Миллиардер әйелі екеуі мемлекет ашқан балалар қорына 6,25 миллиард доллар аударады

Миллиардер әйелімен бірге 10 жасқа дейінгі балаларға 6,25 млрд доллар аударатын болды. Бұл туралы олар кешегі мәлімдемеде айтты.

Aikyn.kz балалар қорына мол қаржы аударуға қабылданған шешімнің себептерін cbsnews.com сайтына сілтеме жасап түсіндіреді.

Dell Technologies компаниясының CEO-сы Майкл Делл әйелі Сьюзанмен бірге сейсенбі күні (2 желтоқсан) 25 млн америкалық баланың атына ашылатын «Трамп шоттарына» 6,25 млрд доллар аударатындарын мәлімдеді. 

Бұл қаражат республикалық партияның салық және шығыс жөніндегі заң жобасы аясында биыл құрылған «Трамп шоттарының» күшіне ену күніне дейін туған, жасы 10-нан кіші балаларға беріледі. Ал «Трамп шоттары» президент Трамптың екінші мерзімі кезінде туған әрбір балаға 1 000 доллардан төлеуді көздейді.

«10 жастан асқан балалар да бастапқы тіркеуден кейін қаражат қолжетімді болған жағдайда пайда көре алады. Бұл – отбасыларға бүгіннен бастап жинақтауға мүмкіндік беретін өте прагматикалық әрі тікелей қадам», – делінген Делл отбасының мәлімдемесінде.

148 млрд долларлық капиталымен Bloomberg Billionaires Index тізімінде 11-орында тұрған Майкл Делл өздерін Invest America бағдарламасының (Трамп шоттарының ресми атауы) рухтандырғанын айтты. Деллдер өзге филантроптарды, компанияларды осы бағдарламаға қосылып, қаржылық үлестерін қосуға шақырды.

«Біз үшін ең ақылды инвестиция – балаларға салынған инвестиция. Баланың осындай шотында тіпті шағын сома болса да, оның өмірге деген көзқарасы жақсарады. Әрі мектеп пен колледжді бітіру, үй алу, бизнес ашу, отбасы құру, қоғамның толыққанды мүшесіне айналу ықтималдығы артады», – дейді Майкл Делл CBS News-ке берген сұхбатында.

Сьюзан Делл бұл сый олардың балаларға арналған қайырымдылық бастамаларының жалғасы екенін атап өткен. Бұл бағдарлама сейсенбіде (3 желтоқсан) атап өтілген Қайырымдылық күні жарияланды. Дәл осы күн адамдарды жыл сайын қайырымдылық жасауға ынталандыратын күн деп саналады.

«Бұл туралы естігенде  біздің шешіміміз жеңіл, табиғи түрде қабылданды. Бұл көптеген баланы қамтып, олардың жарқын болашаққа батыл қадам жасауына көмектесуі керек», – дейді Сьюзан Делл CBS News 24/7 Mornings бағдарламасында.

«Трамп шоттары» деген не?

Invest America мәліметінше, 2025 жылдың 1 қаңтарынан 2029 жылдың 1 қаңтарына дейін АҚШ-та туған, әлеуметтік сақтандыру нөмірі бар барлық балалар және олардың ата-аналары бағдарламаға автоматты түрде тіркеледі.

Тіркеу 2026 жылдың 4 шілдесінде басталады. Шоттарды белсендіру үшін ата-аналар мен қамқоршылардың қатысуы міндетті. АҚШ Қаржы министрлігі әр балаға 1 000 доллардан аударады. Баланың ата-анасы, туыстары мен басқа да тұлғалар жылына 5 000 долларға дейін қосымша қаражат салуына болады. Бұл баланың есеп-шотындағы қаржысын көбейтеді, түсетін пайданы өсіреді.

Қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін берілмейді. 18 жасқа толғаннан кейін қаражатты білім алуға, алғашқы үйіне алдын ала төлем жасауға немесе кәсіп ашуға пайдалануына болады. Балалар өзінің шотында жиналған қаржысын әрі қарай инвестициялауға да мүмкіндік алады.

Деллдердің жоспары туралы ақпараттық хабарламаға сәйкес, 250 долларлық аударымдар Invest America шоттары арқылы жүзеге асады. Осы 250 доллар 2025 жылға дейін туған, жасы 10-нан кіші балаларға аударылады. Ал Трамп шоттары бойынша 1 000 долларға құқығы бар балалар Делл отбасының 250 долларлық жоспарына кірмейді.

«Егер сұраныс қолжетімді сомадан асып кетсе, басымдық жас балаларға беріледі. Қалған қаражат ересек балалардың да бағдарламаға қосылуына мүмкіндік беруі мүмкін», – делінген мәлімдемеде.

250 долларлық қаражат та 1 000 долларлық шоттар тәрізді 18 жасқа дейін бұғатталады. Кейін бұл қаражат білім немесе үй алу сияқты мақсаттарға жұмсалуы мүмкін. Ал 18 жасқа толғаннан кейін шот автоматты түрде дәстүрлі IRA-ға (жеке зейнетақы шотына) ауыстырылады, яғни пайдаланылмаған қаражат әрі қарай өсе береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.