Себебі кейінгі жылдары елімізде мектептегі буллинг оқиғалары, күйзеліс пен агрессияға ұшыраған балалар саны азаймай тұр. Былтыр Қазақстан мектептерінде 145 буллинг дерегі тіркелген. Одан бөлек, елімізде әкімшілік жауапкершілік енгізілгелі бері 327 жағдай болған. Көптің алаңдаушылығын туғызған мәселеге қатысты мамандар балалардың психоэмоционалдық әл-ауқатын қорғауға бағытталған шараларды күшейтіп, мектептерде психологиялық көмек жүйесін дамытуға кірісті. Алайда арнайы жүйе құрылғанына қарамастан, оның тиімділігіне қатысты сұрақ көп.
Мектеп қабырғасында буллинг оқиғаларының көбеюі әлі күнге дейін түйіні тарқамаған біршама мәселенің шетін шығарды. Осыған байланысты Алматыда өткен жиында психология және білім беру саласының өкілдері күн тәртібінде тұрған түйіткілдерді ортаға салды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы кәмелетке толмағандар арасында 139 суицид және 293 өзіне-өзі қол жұмсауға оқталған әрекет тіркелген. Дәл осы статистиканы басшылыққа алған азаматтар мәселенің қаншалықты өзекті екенін түсіндіріп, қоғамға дабыл қақты.
Алматы мектептеріне 60 психолог жетіспейді
Бұл тақырып екі миллионнан астам тұрғыны бар Алматы жұртшылығы үшін де өзекті. Қазір мегаполисте 215 мемлекеттік мектеп жұмыс істеп тұр. Алматыдағы білім ошақтарында жалпы саны 300 мыңнан астам бала білім алады. Дәлірек айтсақ, мұндай ауқымды көлемдегі бала саны шоғырланған аймақ ерекше бақылауды талап етеді. Жоғарыда психологиялық көмек жүйесі туралы атап өтуіміз де бекер емес. Себебі қазір жалғыз Алматыда емес, мемлекеттік деңгейде психологтар тапшы. Басылымымызға пікір білдірген Алматы қаласы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Венера Қоқанова да бұл кемшін тұсымызды жоққа шығармады.
– Бүгінде Үкімет қабылдаған жоспарға сәйкес, әр 500 оқушыға бір психологтан бекітілген. Қазір маман тапшылығына байланысты бұл норма толық орындалып отырған жоқ. Осыған орай, біз жоғары оқу орындарымен келіссөздер жүргізіп, магистранттар мен докторанттарды жарты ставкамен мектептерге тарту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Дегенмен тапшылық әлі де бар. Кейбір мектептерде бұл жүйе дұрыс жолға қойылғанымен, кейбірінде жағдай күрделі. Мәселен, Алматы қаласының өзінде 60 психолог жетіспейді. Қазір жұмыс істеп жүрген мамандардың 80 пайызы – жас мамандар, алайда соның өзінде де кадр жетіспеушілігі байқалады, – дейді ол.
Маманның сөзінше, қазір 2-3 мың оқушымен жалғыз өзі жұмыс істеп жүрген психологтар бар. Сондықтан 500 балаға бір маман қарастырылса, оң шешім болар еді. Бірақ халықаралық тәжірибеге сүйенсек, шетелде кем дегенде 200-300 балаға бір психологтан келеді және олардың жанында әлеуметтік қызметкерлер де болады. Өкінішке қарай, бізде әзірге әлеуметтік қызметкер қарастырылмаған.
Маңызды атап өтерлік жайт, бала психологиясымен жұмыс істеу – мектептегі жалғыз психологқа ғана емес, ата-анаға да жүктелген міндет. Кей жағдайда оқушының мәселесін мектептегі мұғалімге ысырып, жауапкершіліктен ат-тонын ала қашатын ата-аналар да кездеседі. Осыған қатысты Венера Қоқанова ата-аналарды баласының жағдайына бейжай қарамауға, мектеп психологтарымен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Ата-аналардың рөліне тоқталсақ, барлық жағдайға оларды кінәлай алмаймыз. Өйткені бізде ата-ана болуды үйрететін арнайы мектеп немесе институт жоқ. Десек те, жауапкерішілікті мектепке ысырып қоятын ата-аналар жоқ деуге келмейді. Біз ата-ана мен балаға әркез көмектесуге дайынбыз. Біздің міндетіміз де осы. Бірақ кейбір ата-аналар баласының мәселесін байқаса да, психологтың көмегінен бас тартады. Мысалы, депрессияда жүрген немесе буллингке ұшыраған баласын көре тұра, «Барлығын өзім реттеймін, ешқандай психологиялық көмек керек емес» деп жолатпайтын ата-аналар бар. Мұндай отбасылармен жұмыс істеу өте қиын. Сондықтан біз бұл бағытта білім басқармалары, полиция, әкімдік жанындағы комиссиялар секілді барлық құрылымды жұмылдырамыз, – деді ол.
Былтыр елімізде баланы буллинг пен зорлықтан қорғауға бағытталған «Дос болайық» бағдарламасы іске қосылған еді. Венера Сембекқызының айтуынша, қазір бұл бағдарлама аясында мектептерде сыныптық және топтық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Дегенмен бастаманың іске асуына көп уақыт өте қоймағандықтан, оның нақты нәтижесін бағалау әлі ерте. «Өркен» институтының мәліметінше, алғашқы оң көрсеткіштер байқалғанымен, толық қорытынды жасау үшін кемінде жарты жыл уақыт қажет.
– Қазір агрессор балаларды қоғамға пайдалы іс-шараларға, әлеуметтік жобаларға тарту тәжірибесі енгізіліп жатыр. Дегенмен психологтардың тапшылығына байланысты жеке жұмыс істеу қиын. Мәселен, мектепте буллингке ұшыраған 5-6 бала бар болса, олардың әрқайсысымен тұрақты жұмыс жүргізетін мамандар қажет, – деді В.Қоқанова.
Сондай-ақ маманнан психолог пен сынып жетекшілерінің арасындағы байланыстың жүйелі түрде жолға қойылуы туралы пікірін сұрап көрдік.
– Психолог пен сынып жетекшісінің өзара әрекет етуі нормативтік актілермен реттеледі. Дегенмен кей жағдайда жалақы мәселесіне байланысты кадр ауысымы жиі болып жатады. Соның салдарынан, психолог пен сынып жетекшінің арасында тұрақты байланыс болмайды. Ал негізінен буллинг немесе тәрбиеге қатысты кез келген жағдайда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып жетекші және психолог бірлесе әрекет етеді. Егер бала буллингке ұшырағаны дәлелденсе, жағдай ата-анасының қатысуымен комиссияда қаралады. Комиссия заң аясында шешім қабылдайды: кей жағдайда ата-аналарға айыппұл салынады, балаға жеке жоспар құрылып, сынып жетекші мен психологтың тұрақты бақылауына алынады, – деді Алматы қаласы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры В.Сембекқызы.
Әлеуметтік шеңбері жоқ құбылыс
Осыған дейін мемлекет деңгейінде 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан, буллингтен қорғау және суицидтің алдын алу жөнінде кешенді жоспар қабылданған еді. Қазір бұл жоспардың мерзімі аяқталып келеді. Қоғамдық қор ретінде жоспарды жүзеге асыру барысын бақылаған Just Support қорының атқарушы директоры Светлана Богатырева мониторинг нәтижелерін ұсынды. Ол мониторинг кезінде анықталған проблемаларды төмендегіше тізіп өтті.
– Мектептерде психолог мамандар жеткіліксіз, тіпті кейбір қолда бар мамандардың біліктілігі көңіл көншітерлік деуге келмейді. Сонымен бірге, нормативтік-құқықтық құжаттарды қайта қарау қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, буллинг мәселесін реттейтін екі түрлі бұйрық бар. Біз мектеп психологтарының жұмысын жетілдіру қажет деп есептейміз. Қазір олардың міндеті тым көп, жүктемесі ауыр, ал уақытының көбін есеп беруге жұмсайды. Сондықтан бұл қызметті жүйелеп, тиімді әрі түсінікті етіп реттеу қажет, – деді қор өкілі.
Wisevoter ұйымының дерегіне назар аударсақ, 2023 жылғы дерек бойынша суицид статистикасында Қазақстан 178 елдің ішінде 19-орынға тұрақтаған. Жиналған деректер мен сарапшылар пікірі көрсеткендей, суицидке баратын балаларды нақты бір әлеуметтік шеңбермен шектеу мүмкін емес. Осыған қатысты Светлана Богатырева суицидтің себебі әр баланың жеке психологиялық ерекшелігі мен оның айналасындағы әлеуметтік-психологиялық климатпен тығыз байланысты екенін айтты.
– Негізінде, мұндай құбылысты белгілі бір ортаға тән деуге келмейді. Мұнда басты мәселе – баланың психикалық саулығында. Егер баланың менталдық денсаулығы мықты болса, ол мектептегі буллингті де, емтихандағы сәтсіздікті де, ата-анамен болған жанжалды да еңсере алады. Ал егер оның психикалық тұрақтылығы әлсіз болса, онда бала қиындықтарға төтеп бере алмай, суицид қаупіне тап болады. Яғни, мұндай жағдай кез келген ортада кездеседі. Өзін-өзі өлтіруге бару фактілері тұрмысы тұрақты отбасынан шыққан балалар арасында да, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда да тіркеледі. Кейде бала ұзақ уақыт бойы ішкі жанжалдың ішінде жүреді, ал кейде мұндай қадам кенеттен орын алады. Сондықтан суицидке баратын балаларды нақты бір әлеуметтік топпен байланыстыруға болмайды, – деп сөзін түйіндеді Just Support қорының атқарушы директоры С.Богатырева.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы