Айдос Сарымның төрағалығымен өткен жиынға Мәжіліс депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері, «Отбасы банкі» АҚ басшылары, салалық қауымдастықтар жетекшілері мен сарапшылар қатысты.
Отырыста Айдос Сарым тұрғын үй саласының ауқымы кең екенін, ол жаңғыртуды қажет ететінін атап өтті. Кейбір санатқа жататын азаматтарға баспана бөлу, тұрғын үйді жалға алуды және жалға алушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ үлескерлердің, құрылыс салушылардың және тұрғын үй қорын басқару мәселелері бар екенін айтты. Қоғамдық палата төрағасы әріптестерін қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге, тұрғын үй саласындағы жүйелі құқықтық мәселелерді шешу жөнінде нақты ұсыныстар енгізуге шақырды.
Отырыста баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов 2023-2024 жылдары елімізде 36,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, сөйтіп Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау жоспары 6,1 млн шаршы метрге асыра орындалғанын жеткізді.
Қоғамдық палатаның мүшесі, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ президенті Зәуреш Батталова салалық заңнаманы жетілдіруге қатысты өз ұстанымын білдірді. Ол қазіргі заңнамада базалық ұғымдар айқындалмаған, баспаналы болу құқын іске асыру тетіктері жеткіліксіз, ал тиісті ведомстволардың жұмысында өзара үйлесім жоқ деп санайды.
Отырыста «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баяндама жасады. Ол саланы реформалауға қатысты енгізілген түзетулер аясында Қазақстанда қалыптасқан тұрғын үй саясатын іске асырудың қазіргі жай-күйі мен проблемалық аспектілерін атап өтті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің өтініші негізінде тұжырымдалған бірқатар ұсынысты ортаға салды.
Отырыста экономист, DESHT зерттеу орталығының басшысы Қуаныш Жайықов, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, сондай-ақ Қоғамдық палатаның өзге де мүшелері мен отырысқа қатысушылар тұрғын үй заңнамасын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.