Мектептің асы алаңдатады

Бүгінде Жамбыл облысында балалардың астан улануы жиілеп барады. Анығырақ айтсақ, Байзақ ауданында мектеп оқушыларының астан улануы екі жыл қатарынан қайталанып отыр.

2023 жылы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның 44 оқушысы мен екі мұғалімі инфекциялық аруханадан бір-ақ шықса, өткен айда Мырзатай ауылында да балалар астан уланып, білім саласына жауаптыларды аяғынан тік тұрғызды. Сонда балалардың астан улануының жиілеуіне не себеп? Бір қызығы, мұндай оқиғалар тек Байзақ ауданында қайталануда.

Әңгіменің әлқиссасын әріден баста­сақ, 2023 жылдың қараша айында Бай­зақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның 44 оқушысы мен екі мұғалімі улану белгілерімен ауруха­наға түседі. Әуелде 33 оқушы мен екі ұстаздың астан уланғаны айтылса,  дәрі­герлер мен учаскелік медбикелердің  үй-үйді аралап тексеруінің нәтижесінде тағы 11 баладан улану белгілері анық­талды. Олар да амбулаториялық емге жат­­қызылып,  осылайша астан уланған оқу­шылардың саны 44 балаға жетті. Сол кезде  ауданның атқамінерлері балалар­дың астан улануына  аталған мектепті ыстық тамақпен қамтамасыз ететін жеке кәсіпкерді кінәлі ретінде таныған. Алай­да жедел құрылған комиссия тек­се­рі­сінің қорытындысында аталған кәсіп­кер «сүт­тен ақ, судан таза» болып шықты. Бір сөзбен айтқанда, «мектеп оқушылары асха­на асынан уланбаған» деген байлам жасалды.  «Егер асханада дайындалған тағамнан уланған болса, сол күні тамақ­танған барлық баладан белгілері бай­қалуы керек еді» деген уәж айтылды. Нә­тижесінде, бейресми қо­ры­тынды ретін­де сол күні мектеп оқу­шы­ларының бірінің туған күні болып, қуаныш иесі пицца, торт сынды тәтті тағамдар әкел­іп, сыныпта отырыс ұйым­дастыруы мүм­­кін екені алға тар­тылды.  «Сол астан мұғалімдер де ауыз тиіп, оқушылармен бірге уланған» деген болжам жасалды. Осылайша, бұл мәсе­леге қатысты «қазан жабулы күйі» қалды. 

Ал енді күні кеше Мырзатай мекте­біндегі оқушылардың астан улануына  білім саласына жауаптылар мектеп оқушыларының өздері кінәлі деп отыр. Улануға мектеп жанындағы дүкеннен ал­ынған тағамдар себеп болған көрінеді. Аудандық орталық аурухананың мәлі­метінше, 11 қараша күні таңертең бала­лар мектептің қарсы бетіндегі дүкен­нен жылдам дайындалатын тағам­дар алып тұтынған. Арада 1-2 сағат өткен соң бала­ларда жүрек айну, құсу, бас ауруы және әлсіздік сияқты улану белгі­лері бай­­қалған.

Облыстық білім басқармасының ресми мәлімдемесі бойынша, барлығы 12 оқушы Байзақ аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлі­мінде тексерістен өткен. Абырой бол­ған­­да балалардың жағдайы тұрақ­талып, нашарлау белгілері байқалмаған. Оларға тиісті ем-шаралар көрсетіліп, үйлеріне қайтарылған. Зертханалық тексерулер жүргізіліп, уланудың себебін анықтау бойынша жұмыс басталған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес білім басқармасының басшысы мен жергі­лікті билік өкілдері оқиға орнына жедел жеткен.

Қазір мерзімі өткен тауар сатқаны үшін дүкен иесіне қатысты тексеріс жүр­гізілуде. 

– Қазіргі уақытта заң аясында тер­геп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Бұл ретте осы іс-әрекетте қыл­мыс­тық іс бар-жоғын анықтау үшін, біз­дің тарапымыздан Байзақ аудандық поли­ция бөліміне хат жолданды, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиоло­гиялық бақылау департаменті басшы­сының орынбасары Салтанат Әлібаева.

Қалай болған күннің өзінде де жағ­дайға кімнің кінәлі екенін тексерістердің қорытындысы шығарар. Алайда мектеп оқушыларының дүкендегі астан улан­ғаны рас болса, неге кәсіпкердің тауар­лары бұған дейін тексерілмеген? Мек­теп жанындағы дүкендерге қойыла­тын талаптар бар емес пе? 

Негізі  мектеп маңындағы сауда нүктелеріне қатаң қадағалау қажеттігін ата-аналар біраздан бері көтеріп келеді. Бұл жайлы әлеуметтік желілерде де жазылуда.  Ондағы айтылып жатқан пікірлердің дені: «Дүкендердегі сатыла­тын тауарларға қатаң талап қойылуы керек. Білім ордаларының маңындағы сауда нүктелерін жауып, оқушылардың тек асханадан тамақтануын міндеттеу қажет», – дегенге саяды.

Мәселен, Гүлпар Қапбарова есімді желі қолданушысы: «Мектепке жақын сауда дүкендері барлық ауданда орна­ласқан. Баланың тек мектеп асхана­сы­нан тамақ алып ішуін қадағалап, айтып отыру керек. Дүкендерде қолдан жасал­ған бәліш, сэндвич секілді тағамдар, қытайдың түрлі-түсті тәттілері тұрған соң, бала қызығып алады. Бірақ оның қан­дай қолдан шыққаны, ішіндегі ин­гре­диенттері таза ма, білмейміз ғой. Сатушыларға саудасы жүрсе болды. Сол үшін мектепке жақын сауда орындарына ескерту жасау керек немесе жабу қа­жет», – дейді ана. 

Ал облыстық білім басқармасы: «Бала­­ларыңыздың денсаулығын сақтау мақ­сатында мектеп маңындағы дүкен­дерден және белгісіз сауда орындарынан алынатын тез дайындалатын тағамдарды тұтынуды шектеуді, үйден қауіпсіз және балансты тамақ беруді, балаларыңызға дұрыс тамақтану мәдениетін түсіндіруді сұраймыз. Балалардың денсаулығы – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз», – деп Үндеу тастауда.

Әрине, Үндеу жолдаған дұрыс. Алай­да сол іс жүзінде жүзеге асу үшін жауап­тылар, ең алдымен, мектеп жан­ын­дағы дүкен­дерді бақылауға алғаны абзал.  

Байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда бұл Байзақ ауданында екінші жыл орын алып отыр­ған жағдай. Бірінші оқиғада мектепті ыстық тамақпен қамтамасыз ететін кәсіпкерді кінәлап, одан кейін бұл ше­шім­нен тайқып кетсек, күні кеше орын алған жағдайға мектеп жанындағы дүкенді жауапты етіп отырмыз. Бұның ақ-қарасын енді тексеру комиссиясы шығара жатар. Десе де, «жау алыстан келмейтінін» де естен шығармаған жөн. Уланудың салдарымен емес, себебімен күрескен абзал. Әйтпесе, Байзақ аудан­ындағы мектептерде тағы оқушылардың  астан уланбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы