Дәулет Тұрлыханов Қазақстан күрес федерациясының президенті қызметінен кеткенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Бүгін мен Қазақстан күрес федерациясының президенті қызметін аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл сәтті мен терең алғыс сезімімен және ішкі тыныштықпен қабылдаймын. Өзінің жүрегін Қазақстан күресін дамытуға арнап, соңғы 4 жылда бірге еңбек еткен әрбір жанға – бапкерлерге, спортшыларға, өңірлік федерацияларға, төрешілерге, дәрігерлерге, массажистерге, серіктестерімізге және күн сайын табанды еңбек еткен барлық азаматтарға шынайы алғыс айтқым келеді», - деп жазды Дәулет Тұрлыханов әлеуметтік желіде.
Сонымен қатар жаңа президентке және федерация ұжымына сәттілік тіледі.
«Менің басшылығым кезеңінде еліміз мақтан тұтарлық нәтижелерге қол жеткізді. Біз үлкен жолды бірге жүріп өттік, қазақ күресінің халықаралық аренадағы беделін нығайттық, ірі халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде өткіздік және жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер аштық. Осы тарихи кезеңнің бір бөлігі болу – мен үшін үлкен құрмет. Бірақ спорт тек сабақтастық пен алға жылжу бар жерде дамиды. Жаңа команда жаңа көзқарас, тың идеялар және біздің сүйікті спортымызды дамытуға тың серпін әкелетініне шын жүректен сенемін. Жаңа президентке және федерация ұжымына зор табыс тілеймін», - деді ол.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.