"Верный Капитал" компаниялар тобы коронавируспен күрес үшін республикалық қорға миллион доллар бөледі. Коронавирустың жаһандық пандемиясы жағдайында елдегі экономикалық және әлеуметтік ахуалды тұрақтандыру үшін Қазақстан Президенті мен Үкіметі қабылдап жатқан шаралар кешенін қолдау мақсатында "Верный Капитал" компаниялар тобы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа үндеуінен кейін республикалық коронавирусқа қарсы іс-қимыл қорына 1 миллион доллар көлемінде қаржы бөлетіні туралы хабарлайды.
"Бүгін әлемде коронавирустық инфекциясын жұқтыру қаупі төнбейтін бірде-бір адам жоқ. Бұл өте қиын уақыт және біз Үкіметтің індеттің таралуының алдын алу шараларын атқаруға көмектесіп, қолдау көрсетіп, оны бірге уайымдауымыз керек. Мен қазақстандықтарға республикалық көмек қорына 1 миллион доллар аудару туралы шешім қабылдадым. Мен сондай-ақ компания тобының кез келген жағдайда бизнесті әлеуметтік - жауапты жүргізу қағидаттарына адалдығын растаймын", - деп атап өтті Болат Өтемұратов.Бұған дейін Болат Өтемұратов қоры Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирусқа қарсы күрес шараларына 200 млн теңге бөлді. Бұл ақшаға қор ағзада COVID19 вирусының болуын анықтау үшін экспресс-тестілер жиынтығын сатып алады және Министрлікпен және денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесе отырып, талдаудың мобильді пункттерін ұйымдастырады. Осындай қайырымдылық акциялары коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Елбасының шешіміммен Тұңғыш Президент Қоры есебінен 200 миллион теңге бөлінуінен басталған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы өз жолдауында коронавирусқа қарсы күреске арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуын Nur Otan партиясы бақылауында ұстайды деп сенім білдірді. Одан бөлек, Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев та COVID -19 салдарымен күресуге 1 млрд теңге бөледі. Ақша Нұр-сұлтан және Алматы әкімдіктері арқылы бөлінетін болады. Сондай-ақ, бұған дейін Nur Otan партиясы тарапынан карантин кезінде қарттар, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсету үшін 150 миллион теңге қарастырылғаны хабарланған болатын. Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек инстаграмдағы парақшасында жазды.
«Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобалары аясында карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғызбасты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 млн теңге бағытталды. Бұл қаражатқа медициналық маскалар, антисептикалық құралдар мен бірінші кезекте қажетті тауарлар сатып алынып, оларды партиялықтар мен Jas Otan волонтерлары халықтың тұрмысы төмен әлеуметтік тобына үлестіріп беретін болады.