

Дәстүрлі әнші, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева мен ҚР мәдениет қайраткері Өмірқұл Айниязов өнер көрсетіп, әннен шашу шашты.

Шара барысында Жапонияда өткен ХХV Сурдлимпиада ойындарында дзюдодан қола медаль иеленген Алтынбек Кәкітаевқа Абай ауданы тұрғындары атынан автокөлік, жаттықтырушысына сертификат табыс етілді.