Әлеуметті әурелеген тұмау

Карантин деген сөздің өзі көңілге кірбің түсіретіні рас. Бес жыл бұрынғы COVID-19 қасіреті әлі жадымызда.

Ал биыл жедел-респираторлық вирус өршіп, елді алаңдатып тұр. Дегенмен республика бойынша жаппай карантин жарияланған жоқ. Бірақ індеттің беті қатайған сайын, оқу орындары мен медициналық мекемелерде эпидемияға қарсы шектеулер енгізілді. Ал статистика бойынша, қыркүйек айынан бері 2 миллионға жуық адам жедел-респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. 

Елді елеңдеткен бұл жолғы ви­рустың аты – Гонконг. Бірақ ол шекара асып жеткен бейтаныс індет емес. Қазақстанда бұрыннан бар, жыл сайын айналымда жүре­тін штам. Денсаулық сақтау ми­нистрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Гонконг штамы 2001 жыл­дан бері елімізде бар. Бүгінде ЖРВИ мен тұмаудың таралуына да осы вирус себеп болып отыр. Ба­лалар, егде жаста­ғы аза­мат­тар кез келген вирустық ин­фек­­ция­ны ауыр өткереді. Осы жә­не ал­дағы апталарда жылы ауа райы сақ­талмақ. Сәйкесінше, жел­тоқ­сан­ның ортасына дейін ви­рус та­ралуы жалғасады. Сон­дық­тан адам­дар көп жиналатын орын­­дар­дан аулақ болу, қолды жуу, бөл­­мелерді желдету, мүмкін бол­­са, маска тағу қажет. Бүгін де ха­лыққа бетперде тағу мін­дет­телмейді. Бірақ медициналық қыз­­меткерлер үшін бетперде тағу мін­детті.

– Тұмаудың таралуын тоқтату үшін кем дегенде екі-үш апта ауа температурасы төмен болуы қажет. Биылғы тұмау маусымы былтырға қарағанда 3-4 апта ерте бастал­ды. Байқағандарыңыздай, күн әлі жылы. Бұл тұмау мен ЖРВИ-дің ерте өршуі сияқ­ты қосымша қиындықтар әкеледі. Балалар арасындағы, әсіресе мектеп оқушылары ара­сындағы індет деңгейін төмендету бой­ынша шаралар қабылдануда. Бүгінде 11 өңірде мектептерде белгілі бір шектеу ре­жимі енгізіліп, шамамен 220 сынып қашық­тан оқытуға көшірілді, – дейді министр. 

Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, 25 қара­шада елде 21 451 адамнан вирус анықталған. Оның алдында бір күн бұрын бұл көрсеткіш 1 612 болған. Осылайша, вирусты жұқтыр­ғандар бірден 13 есе артқан. 1 қыркүйектен бері елде 1 998 181 адамнан жедел-респира­торлық вирустық инфекция анықталған. Оның 1 253-і тұмаумен ауырған, басым бөлігі, яғни 1 250-і «Гонконг тұмауына» шалдыққан.

Гонконг штамының ерекшелігі қандай?

Жалпы тұмаудың негізгі төрт типі бар: А, В, С, D. Оның ішінде ең көп тарайтыны – A және В вирусы. Гонконг тұмауы – А вирусының бір штамы. Нақтырақ айт­қанда – H3N2 вирусы. Негізгі симптом­дары – дене қызуының 39°C-тан жоғары болады, құрғақ жөтел, бас ауырады, мұрын бітеледі. Гонконг вирусы Алматыда, Ақтө­бе, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында да анықталған.

– Әлемде тұмаудың штамдары өте көп. Биылғы тұмауды «Гонконг тұмауы» деп жатырмыз. Яғни, H3N2 вирусы. Неге Гон­конг? Себебі былтырғы тұмаудың түрлеріне қарағанда бұл штамның ерекшелігі көп. Адамның температурасы 39-40 градусқа күрт көтеріледі. Науқас әлсіреп, буын-буыны сырқырап ауырады. Шындығына келетін болсақ, штамды нақты білу емдеу процесінде қатты маңызды емес. Алғашқы 48 сағатта барлық ЖРВИ-ды емдеу бірдей. Ал штамды білу эпидемиялық бақылау үшін маңызды. Бір адам тек Гонконг шта­мы­мен, парагриппен ауырады деген түсінік жоқ. Бір адамның анализінде ковид те, гонконг штамы да шығып жатады. Мұны миксинфекция деп айтамыз. Адам­ның организмінде бірнеше инфекция кез­деседі. Ондай жағдайда науқастың халі де басқа­лардан ауырлау болады, – дейді Астана қалалық жұқпалы аурулар орталы­ғының дәрігері Құралай Мырамытова. 

Оның  айтуынша, жедел респираторлық вирустық инфекция тыныс алу арқылы жұғатын, вирустар мен бактериялар арқы­лы қабынатын инфекция. Күнделікті өмір­де ЖРВИ-ды халық қарапайым тілде сал­қын тию, тұмау деп айтып жүр. Қазір осы ауру өршіп тұр. Өйткені ЖРВИ көбіне көктем, күз сияқты маусымдарға бейім. Ауа райы суыта бастағанда грипп, реновирус, коронавирус, парагрипп сияқты вирустар дамып, көбінесе қазан, сәуір, ақпан айларында өршиді. Қазіргі құбылыс та осының айғағы. 

Тұмаумен иммунитеті төмен адамдар жиі ауырады. Иммунитеті төмен санатқа кішкентай балалар, жүкті әйелдер басқа да қосымша диагнозбен диспансерлік тіркеуде тұрған науқастар жатады. Им­мунитеті төмен адамдардың вирусты жұқ­тыр­уы да жылдам. Тұмаудан сақтану үшін жеке бас тазалықты сақтап, денешынық­тыру жаттығуларымен айналысу қажет. Жалпы, саламатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден бас тарқан жөн. Қазан-қыркүйек айларында тұмауға қарсы вак­цинаны алған дұрыс. Вирустардың өршіген маусымында ауырмаған адамдар бетперде тағып жүруі қажет. Егер үйде тұмауратқан адам болса одан бір метр алыс жүру керек және науқастың жатқан бөлмесін желдетіп, гигиена сақтаған абзал.

– ЖРВИ-дың белгілеріне жөтел, мұ­рын­ның бітелуі, мұрыннан су ағу, жұтын­ған­да тамақтың қызарып, ауырсынуы жатады. Температура 40-қа дейін көтеріліп, бас ауырып, әлсіздік пайда болады. Тамаққа деген тәбет те азаяды. Вирустар жөтелгенде, түшкіргенде ауаға таралып, келесі адамға жұғады. ЖРВИ-мен ауырған адам төсек режимін сақтаған дұрыс. Ауы- р­ып жүріп, көп қимыл-қозғалыс жасаған адамның ішіндегі вирустары да белсенді болып, өрши береді. Екінші, жылы су көп ішу керек. Кезінде әжелеріміз ыстық сор­па, ыстық сүтке май сапырып беретін. Оны ішкеннен кейін шәлісімен орап, төсекке жатқызып қоятын. Сосын ауырған адам су болып терлеп, ертеңінде жазылып кететін. Қазақ халқының даналығы осында. Ал қазір үйде ауырған адам өз-өзіне күтіммен қарамайды. Сұйықтықты көп ішкен сайын кіші дәрет пен тері арқылы вирус та дене­ден шығып кетеді. Осы сәтті көп адам жі­беріп алады. Температура 38 градустан жо­ғары болса, қызу түсіретін дәрі ішу керек. Жөтелген кезде жөтелге қарсы дәрі, мұрыннан су ақса, спрей қолдану қажет. Осы жасалған алдын алу шаралары нәтиже бермей, дене температурасы бірнеше күн 39-40 градусты көрсетсе, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет, – дейді дәрігері Құралай Мырамытова. 

Оның айтуынша, карантиндік режим ЖРВИ-дың таралуының алдын алады. Өйткені инфекция ең бірінші ауа арқылы таралады. Мектептер мен балабақшада, қо­ғамдық орындарда адам көп шоғырлан­ғандықтан, вирустың таралуы да жиілейді. Қазір тұмаудан сақтану үшін ойын-сауық орталықтарына, қоғамдық орындарға барудың еш қажеті жоқ. 

Вакцинадан бас тартпа!

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде тұмауға қарсы 2,2 млн адам егілген. Дәрігерлер, әсіресе қарттар мен балалар, созылмалы ауруға шалдыққан адамдар үшін екпе салдыру маңызды екенін атап өтеді. Дегенмен республика халқы үшін егілудің бұл статистикасы аз. Дәрігер Несібелі Сүндетова профилак­тикалық шаралардың дұрыс жүргізіл­меуінен ЖРВИ өршіп тұрғанын айтты. 

– Емханалар тұрғындарға күз-қыс айларында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі қажет. Көп жағдайда түсінбе­гендіктен, адамдар вакцинадан бас тартады. Екіншіден, әлеуметтік жауапкер­шілік болмағандықтан вирус жұқтырған адамдар қоғамдық орындарда жүре береді. Бұл да тұмаудың өршуіне әкеледі. Гриптің алдын алу үшін әр адам бетперде тағып, сырт­тан келгенде қол жуып, үйді жиі желдетуі қажет. Гонконг тұмауы А вирусына жататын штам. Үлкендерде де, балаларда да ауыр түрде өтеді. Тұмаудың соңы ковид­ке ұласады деп ойламаймын. Бірақ симп­томдары жағынан екі вирус та ауыр өтеді, – дейді дәрігер Несібелі Сүндетова.

Біздің қоғам екпе десе үрке қарайды. Бұл әлі де вакцина туралы жалған мифті денсаулық сақтау органдарының жоққа шығара алмай отырғандығынан. Қазір «Тұмауға қарсы екпеден кейін тұмау пайда болды. Сондықтан вакцина алып керек емес» деген пікір жиі кездеседі. Бірақ дәрігерлер «екпе тұмауды тудыруы мүмкін емес, өйткені оның құрамында тірі вирус жоқ. Вирус вакцинаның құрамына кірмес бұрын жойылып, тазартылады» дейді. Жал­пы, тұмау вирустары вакциналарға бейімделеді және жыл сайын мутацияға ұшырайды. Сондықтан тұмауға қарсы вакциналар штамға байланысты жыл сайын өзгеріп отырады. Штамды анықтау және вакцинаны жасау үшін бүкіл әлемдегі ғылыми орталықтар жыл бойы тұмау тура­лы мәліметтер жинайды және алмасады.

Тек АҚШ-та CDC мәліметтері бо- й­ынша, 100-ге жуық вирусология және им­мунология ғылыми-зерттеу орталық­тары FDA-ға деректерді жіберу арқылы вирустық бөлшектердің айналымы мен үлгілерін бақылайды. FDA АҚШ үшін болашақ вакцинаның мазмұны туралы үкім шығарады. Содан кейін ДДҰ-мен бір­лесіп әлемдік орталықтармен деректер алмасу үшін кездесулер өткізіледі. Бағалау деректері талқылауға шығарылады: осы жылы солтүстік және оңтүстік жарты ша- р­ында вирустың қандай бөлшектері тарала­ды. Осы деректердің негізінде вак­циналар­ды дайындау бойынша ұсынымдар жасала­ды. Алайда әр ел өзі үшін лицен­зияланған вакциналарға қандай штаммдар енгізілетіні туралы түпкілікті шешімді жеке қабылдай­ды.

– Баласы бар ана ретінде, адам ретінде айтамын, міндетті түрде вакцина алыңыз­дар. Тұмаудың эпидемиясы кезінде ең сенімді қорғаныс – екпе. Қазір стационарда науқастарды қабылдағанда, вакцина алған адам мен алмаған адамның айырмашы­лығын байқап жүрміз. Вакцина алған адам тұмауды жеңіл өткереді, – дейді Астана қалалық жұқпалы аурулар орталы­ғының дәрігері Құралай Мырамытова.

Вирус балаларға ауыр тиіп жатыр

Әлеуметтік желіде «балалар аурухана­сында орын жоқ» деп дабыл қаққан ата-аналар ауруханада кезекті бір түн күткенін, дәлізде жатқанын жарыса жазуда. Бұл тек Астанада ғана емес, еліміздің басқа өңір­лерінде де кездесіп жатқан мәселе. №3 көп­бейінді балалар ауруханасының дирек­торы Марат Абдуовтың айтуынша, стацио­нар 288 төсекке есептелген, алайда паци­енттердің көбеюіне байланысты төсек қоры 453-ке дейін кеңейтілді, оның ішінде 243 төсек вирустық инфекциясы бар балаларға арналған. 

– Тәулік сайын стационардың қабыл­дау бөліміне 450-500-ге дейін науқас жү­гінген. Солардың тек 20-25%-ы ғана ем­деу­ге жатқызуды қажет етеді. Қалғандарына үй жағдайында емделу үшін дәрігердің тиісті ұсынымдары берілді, – деп атап өтті инфекциялық аурухананың басшысы.

Сонымен қатар ол ата-аналарды ста­ционардың қабылдау бөлімінде жиналмауға шақырды, себебі бұл өзге инфекциялармен айқаспалы жұқтыру қаупін арттырады. Ал педиатр Мадина Мусаханнның пікірінше, қазір ЖРВИ-мен ауырып жатқан балалар көп. Олардың басты шағымы жоғары тем­пература. «Баланың ыстығын немен? Қай кезде түсіреміз?» деген сұрақты ата-аналар жиі қояды. Баланың температурасын түсіру үшін ибупрофен мен парацетамол деген екі дәрінің түрін ғана қолданамыз. Ибупрофен дәріханаларда ибуфен және нурофен, ал парацетамол тайлол, панадол, цефекон, эффералган деп сатылады. Ибу­феннің дозасын баланың салмағына қарай есептейміз. Мысалы, үйдегі ибуфеннің дозасы 100/5 болса, онда баланың салма­ғын екіге бөлу керек. 10 келі балаға, 5 миллилитр ибуфен беру қажет. Ал егер ибуфен 200/5 болса, баланың салмағын төртке бөлеміз. Ибуфен үшін интервал – 6 сағат. Ол дегеніміз бала түскі сағат 12-де ибуфен ішсе, келесі ибуфенді кешкі 6-да ғана бересіз. Одан жиі беруге болмайды. Бір тәуліктің ішінде ибуфенді тек 3-4 рет қана беру керек. Ал парацетамол баланың салмағын есептегенде 15келі/мг болып есеп­те­леді. Баланың салмағына қарай дәрігер­ден дәрінің дозасын біліп алу қажет. Ал интервал төрт сағат. Көп жағдайда ибуфен бергеннен кейін 6 сағаттың ішінде баланың температурасы қайта көтеріліп кетуі мүм­кін. Ондай жағдайда екі дәріні кезектестіріп 2-3 сағаттан кейін парацета­мол беру қажет.

– Баланың ыстығын түсіретін кезде гра­дустағы санға емес, баланың жағдайына мән беру керек. Кейбір бала 37 градуста мазасызданып, жатып қалуы мүмкін. Он­дай қызу түсіретін препарат қолдану қажет. Ал кейде 1 жастан асқан балалар 38,5 градуста да өзін жақсы сезініп жүреді. Ол кезде балаға барынша су көп ішкізіп, денесін салқындатамыз. Жарты сағаттың ішінде температурасы түссе дәрі бермейсіз. Бала температура көтерілген кезде бойын­дағы суын жоғалтып, сусызданады. Сон­дық­тан жиі су беру қажет. Ыстық асқан кезде баланы қымтап, көрпемен орауға болмайды,– дейді педиатр.

Көктем ҚАРҚЫН