Интернет арқылы жасалған алаяқтық

WhatsApp желісінде астаналық кәсіпкер танысымның суреті қойылған нөмірден хат келді. «Банктегі лимитім бітіп қалып тұр еді.

Бір сағатта қайтарамын, шұғыл картама 50 мың теңге жібере тұршы» деп жазыпты. Танысыма тіке қоңырау шалып едім, «тойда отыра алмай, полицияға арыздануға шығып кеттім. Біреулер менің атымнан жаппай таныстарымнан ақша сұрап жатыр екен. Мен емес, ешкімге ештеңе салмаңдар», деді. 

Өкінішке қарай, бұл – күн сайын қазақстандықтар тап болып жатқан қылмыс. Бір ғана Атырау облысында жыл басынан бері 500-ден астам киберқылмыс тіркелген. Олардың көбі – интернет арқылы жасалған алаяқтық әрекеттер. Мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстануға кеңес беруде.

– Алаяқтар көбіне WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook сияқты желілерді пайдаланып, сенімге кіреді. Кейде шетелдік нөмірлермен хабарласып, өзін банк қызметкері не полиция өкілі ретінде таныстырады. Егер күдікті жағдайға тап болсаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласыңыз, – дейді Атырау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айбек Тілешов.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері шамамен 60 күдікті ұсталып, 166 іс сотқа жіберілген. Ал қалған деректер бойынша тергеу жалғасуда. Сонымен қатар «Кибербақылау» платформасы арқылы 2000-нан астам фишингтік сайт бұғатталған.

Қазір интернет-алаяқтықтың түрі көбейіп барады. Қаскүнемдер деректерін жасырып, ұрлаған ақшаны шетелдік банктер арқылы өткізіп, іздерін жасырады. Сондықтан мұндай істерді ашу қиындап барады.

Көп жағдайда алаяқтар интернет-дүкендер арқылы алдын ала төлем сұрайды немесе банк қызметкері ретінде хабарласып, азаматтың жеке деректерін қолға түсіреді. Кейде әлеуметтік желілерде туыс­тарыңыздың атынан ақша сұрайтын жағдайлар да жиілеп кеткен. Атыраулық тұрғындардың бірі бұл ту­ралы әлеуметтік желіде жазды. Оның WhatsApp-ына ұлының суреті бар нөмірден «қарызға ақша беріңізші» деген хат келіпті. Кейін бұл жалған аккаунт болып шыққан.

– Мұндай жағдайда уақыт өткізбей, 102 операторы арқылы ақпараттың шынайылығын тексеруге болады. Себебі барлық оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлар міндетті түрде полиция жүйесіне тіркеледі, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Интернеттегі ойындар да қауіп көзіне айналған. Көптеген онлайн ойында қолданушыларға «же­ңілдік­пен» бонустар, қару-жарақ немесе жаңа деңгейлер ұсынылады. Бірақ мұндай ұсыныстардың кейбірі зиянды бағдарлама таратуға бағытталған.

– «Жеңілдікпен» сатып алынған ойынмен бірге бала «вирустық» бағдарлама жүктеп алуы мүмкін. Ол арқылы алаяқтар геолокация, мекенжай, оқу орны, тіпті банк деректеріне де қол жеткізеді, – дейді мамандар.

Сол себепті балаларға жалақы картасы байланыс­тырылған телефон беруге болмайды. Сонымен қатар телефон арқылы сауда жасауға шектеу қойып, ақылы жазылымдарды үнемі тексеріп отыру қажет.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Атырау қаласындағы өңірлік өкілдері басқармасының бас маманы Райымбек Тілегенов атап өткендей, соңғы жылдары «елес кредиторлар» – яғни, жалған несие ұйымдары да көбейген. Олардың сайттары кәсіби безендірілген, логотиптері мен жалған лицензиялары бар. Бірақ олардың бәрі адамдарды алдап, банк деректерін ұрлауға арналған құрал.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары интернет-алаяқтардан қорғанудың ең тиімді жолы – қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстану екенін айтады. Ең алдымен, банк картаңыздың құпия деректерін ешкімге жарияламаңыз. ПИН-кодты бөтен адамға айту, картаның суретін интернетке жүктеу – ең үлкен қателік. Егер біреу сізге ақша аударғысы келсе, оған тек картаның нөмірі немесе телефон нөмірін айту жеткілікті. Сонымен қатар онлайн төлемдер кезінде 3D-Secure (VISA) және SecureCode (MasterCard) сияқты қосымша қауіпсіздік қызметтерін қосу қажет. 

– Интернет-дүкендерде сауда жасамас бұрын сайттың мекенжайына назар аударыңыз: ол HTTPS форматында жазылып, жанында жабық құлып белгісі тұруы керек. Ал қауіпсіздік үшін онлайн сатып алуларға бөлек карта пайдаланған дұрыс. Мамандар жеке ақпаратты қорғау үшін электрондық пошта мен әлеуметтік желілерге күрделі құпиясөздер орнатуға кеңес береді.

Сондай-ақ қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеңіз, себебі күмәнді көздерден алынған бағдарламалар деректеріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Егер сізге белгісіз хабарлама, күмәнді сілтеме немесе төлем талабы келсе, бірден банкке немесе полицияға хабарласқан жөн, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Атырау қаласындағы өңірлік өкілдері басқармасының бас маманы Райымбек Тілегенов.

Интернет-алаяқтық – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Тәртіп сақшыларының айтуынша, профилактикалық жұмыстар үздіксіз жүргізілгенімен, алданғандар саны азаймай отыр.

Алаяқтар өздерін банкир, полицей, тіпті туыс ретінде таныстырып, сан алуан тәсілмен арбауын жалғастыруда. Мұндай жағдайда ең бастысы – ақпаратты тексеру, асы­ғыс шешім қабылдамау және жеке деректерді ешкімге бермеу. 

Киберқылмысқа қарсы күреске тұрғындардың өздері белсенді араласса ғана нәтиже болмақ. Әр адам жеке сақтық ережесін ұстанып, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан аулақ болғаны жөн.

Деректер республика бойынша интернет-алаяқтықтың көлемі де күрт өсіп отырғанын көрсетуде. Мысалы, 2025 жылы елімізде 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық жағдайы тіркелген. Иә, интернет кеңістігі мүмкіндігі мол, бірақ қаупі де аз емес орта. Әрбір азамат өз қаржы­сын, жеке дерегін қорғауға жауапкершілікпен қараса ғана алаяқтардың «айласы іске аспайтын» қоғам қалыптасады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА