Кинодан түскен табыс 43,9 миллиард теңгеге жетті

Мәдениет – тек құндылық емес, дұрыс саясат жүргізілген жағдайда елдің бәсекеге қабілетті экономикалық капиталы.

Мәдениет пен креативті индустрия бүгінде тек рухани саланың шеңберінде қалмай, нақты экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарын қалыптастыратын бағытқа айналып келеді. Қазақстанда қабылданып жатқан салықтық ынталандырулар, инфрақұрылымдық жобалар және кино мен баспа саласын қолдауға арналған тетіктер осы сектордың нарықтық әлеуетін күшейтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Нарыққа жол ашқан инфрақұрылым

Креативті индустрияны дамыту үшін 17 өңірде 18 креативті орталық ашылып, салықтық жеңілдіктер енгізілді. Сонымен қатар білім беру бағдарламалары, акселераторлар және халықаралық тағылымдамалар іске қосылды. Бұл – жас таланттарға ғана мүмкіндік емес, шағын бизнес пен стартаптарға тұрақты экожүйе қалыптастырудың тиімді құралы. Өйткені креативті өнім жасау үшін орта, құрал және нарыққа шығу жолдары қажет.

Жаңа Салық кодексінде ұлттық кино өндірушілерін корпоративтік табыс салығынан босату, фильмдерді прокатқа шығарушыларға ҚҚС бойынша жеңілдіктер қарастыру, сондай-ақ баспа журналистикасы үшін төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесін (10%) белгілеу көзделген.

Мұндай шешімдер өндіріс шығынын қысқартып, салаға инвестиция тартуға және ішкі нарықтағы бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді.

Қолдау шараларының нәтижесінде Қазақстан креативті тауарлар мен қызметтер бойынша WIPO рейтингінде 93-орыннан 65-орынға көтерілді. Фильм өндіру бағыты бойынша да көрсеткіш 60-орыннан 31-орынға жақсарды. Ең маңыздысы – креативті индустрия субъектілерінің саны бір жылда 17%-ға өсіп, 7 103 бірлікке көбейіп, жалпы саны 46 667-ге жетті. Бұл – нарықтың кеңейіп жатқанын және кәсіпкерлердің осы салаға деген сенімі артқанын білдіреді.

Экономикалық зерттеулер институты Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығының аға сарапшысы Жанерке Рахманның айтуынша, кино өндірісі көптеген елдің ішкі жалпы өніміне елеулі ықпал ететін экономикалық секторға айналып отыр. 

«2023 жылы ел экономикасы жалпы кинокөрсетілімдерден 26,9 млрд теңге табыс тапты. 2024 жылы бұл көрсеткіш 43,9 млрд теңгеге жетіп, айтарлықтай өсім байқалды. Оның ішінде шамамен 24,2 млрд теңге шетелдік туындыларға тиесілі болса, 17,5 млрд теңге отандық фильмдердің еншісінде. Толық метражды фильмдер бойынша табыстың негізгі бөлігі Алматы қаласында тіркелген (15,8 млрд теңге). Бұл Алматының Қазақстандағы кино өндірісі мен кино нарығының маңызды орталығы екенін айқындай түседі. Сонымен қатар бірлескен және шетелдік өндірістер де елеулі нәтиже көрсетіп, 974 млн теңге табыс әкелген. Ал мемлекеттік сектордың табысы 150 млн теңгені құрап, нарықтағы негізгі қаржы айналымы көбіне жеке және коммерциялық бағыттағы өндірістерге тиесілі екенін аңғартады», - дейді сарапшы. 

Экспортқа бағытталған жоспар

21 шілдеде креативті индустрияларды қолдау бойынша корпоративтік қор тіркелді. Қор таланттарды іздеу, жобаларды акселерациялау мен инкубациялау, девелопмент, инфрақұрылым және экспортқа жәрдемдесу бағыттарында жұмыс істемек.

Яғни креатив енді тек ішкі мәдени қажеттілік емес, сыртқы нарыққа шығатын экономикалық өнім ретінде қарастырыла бастады.

Алдағы кезеңге қойылған мақсаттар да саланың нақты экономикалық әлеуетін көрсетеді: креативті индустриялардың ЖІӨ-дегі үлесін 2%-ға дейін арттыру, экспортты 115 млн АҚШ долларына жеткізу, субъектілер санын 60 мыңға, жұмыспен қамтылғандар санын 180 мың адамға дейін көбейту жоспарланған.

Бұл көрсеткіштер креативті экономиканың еңбек нарығына да, бюджеттік кіріске де ықпал ететінін аңғартады.

«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңның қабылдануы тарихи-мәдени туризмді күшейтетін маңызды қадам. Мәдени мұраға сүйенген қала экономикасы қызмет көрсету, қонақүй, ішкі туризм және шағын сауда секторына тікелей серпін береді.

2025 жылғы 23 сәуірде алғаш енгізілген «Ұлттық кітап күні», 118 кітап атауын шығару жоспары, музейлерге «Ұлттық» мәртебесінің берілуі де мәдени нарықты кеңейтіп, баспа, авторлық құқық, контент өндірісі салаларын алға жылжытады.

Заңнамалық деңгейде киноны мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30%-ын «Қазақфильмге» бағыттайтын тетіктің енгізілуі киностудияның тұрақты дамуына жол ашады.

2024 жылы кірістер мен әкімшілік шығыстарды оңтайландыру нәтижесінде «Қазақфильмнің» ұзақ жылдан кейін өзін-өзі қаржыландыратын ұйымға айналуы – мәдени менеджменттің тиімділігін көрсететін нақты мысал.

2025 жылға жарияланған конкурста 16 жаңа кино жоба іріктелді. Жыл басынан бері 9 ұлттық фильм прокатқа шықты, жыл соңына дейін тағы 3 фильм жоспарланып отыр. Бұл – киноконтенттің ішкі нарықта да, экспорт бағытында да әлеуеті бар екенін аңғартады.

«Беташар» дәстүрінің ЮНЕСКО тізіміне енуі – мәдени жетістік қана емес, халықаралық деңгейдегі ел имиджін күшейтетін фактор. Мұндай танылу Қазақстанның туристік тартымдылығын арттырып, ұлттық контенттің жаһандық нарыққа шығуына қосымша мүмкіндік береді.

Креативті индустрия мен мәдениет саласына жасалып жатқан жүйелі қолдау Қазақстанда жаңа экономикалық бағыт қалыптастырып отыр. Инфрақұрылымдық орталықтар, салықтық жеңілдіктер, кино өндірісін институционалдық қолдау және экспортқа бағдарланған қор – бәрі де креативті экономиканы нақты табыс пен жұмыс орнына айналдыруға бағытталған.

Демек мәдениет – тек құндылық емес, дұрыс саясат жүргізілген жағдайда елдің бәсекеге қабілетті экономикалық капиталы.