Дегенмен инклюзивті білім беру саласында реттелмеген мәселе де өте көп. Біз елдегі жағдайдан хабар алу үшін саланы сараптап-саралайтын практик мамандардың пікірін назарға алуды жөн көрдік. Сол себепті де Болат Өтемұратов қорының директоры Айнұр Бағдатқызына хабарласқан едік. Айнұр ханым әңгімесін қордың не себепті аутизм саласына бағытталғанын түсіндіруден бастады.
Қор алғаш құрылған сәтте Қамқоршылар кеңесі нақты қай бағытты басты назарға алу керегін ақылдасады. Бұл кезде елдегі аутизмі бар балалардың ата-аналары бірігіп кішігірім ұйым құрып, ерекше балаларға мемлекеттік қолдау алу бағытында әртүрлі іс-шара өткізіп жүрген. Осыдан 10 жыл бұрын бұл мәселеге елдік масштабта көңіл бөлінбеген де еді. Сондықтан қордың аутизм саласына бет бұруына шешуші рөл атқарған Алмаз Төрегелдіұлы болатын. Қадірлі ғалым қор құрылтайшысына шетелге барып, аутизм саласын зерттеп жүрген ұйымдармен серіктесу, ұйымдардың тиімді тәжірибесін игеру жөнінде ұсыныстар айтады.
Қор 20 мыңнан аса баланы қолдаған
– Ұсыныс қолдау тауып, 2015 жылы қор Астана және Алматы қаласында «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталықтарын ашады. Содан бері аутизм спектрінің ауытқуы бар балаларға қолдау көрсету мақсатында 13 орталық аштық. Бұл орталықтар елге тегін көмек көрсетеді. Алмаз Төрегелдіұлы, Марат Айтмағамбетов, басқа да қордың мамандары әлемдегі ең үздік бағдарламаларды зерттеп игеріп, 6 модульден тұратын отандық «Аутизм. Баршаға бір әлем» бағдарламасын дайындап шығарды, – дейді Айнұр Бағдатқызы.
Қазір «Асыл Мирас» орталығында әр салаға бағытталған, маманданған 300-ден аса арнайы мамандар қызмет етеді. 13 орталық 18 жасқа дейінгі балалар мен олардың ата-анасына қолдау көрсетіп келеді. Мамандар ABA-терапия, JASPER, Денвер ерте интервенция бағдарламасы (ESDM), Дағдарыстардың алдын алу Маркус бағдарламасы (MCPP) сияқты жетекші халықаралық стандарттар мен дәлелді әдістемелерді қолданады. Қордың Autism Friendly жобасы қызмет көрсету саласының мамандарына ақпарат беріп, аутистер үшін қолайлы орта туғызуға арналған. Айнұр Бағдатқызы жұмыс барысы жайында да кеңінен таныстырды. Оның айтуынша, ерекше балалармен жұмыс бірреттік науқан емес, мамандар әр баламен ұдайы байланыста болу керек.
– Диагностарымыз баланы қабылдағанда, аутизм спектрінің ауытқуы бар деген диагнозды растайды, яғни диагноз қоймайды, ата-ана диагнозы бар деген жолдамамен келуге тиіс. Растаудан кейін баланың жасына, спектрдің ауытқуына байланысты қандай маңызды дағдыны дамыту керегін ұсынып, орталығымыздағы 3 айлық курстан өтеді. Мысалы, Денвер ерте интервенция бағдарламасына өтуге жолдама алуы мүмкін. Бағдарлама қарапайым өмірлік дағдыларды үйренуге, ынтасын оятуға мүмкіндік береді. Жалпы, балалар әлеуметтену, оқыту, өмір сүру, сөйлеу дағдылары сынды 6 түрлі модульден өтеді. Бала орталыққа 1-2 жасында бір келуі мүмкін, мектеп жасына жақындағанда және өсе келе, 18 жасқа дейін өзге де дағдыларын шыңдау үшін бірнеше мәрте келеді. Бұл бір интервенциямен шектеліп қалатын, жазылып кететін ауру емес, – дейді қор басшысы.
Кейінгі 10 жылда аутизм спектрінің ауытқуы бар деген жорамалмен 25 мыңнан аса баланың ата-анасы «Асыл Мирас» орталығына келіпті. Орталық 25 мың баланың 20 мыңында аутизм бар екенін растап, тиісті көмек берген.
Ата-ана төзімді болуы үшін үлкен қолдау қажет
Айнұр Бағдатқызы аутизм зерттеу нысаны ретінде бір орында тұрған құбылыс емесін, үнемі зерттеуді қажет ететінін айтады. Сол себепті «Асыл Мирас» орталықтарының бағдарламалары ұдайы жаңарып, жетіліп отырады. Оқу материалдары, әдістемелік нұсқаулықтар, техникалық жабдықталу, тіпті ойыншық түрлеріне дейін талаптарға сай қатаң бақылау мен қадағалаудан өтеді. Ең бастысы, ата-ана неғұрлым ертерек әрекет еткені абзал.
– Білесіз бе, Алматыдағы орталыққа 6 айлық баласын әкелген ата-анамыз да болған. Балаңыз үшін ертерек мамандарға жүгініңіз деймін. Алайда өздігінен емделеміз деп неше түрлі шипа болатын шешімдер іздейтін ата-аналар да аз емес, оларды түсінуге болады, әрине. Түсіну, қабылдау оңайға соқпайды, бірақ мүмкіндігінше мамандарға ертерек барса, баланың дамуын тежеп тұрған факторларды анықтап, нақты қай бағытта жұмыс істеу керегін білесіз. Баласының ерекшелігін қабылдау және келешегіне сенім тұрғысынан әлсіздік танытып жататын жағдайлар да болады. Балаға ата-ананың қолдауы керек, сенің қолыңнан келеді, оқи аласың деген сөздің өзі маңызды. Ерекше баланың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нысаны болмауы, ортасында буллингке ұшырамауы ата-ана, қоршаған ортаның дайындығы, түсінігі мен мейірімділігіне байланысты, – дейді А.Бағдатқызы.
Қазір «Асыл Мирас» орталықтары аутист балаларды қолдап қоймай, ата-аналармен де етене жұмыс істеп жатыр. Ғылыми деректерге жүгінсек, ересек аутистер спектрінің ауытқуының күрделігіне қарай өмір жасы қатардағы адамдарға қарағанда бірнеше жылға қысқарақ болуы мүмкін. Сондықтан «Асыл Мирас» орталықтары ерекше балалардың өнер-білімге, спортқа құлшынысын арттыруды да мақсат еткен. Қор белгілі бір сәтті нәтижеге жеткенде, орталықтарды әрі қарай мемлекет меншігіне тапсырады екен. Бүгінде 13 орталықтың 11-і толығымен мемлекет меншігіне өткен. Соған қарамастан қор барлық 13 орталықтағы оқыту бағдарламасы, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруы, техникалық жабдықталуы, қаржылай қолдау сынды мәселелерге ұдайы көңіл бөліп келеді. Елімізде бұдан өзге де қайырымдылық қорлары мен арнайы орталықтар жұмыс істеп жатқанымен, инклюзивті білім беру саласындағы олқылықты реттеп, қажеттіліктерді қамтамасыз етуде мемлекет, бизнес, қоғамдық ұйымдар, қоғам болып бірігіп жұмыс жасауымыз тиіс.
Елде нақты статистика жоқ
АҚШ-та аутизм саласындағы зерттеушілердің басын біріктіретін Autism Speaks халықаралық ұйымы бар. Ұйым кейінгі кезде Америкада 18 жасқа дейінгі аутизм спектрінің ауытқуы бар балалардың саны артып бара жатқанын айтып, қоғам назарын аудартып отыр. Мысалы, аутизм диагнозы 5-6 жыл бұрын 37 баланың біріне, 2-3 жыл бұрын 33 баланың біріне қойылса, қазіргі дерекке сәйкес, 30 баланың бірінде бұл диагноз кездеседі. 2022 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, әлемдегі әр 100 баланың бірінен бұл диагноз анықталады екен және кез келген елдің халқының 1%-ы аутистер деген қорытындыға келген. Айнұр Бағдатқызы елімізде ерекше жандар жөнінде, соның ішінде аутистер бойынша нақты статистикалық мәлімет жоқ дейді.
– Тек аутистерді мысалға алсақ, әлі күнге дейін елдік масштабта бір орталықтандырылған нақты ұлттық статистика жоқ. Аутизм – ерекше дамудың ең күрделі формасы. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 18 жасқа дейінгі 17 мыңнан аса аутист бар. Оқу-ағарту министрлігі жоғары оқу орнына дейінгі білім алатын 12 мыңнан аса аутист бар деп тіркеген. Аутизм, өкінішке қарай 18 жасқа дейін болып, кейін жазылып кететін құбылыс емес. ДДСҰ ұсынған алгоритмді кез келген елге қолдануға болады. Қазір 21 млн халқымыз болса, біздің елде 200 мыңнан 500 мыңға дейін аутист бар деп жорамалдауға болады. Кемінде 200 мың аутист болуы мүмкін. Оның қаншасы 18 жасқа дейін, қаншасы 34-45 жасқа дейін немесе қаншасы үлкен жастағы адамдар, нақты көрсеткіш жоқ, – дейді маман.
Арнайы педагогтар жетіспейді
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылы жариялаған дерегінше, даму мүмкіндігі шектеулі оқушылардың саны 16 мыңнан асса, арнаулы сыныптарда 10765 оқушы оқиды. Жалпы, елде 8 мыңнан аса мектеп болса, оның ішінде 2065 мектеп қана даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы сыныптармен жабдықталған. Бұдан бөлек, 99 арнайы мектеп жұмыс істеп тұр. Алайда мектептің көбі Кеңес тұсында салынған, мектептердің техникалық жағдайы жайында ақпарат мардымсыз. Астана қаласының №101 «Келешек мектебінің» педагог-ассистенті Назерке Төретайқызы да мәселенің барын жасырмады.
– Ерекше балаларға ерекше қолдау қажет. Кейде кейбір оқушылар сабақ кезінде өзге оқушыларға кедергі келтіреді, айғайлауы, жылауы, басқа тақырыпта әңгіме айтып кетуі мүмкін. Сол кезде бәрінің назары сол балаға ауып, қысқасы, сабақтың сапасы кетеді. Қазір арнайы мектептердің өзінде орын жетіспейді. Ата-аналар да баласын арнайы мектепке жібергісі келмейді. Жалпы білім беретін мектепте қарапайым балалармен тең деңгейде білім алғанын қалайды. Кейбірі баласының ерекшелігін мойындағысы келмейді, – дейді Н.Төретайқызы.
Оның айтуынша, ұстаздарға педагог-ассистенттердің қолдауы керек, алайда мамандар жетіспейді. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде инклюзивті білім беру саласында 10275 арнайы педагог қызмет етеді. Елде 60 мыңнан аса оқушы үйде білім алып жатыр деген дерек те бар. Сонда арнайы мамандардың аздығы, айтпаса да түсінікті жайт.
– Оқу мақсатына толық жете алмауың мүмкін, уақыт жетпей қалады. Құжат жұмыстарының көптігі де қиындық келтіреді. Олардың жеке құжаты, ата-анамен бірлесе толтыратын құжаттар бар. Психолог, логопед, дефектологтармен бірге талқылап, толтыратын құжаттар бар. Оқушыларым кестеге сәйкес апта сайын арнайы мамандардың сабағына қатысып отырады. Жайлы мектепте арнайы мамандарымыз бар, бірақ бұл жерде психологтың жұмысы ауыр. Сабақ кестесі толып қалады, қолдауды қажет ететін оқушы саны өте көп, – дейді арнайы маман.
Алматы қаласындағы №213 мектептің дефектолог маманы Ақбота Алмасбайқызы да инклюзивті білім беру саласындағы бірнеше мәселенің барын жеткізді.
– Практикамызда, алдымен, ата-ана тарапынан түсінбестік көп кездеседі. Баланы кешенді тексерістен өткізуге қарсы болады. Бұған бір себеп – ақпарат берудің жеткіліксіздігі. Бізде мұғалімдерге және ата-анаға кеңес беруге бағыттаған арнайы күндер бар. Жоспарымызға қарай сол уақытта ақпарат беріп, баламен жұмыс істеу жайын талқылаймыз. Екіншіден, материалдық-техникалық база әлсіз, арнайы құралдар жетіспейді. Инклюзивті сыныптарға қажетті жиһаз, пандус, лифт сияқты инфрақұрылым толық болмайды. Бұдан кейінгі мәселе, дефектолог, логопед, педагог-ассистент мамандар жетіспейді. Оған жалақының тым аздығы – бірден-бір себеп, – дейді дефектолог.
Н.Төретайқызы әріптестерімен түрлі семинар, курстарға қатысатынын айтады, бірақ оған барлық маман тартылмайды. Мысалы, бір мектептен бір-екі маман ғана қатысуы мүмкін. А.Алмасбайқызы да бұл пікірге келіседі. Мұғалімдер әлі де салаға толық маманданбаған, дифференциалды оқыту, бейімделген бағдарламалар, коммуникациялық стратегиялар бойынша тәжірибе аз дейді.
Не десек те, инклюзивті білім беру – білім саласының дамуына елеулі рөл атқаратын бағыттың бірі. Тек білім саласының көрсеткіші емес, ұлт болашағының кепілі. Бұл жолда мемлекет, қоғам, ұстаздар мен арнайы мамандар, ата-ана күші біріккен кезде ғана нәтиже болмақ. Осы орайда Болат Өтемұратов қорының басшысы Айнұр Бағдатқызы арнайы мамандардың жауапкершілігі жайлы мынадай пікір білдірді.
– Ерекше балалар, соның ішінде аутистер мен олардың ата-анасына қолдау көрсетуге кез келген адам келмейді. Ерекше балалармен жұмыс істеуде мамандардың арнайы білімі мен озық тәжірибені игеруімен қатар, мейірім, ізгілік пен зор төзімді қажет ететін жұмысты өмірлік миссиясы ретінде қабылдауға тиіс. Бізге мамандардың саны емес, сапасы маңызды, – дейді басшы.
Инклюзивті білім берудегі қажеттіліктер мен заманауи талаптар, әрине, бір күнде реттеле қоймас, бірақ жыл сайын ерекше қажеттілігі бар бала саны артып келеді. Бұл ретте уақыт созудың өзі – үлкен қателік.
Айсұлу СЪЕЗХАН