Ойынның мақсаты: 6-25 жас аралығындағы пайдаланушыларға қазақ тілінің А1 және А2 деңгейлерін үйрету және ұлттық болмысты дәріптейтін мазмұнды, сапалы ойын кеңістігін қалыптастыру, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ойынның компьютерлік және мобильді нұсқалары қазақ тілін инновациялық форматта меңгеруге арналған жаңа құрал ретінде ұсынылып отыр.
Ойынның барлық функционалдық мүмкіндіктерін Астана қаласындағы №104 мектептің оқушылары тестілеп, пайдаланушылардан алынған кері байланыс негізінде ойын жетілдірілді. Бета-тестілеуге қатысушылар Steppe Rider жобасының графикасын, ойнау динамикасын және мазмұндық тұтастығын жоғары бағалап, оң пікір білдірді.
Жобаны жүзеге асыруға 20-дан астам маман: бағдарламашылар, дизайнерлер, тестілеушілер, деректер базасының сарапшылары және басқа да жоғары білікті мамандар қатысты. Ойынның мазмұндық және оқыту компоненттерін әзірлеуге тәжірибелі педагог-әдіскерлер тартылып, білім беру стандарттарына сәйкестігі қамтамасыз етілді.