Қазақстан Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ басшылығымен кездесулер өткізді

Тараптар тұрақты диалогты қолдауға және ЕҚЫҰ күн тәртібінің басым бағыттары бойынша серіктестікті дамытуға дайындықты растады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ЕҚЫҰ негізгі институттарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазақстан СІМ басшысы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоглумен, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДИАҚБ) директоры Мария Телалианмен, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Ян Братумен, сондай-ақ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Кристофор Камппен кездесті.

ЕҚЫҰ Бас хатшысымен келіссөздер барысында Е.Көшербаев Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығының стратегиялық сипатын атап өтіп, ЕҚЫҰ шеңберінде жан-жақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясаты басымдықтарының бірі екенін айтты.

Тараптар ЕҚЫҰ-ның саяси-әскери, экономика-экологиялық және гуманитарлық өлшемдері шеңберінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту, практикалық өзара іс-қимылды кеңейту және бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары К.Камппен кездесу барысында Министр этникалық әртүрлілік мәселелерін қозғап, Қазақстанның этносаралық үйлесімділікті қамтамасыз етудегі бірегей тәжірибесін атап өтті.

«Біз әртүрлі қоғам – бұл күш деген көзқарасты қолдаймыз. Қазақстан түрлі қауымдастықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің және этносаралық ынтымақтастығының айқын үлгісі. Көптеген жағдайларда этникалық әртүрлілік қауіп факторы ретінде қарастырылса, біз үшін бұл ұлттық қазына және стратегиялық артықшылық», – деп мәлімдеді ол.

М.Телалиан және Я.Братумен келіссөздер барысында демократиялық даму, құқық үстемдігі, БАҚ бостандығы, адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелері талқыланды.

Өз тарапынан ЕҚЫҰ өкілдері Қазақстанның сындарлы рөлін жоғары бағалап, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде адам құқықтарының, медиа бостандығының өзекті мәселелері және инклюзивті қоғамдық процестерді қамтамасыз етуге қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар тұрақты диалогты қолдауға және ЕҚЫҰ күн тәртібінің басым бағыттары бойынша серіктестікті дамытуға дайындықтарын растады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.