Депутаттар қолданыстағы Салық кодексіне коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарайды. Заң жобасын депутаттар электр және жылу энергиясын, сондай-ақ суды бір мезгілде өндіретін ұйымдарға берілетін мемлекеттік субсидияларды толық пайдалану мақсатымен әзірледі.
Құжатта салық салудың құқықтық негізі белгіленеді және стратегиялық нысанның пайда салығын төмендету көзделген. Нысан – Ақтау қаласын, жақын маңдағы ауылдарды және аймақтағы өнеркәсіптік кәсіпорындарды электр энергиясымен, жылумен, техникалық және ауызсумен қамтамасыз ететін Маңғыстау облысындағы көпсалалы кәсіпорын.
Мәжіліс депутаттары бастамашы болған күзет қызметі мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қарау ұсынылып отыр. Заң жобасы күзет қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру рәсімдерін жетілдіруге, сондай-ақ қару иелері мен күзет қызметтерін ұсынатын ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар жалпы отырыста 2024 жылдың 29 қазанында Ұлан-Батырда қол қойылған Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы ратификациялық келісім қаралады. Құжат екі ел азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге, соның ішінде басқа елдің аумағына көшу кезінде қосымша мүмкіндіктер беруге, атап айтқанда, зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс тәжірибесін ескеруге және қосуға бағытталған.