Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қызметкерлері біркүндік жалақысын коронавирустың таралуына қарсы күрес шараларына көмек ретінде аударды. Коронавирус пандемиясы кезінде барлық қазақстандықтар ауызбіршілік танытып, індеттің таралуына жол бермеу үшін жасалып жатқан шараларға барынша өзіндік қол ұшын созуда. Аударылған қаражат эпидемияға қарсы профилактикалық іс-шараларды қолдауға, қажетті қорғаныс заттарын сатып алуға және т.б. бағытталады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-шараларға Тұңғыш Президент Қоры 200 млн. теңге, Nur Otan партиясы 150 миллион теңге бөлді. Қаражат Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы әкімдіктеріне теңдей бөлінді. Қаржылық көмек індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне сыйақыға, бетперде және дезифекциялық препараттар сатып алуға, балалар үйі мен арнайы ауруханаларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге, қарт кісілерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек көрсетуге бағытталады. Сондай-ақ, бұдан басқа 50 мың медициналық бетперде берілді. ҚР Президенті Әкімшілігі қызметкерлері мен депутаттар, ҚР Сенат және Мәжіліс аппараты қызметкерлері және т.б. мемлекеттік органдар біркүндік еңбекақыларын коронавирустың таралуына қарсы іс-шараларға көмек ретінде аударды.