Байрақты бәсекеге әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында отандық спортшылар да бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазіргі уақытта спортшылар қысқы Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін жолдамаларды алу үшін халықаралық жарыстар мен әлем кубогы кезеңдеріне қатысып жатыр. Олимпиада лицензиясы сол жарыстардағы нәтижелер мен жинаған ұпай санына қарай беріледі. Қазақстан қоржынында әзірге екі лицензия бар. Олар мәнерлеп сырғанаушылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаға тиесілі.
Қазіргі таңда шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік турды аяқтады. Бұл спорт түрінен соңғы, яғни IV кезең өткен апта Нидерланд Корольдігінің Дордрехт қаласында ұйымдастырылды. Енді алдағы уақытта шорт-тректен Олимпиадаға баратын спортшылардың есімдері анықталмақ.
Ал конькимен жүгіру спортшылары 5-7 желтоқсанда Нидерландтың Херенвен, 12-14 желтоқсанда Хамар қаласында өтетін әлем кубогы кезеңдерінде өнер көрсетеді.
Мәнерлеп сырғанаудан былтырғы әлем чемпионатында Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина Олимпиада нормативін орындап, лицензия алып қойды. Дегенмен Михаил 4-7 желтоқсанда Жапонияның Нагоя қаласындағы Гран-при жарысына, ал Софья 3-6 желтоқсанда Хорватия астанасы Загребтегі турнирге қатысады.
Фристайл-могул спортшылары 4 желтоқсаннан 2026 жылғы 18 қаңтарға дейін Финляндия, Канада және АҚШ-тағы әлеи кубогына және Франциядағы FIS халықаралық турниріне қатысады.
Фристайл-акробатика өкілдері 6 желтоқсаннан 2026 жылғы 18 қаңтарға дейінгі бес әлем кубогы кезеңіне қатысады. Жарыстар Финляндия, Қытай және АҚШ-та (үш кезең) өтеді.
Биатлоншылар алты әлем кубогы кезеңі мен алты IBU аясындағы халықаралық турнирге қатысуы қажет. Әлем кубогы кезеңдері Швеция, Аустрия, Франция, Германия (екі кезең) және Чехияда өтсе, халықаралық турнирлер Аустрия, Италия, Швейцария, Германия, Словения және Норвегияда ұйымдастырылады.
Шаңғышылар Финляндия, Норвегия, Швейцария және Италияда өтетін бес әлем кубогы кезеңінде бақ сынаса, шаңғымен трамплиннен секірушілер 12 әлем кубогына, екі құрлықтық, екі FIS кубогына, екі Аустрия-Германия турниріне және бір құрлықаралық жарысқа қатысады. Жарыстар 20 қарашадан 2026 жылғы 18 қаңтарға дейін жоспарланған. Әзірге отандастарымыз екі әлем кубогына қатысып үлгерді.
Тау шаңғысы спортшылары тоғыз әлем кубогы кезеңінде бақ сынайды. Қазір үш кезең аяқталды, ал алдағы алты кезең 12 желтоқсан мен 2026 жылғы 25 қаңтар аралығында Швейцария, Франция, Аустрия және Чехияда өтеді.
Шаңғы қоссайысында алты әлем кубогы бар. Бірінші кезең Финляндияда өтсе, кейінгілері Норвегия, Аустрия және Германияда ұйымдастырылып, 4 желтоқсаннан 2026 жылғы 1 ақпанға дейін жалғасады.
Айта кетейік, Қазақстан спортшыларын 2026 жылғы басты спорттық іс-шараға сапалы дайындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі спорт федерацияларымен бірлесіп, ұлттық құрамаларды даярлаудың кешенді жоспарын әзірледі.
Жоспарға оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, медициналық және психологиялық қолдау көрсету, қаржыландыру, қажетті спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету, тамақтандыру, сондай-ақ білікті жаттықтырушыларды тарту кіреді.