Бизнесті қолдаудың жаңа қадамдарын жариялады

Шымкент қаласы мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Жиынға қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, фракция жетекшісі Қайрат Имашев және фракция мүшелері қатысты.

Басқосуда оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын шағын және орта бизнес субъек­тілері үшін корпоративтік және жеке табыс салығы мөлшер­ле­ме­сін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету мәселесі қаралды.

Фракция жетекшісі Қайрат Имашев бұл ұсыныстың өткен сес­сияда көтерілгенін атап өтіп, бастаманың маңыздылығына тоқ­талды.

«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режимінің мөл­шерлемесін Салық кодексінде көзделгендей 2% деңгейінде бе­кіту мүмкіндігін ұсынып отырмыз. Салықтың төмендеуі ша­ғын және орта бизнесті көлеңкеден шығаруға, кәсіпкерлікті ашық әрі айқын жүргізу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ете­ді. Бұл қадам салық базасының кеңеюіне, бизнестің тұрақ­тылығына және қалаға жаңа инвестицияның келуіне жол аша­ды», – деді ол.

Фракция мүшелері Қайрат Имашевтің бастамасын бірауыз­дан қолдады. Фракция жетекшісі бұл шешім кәсіпкерлер үшін елеулі қолдау болатынын айта келе:

«AMANAT» партиясы әрдайым бизнесті дамытуға бағыт­тал­ған нақты қадамдар жасап келеді. Бұл бағыттағы жұмыс ал­дағы уақытта да жалғасын табады», – деп пікір білдірді.

Отырыста сондай-ақ «AMANAT» партиясының 2023–2027 жыл­дарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдар­ла­ма­сын жүзеге асыру мақсатында әзірленген Жол картасының орын­далу барысы да талқыланды.

Қайрат Имашевтің айтуынша, 2025 жылға жоспарланған бір­қатар іс-шараның орындалмай қалу қаупі бар. Осы ретте ол фрак­ция мүшелеріне жауапты басқармалармен бірлесе отырып, Жол картасындағы міндеттердің сапалы әрі уақытылы орын­далуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Елнар ЕЛТАЙ