Жастарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлінеді

«AMANAT» партиясының бастамасымен еліміздегі жастар жұмыссыздығына арналған арнайы отырыс өтті. Қазір ақпаратты жылдам жеткізу, жастардың өзекті мәселелерін тыңдау және шешім қабылдау процесіне тарту басты мақсат болып отыр.

Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаты, кеңес төрағасы Нартай Сәр­сенғалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қана­тының төрағасы Ақерке Искандерова, сондай-ақ сарапшылар мен «Жастар Рухы» ЖҚ аймақтық филиалдары қатысты.

Отырыс барысында жастардың еңбек нарығындағы қазіргі жағдайы, жұмыссыз­дықтың негізгі себептері және оны шешудің тиімді тетіктері жан-жақты талқыланды. Парламент Мәжілісінің депутаты, кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев жұмыс­сыздықтың күрделеніп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, еңбек нарығындағы жастар мәселесі – Қазақстандағы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бірі. Бұл – жастардың болашағына, олар­дың қоғамдағы рөліне және еліміздің ұзақмерзімді дамуына әсер ететін маңыз­ды тетік. 

– Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – техникалық және кәсіптік білімнің, жұмысшы кадрларының ел экономикасындағы стратегиялық рөлінің маңызын көрсету. Бүгінгі өндірістен бастап, құрылыс, ауыл шаруашылығы, логистика мен инфрақұрылым салаларына дейінгі барлық сектордың тірегі – қолында нақты кәсібі бар маман. Экономиканың нақты секторындағы жүктеменің өсуі дәл осы жұмысшы кадрлардың тапшылығын айқын көрсетіп отыр, – деді депутат.

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, жыл сайын 250 мың жас еңбек на­рығына қосылады. Бірақ соның ішінде кәсіби-техникалық білім алғандардың үлесі тек 18%. Ал нарықтың сұранысы бойынша, жұмысшы маманның үлесі кем дегенде 60% болуы керек. Демек, еңбек нарығы мен жастардың білім беру жолы арасында айырмашылық бар.

Нартай Аралбайұлының сөзінше, жоғары оқу орындары мен колледж түлектері арасында жұмысқа орналасу қиындықтары, тәжірибенің жетіспеушілігі, аймақтық теңсіздік және сұранысқа ие мамандықтар мен ұсынылатын кадрлардың сәйкес келме­уі – жұмыссыздықтың негізгі себептерінің бірі. Сонымен қатар жастардың бір бөлігі тұрақты жұмыс таба алмағандықтан, көлеңкелі экономикаға, уақытша жұмыстарға немесе еңбек миграциясына бет бұруға мәжбүр. Бұл олардың әлеуметтік қорғау жүйесінен тыс қалуына, зейнетақы аударым­дарының жасалмауына және кәсіби дамуына кері әсерін тигізеді. 

– Сонымен қатар бүгінде Қазақстанда 6 миллионға жуық жас бар. 2025 жылдың 3 тоқсаны бойынша NEET санатындағы жастар саны – 318 577 адам, пайыздық үлесі 5,8%-ға тең. Елімізде жұмыссыз­дық­пен күресу жүргізілгенімен, бұл мәселе әлі де өз шешімін таппады. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еңбек адамының мәртебесін көтеру мен еңбек­сүйгіштік құндылықтарын дәріптеуді мем­лекеттік саясаттың негізгі басымдығының бірі ре­тінде айқындап берді. Жұмысшы маман­дықтар жылы аясында да азды-көпті кешенді жұмыстар жасалуда, оны ешкі жоққа шығармасы анық, – дейді ол.

Отырыста баяндаманы «AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов бастады. Ол сөзінде қазіргі ақпараттық кеңістікте жұмысшы мамандықтардың орнын жасанды интеллект басады деген жаңсақ пікірлер жиі тарайтынын айтты. 

– Оқушылар мен студенттер үшін KEGOC, ERG, «Қазақтелеком», Integra Construction секілді жетекші кәсіпорындарға профориентациялық экскурсиялар ұйым­дастырылған. Жастар заманауи өндірістің қандай деңгейде екенін өз көзімен көрді. Бұрынғыдай ауыр индустриялық атмосфера жоқ, қазір компьютерлендірілген, жаңар­тылған өндіріс, – деді хатшы. 

Сонымен қатар ол Мәжіліс Төрағасы мен «AMANAT» партиясы бастамасымен іске қосылған «Жұмысшы жастар аманаты» жобасының мәнін түсіндірді. Бұл жоба – жастардың өз ұсыныстары негізінде жасалған бастама. Өндірістерде жастар қозғалыстарын құру, волонтерлікті дамыту, тренингтер мен спорттық іс-шаралар өткізу – осы жобаның негізгі бағыттары.

Сөз соңында Александр Данилов шағын және орта кәсіпорындардағы жұмысшыларды да назардан тыс қалдырмау керегін айтты. Көлік жөндеушілер, шеберханалар, сервис орталықтары – бұлар да жұмысшы мамандық иелері. Олар ресми түрде бірікпегенімен, біздің жобалардан шет қалмауы тиіс.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова «Келешек» бағдарламасы іске қосылып, ата-аналардың балалар болашағына алдын ала қаржы жинап, жоғары білім алуға жағдай жасауына мүмкіндік берілгенін айтты. 

– «Келешек» бағдарламасы ата-аналарға баласы 18 жасқа толғанға дейін оның білім алуына қажетті қаражатты жинақтауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе ата-аналардың бала болашағына деген алаңдаушылығын сейілтеді. Жинақталған қаражатқа қоса, мемлекет тарапынан бөлінетін сараланған гранттар білім алу мүмкіндігін одан әрі кеңейте түседі. Бағдарлама аясында екінші маңызды бағыт – білім беру бағдарлама­ларының кәсіби стандарттар негізінде жаң­ғыртылуы. Жоғары білім беру саласын­дағы 8 мыңнан астам бағдарламаның 87 пайызы бүгінде стандарттарға сай толықтай жа­ңартылған. Бұл өзгеріс түлектердің еңбек нарығындағы сұранысқа сай білім алуына кепілдік береді, – дейді Гүлзат Ізбасарқызы.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, елімізде жастармен жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

– Республика бойынша 7 облыстық жастар саясаты басқармасы, 235 жастарды қолдау орталығы бар. Сондай-ақ «Жастар Рухының» филиалдары бар. Сондай-ақ «Жастар Рухы» ұйымының филиалдарымен бірлесіп, көптеген жоба атқарылып жатыр. Біздің басты мақсатымыз – жастарға қажетті ақпаратты тиімді әрі жедел жеткізу. Қазіргі жастар саясатының жасалу үрдісі жастармен бірлесе жүргізілуде. Осы орайда әр өңірде жастар кеңестері құрылып, олардың ере­желері жаңартылды. Қазір кеңестің басшысы әкім болса, орынбасары – сол өңірдегі ең белсенді жас маман немесе белсенді жастардың бірі. Бұл жастардың санын арттырып қана қоймай, олардың шешім қабылдау процесіне тікелей қатысуына мүмкіндік береді, – дейді комитет төрағасы.

Қайрат Қамбаровтың сөзінше, жастар өзара кездесулерде өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырады. Екінші жағынан, жастарды қолдау орта­лықтарымен бірлесіп, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, арнайы жастарға арналған Telegram-чат ашқан. Бұл чатта жастар барлық мемлекеттік және әлеуметтік бағдарлама бойынша ақпаратты қысқа мерзімде ала алады, сұ­рақ­тарына жылдам жауап табады және өз құқықтары мен мүмкіндіктері туралы ха­бар­дар болады.

– Біз үшін ең маңыздысы – жастар көтерген мәселелерді тыңдап қана қоймай, нақты іске асыру. Жастарға қолдау көрсету, бағыт беру, олардың мүмкіндіктерін кеңейту біздің басты назарымызда, – деп түйіндеді комитет төрағасы.

Жастар саясатының басты бағыты жас буынды ақпараттандыру, олардың шешім қабылдау процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету және мүмкіндіктерін кеңейту болып отыр. Жаңартылған жастар кеңестері мен арнайы цифрлық платформалар осы мақсатты тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Мұның нәтижесінде жастар өз мәселелерін талқылап, нақты ұсыныстар бере алады, ал мемлекет пен қоғам олардың пікірін ескере отырып, тиімді шешімдер қабылдай алады.

Елнар ЕЛТАЙ