Аида Балаева: «Халықтың өзекті мәселелерін шешу үшін ашық әрі бірлесе жұмыс істейміз»

Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева медицина, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағыттарында атқарылатын нақты жұмыстарды атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік салаларды жаңғырту – басты басымдықтардың біріне айналып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева медицина, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағыттарында атқарылатын нақты жұмыстарды атап өтті.

Құрметті достар!
Кеше Мемлекет басшысы біздің салаға қатысты жаңа міндеттер жүктеп, бірқатар тапсырмалар берді.
Президент азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан біз алдағы уақытта осы бағыттағы нақты жұмыстарды күшейтеміз.
Атап айтқанда, медицина саласын жаңғырту – басым бағыттың бірі. Оның ішінде, медицина саласындағы қызмет сапасын жақсарту, ана мен бала денсаулығын қорғау, сондай-ақ онкология мен созылмалы аурулармен күресті күшейту басты назарда болады. Сонымен қатар медицина саласын толық цифрландыру, дәрі-дәрмек қоры мен емханалар жұмысын электронды бақылау арқылы ашықтықты қамтамасыз етуге атсалысамыз.
Сапалы білім – сапалы қоғамның негізі. Ал мектепке дейінгі және орта білім беру елдің адами капиталын нығайтады. Сондықтан білім сапасын күшейту, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру ерекше маңызды.
Осы бағытта келесі аптада еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңес өткізуді жоспарлап отырмын. Онда қордаланған мәселелерге жан-жақты тоқталып, күн тәртібіндегі мақсат-міндеттерді айқындаймыз. Себебі мұғалімдердің кәсіби деңгейі білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты.
Әлеуметтік салада әлеуметтік шығындарды оңтайландыру маңызды.
Бұл ретте халықты жұмыспен қамтуға баса назар аударылады. Осыған байланысты еліміздің жоғары оқу орындары мен әкімдіктері еңбек нарығын жан-жақты зерттеу бойынша жұмыс жүргізуге тиіс.
Біз елдегі барлық кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелердің кадрлық мәселесін талдап, қай салада кадр тапшылығы, қай салада артықшылық байқалатынын саралаймыз. Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектті қолдануға байланысты нақты қай салаларда жұмыс орындары қысқаруы мүмкін екенін анықтаймыз.
Бұл талдау халықты жұмыспен қамту бойынша тиімді стратегия қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қолдау саласында әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін қызметтердің сапасын қайта қарау қажет. Сондықтан әлеуметтік төлемдер мен қызметтерді толық цифрландыру жалғасады. Біздің басты міндет — Президент тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау. Бұл үшін ведомстволар арасындағы өзара байланысты күшейтіп, өңірлік әкімдіктермен, депутаттармен, сарапшылармен және қоғам өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу маңызды. Сондықтан халықтың өзекті мәселелерін шешу үшін жұдырықтай жұмылып, ашық әрі бірлесе жұмыс істейміз деп сенемін,-деді министр Аида Балаева.